Ортамыз оймен толыссын
Халық. Жер. Тіл. Адам адам болып, жер жер болып жаратылғалы көн сауыты көнергенімен, көлемі тозбаған қарт тарихтың тірлігі – аталған үш ұғым, үш категорияның бірлігі жолындағы бітіспес күрес, шегінбес шайқас үстінде өтіп келеді екен. Өйткені, жер – тіршіліктің тірегі, тіл – түсіністік құралы. Ұлт – осы екеуінің ұжымын ұйыстыратын ұлы ұстыны. Бұл үшеуінің бірінсіз бірінің күні жоқ. Мейлі, мал шаруашылығымен айналыссын, мейлі, егіншілікпен шұғылдансын, тіпті, қала салып, қалаулы кәсіптің пұшпағын илесін пенде баласының жерсіз ісі ілгері басқан емес. Содан да болар, төрт түліктің сүмесімен сүбелі өмір кешкен бабаларымыз тіршілік тірегі жерді қасиет санап, қарыс сүйемін қастасына қалдырмай, қасық қаны қалғанша қаржасқан. Сөйтіп, атақоныстың амандығын, ана тіліміздің тұтастығын арттағы ұрпаққа аманат еткен.
Енді, міне, Алла оңғарып, ақжарылқап заман туды. Егемендік алып, елдіктің туын тіктік. Үлкен орталықтың ықпалынан шығып, оңаша отау тіккенімізге де отыз жылдың жүзі болып қалыпты. Әрине, тараптарға танылдық, табан тіреп нығайдық. Сонымен қоса, жаңа қоғам орнатудың жаңылыссыз болмайтынын да сезіндік. Жаңа формацияға өтудегі тәжірибесіздік салдарынан біз жер мәселесін әлі де түбегейлі шеше алмай келеміз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев басқаратын Қоғамдық кеңес аталған проблеманы шешуде қолайлы климат жасап отыр. Бірақ, әлі де түбегейлі шешім қабылданып, мәселені мемлекеттік мүдде тұрғысынан шешетін заң қабылдана қойған жоқ…
Бізде Қазақстанның жерін қисапсыз кең санап, оны есепсіз пайдалана беруге болады деген ұшқары түсінік қалыптасқан. Тарихтың тозаң тұтқан парақтарын ақтарсаңыз, қазақ жерінің қазіргіден де байтақ болғанын бағамдар едіңіз. Сонда да иесіз қалмап еді ғой. Бүгін бізге кең болып отырған жер, ата-бабаларымыз үшін әсте кең болмаған. Олар ұшықиырсыз ұлан даласын жер қайысқан малымен игерген. Олар «бос жатқан жердің жау шақыратынын» жақсы білген. Сондықтан, жалпақ жатқан жерінің жапсарын жауып, іргесін бекітудің амалын бейбіт тірлігімен де, бел шешпей ат үстінде өткен адуын жауынгерлігімен де ойластырып отырған. Аты алты Алашқа мәшһүр Құнанбай мырзадан «жан өседі, мал өседі, жер өспейді» деген аталы сөз қалған ғой. Осыны біздің де ескергеніміз мақұл.
Қазақта «ауруын жасырған өледі» деген мәтел бар. Мұны «кемшілігін жасырғанның кетігі толмайды», – деп құлпыртсақ та болар еді. Айтпағымыз – мемлекеттік тілдің жайы. Айта-айта ажары тозған мәселе. Бірақ, жылы жауып қоюға тағы болмайды. Бір жақсысы – мұнда мәселе айқын. Жоғарыдағылар да, төмендегілер де тілдің дамуын қолдайды, қуаттайды. Бірақ, даму доңғалағын құнтсыздықтың құмы қауып қалған сияқты. Ұмтылып барып, бір орнында айнала береді. Кезінде Eлбасымыз «төмендегілерге» бір-біріңмен қазақша сөйлесіңдер, – деген еді. Өте орынды ұсыныс. Біздің қосарымыз – енді «жоғарыдағылар» да бір-бірімен қазақша сөйлессе екен, – деген тілек. Бәлкім, осыған ресми қуат беретін арнайы заң қабылдау да керек шығар. Қалай еткенде де, егемендігімізге отыз жыл толғалы тұрған қарсаңда мемлекеттік тілдің тынысын кеңейтіп, оның қоғам өмірінің барлық саласында қолданыла бастауына алғышарт болатын бір бастамаларға барғанымыз жөн-ақ болар еді.
Халық. Жер. Тіл. Мемлекеттігіміздің негізі саналатын осы үш категорияның басын баурап, берекесін нығайтпайынша, замана көшіне ілесу қиын. Бұған жаңа Қазақстанды Отаны санайтын барша азамат атсалысса игі.
Әрине, тезистік тұрғыдағы екі ауыз сөзбен қоғамдағы ең үлкен Тіл мен Жер секілді екі мәселені шешіп тастауға болмас. Бірақ, қашан сырқауымыз сауығып, кемшілігіміз түзеліп кеткенше, үзбей ой бөлісіп, пікір алысып отыру – баршамызға парыз. Ендеше, ортамыз оймен толыссын, ағайын!
Ілияс МҰҚАЙ,
«Ortalyq Qazaqstan» газеті Бас редакторының орынбасары.