Президент тапсырмасын орындай отырып...

САЯҚ ЖАТҚАН САЯҚ шалғайдағы кентте жұрт сүйсінген шаруа көп

Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Парламент отырысындағы сөзінде алдағы уақытта назар аударылатын өзекті мәселелерге тоқталып, оларды шешуге міндетті жауапты Үкіметке нақты тапсырма берді. Әсіресе, ауылдық елді мекендерге жайлы жол, ұялы байланыс пен интернет, заманауи білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандары қажет екеніне назар аударды. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін атқарылуы тиіс жұмыстарды қадап айтты.

Осы орайда біз бүгінгі ауылдың жағдайын білмекке Балқаш қаласынан 160 шақырым жердегі Саяқ кентіне бардық.

Саумалмен сауықтырған

Қарсы алған Саяқ кентінің әкімі Асқар Төлегенұлы кенттің қазіргі тынысымен таныстырды.

Сапар барысында кенттің келбетін көріп, экономикалық қуатына көз жеткіздік. Онда атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысып, кенттің бүгінгі хал-ахуалын бағамдадық.

Алдымен сапарымызды кентке 15 шақырым жерде орналасқан шаруа қожалықтарының жұмысымен танысудан бастадық. Өйткені, ауыл шаруашылығы – экономиканың негізгі тірегі. Бұл сала мемлекет қолдауынан кенже қалып жатқан жоқ. Қазір еңбек еткен адам шаруашылығын бастап, мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсібін дөңгелете алады. Бұдан бөлек, ата кәсіпті жалғастырып, төрт түлікті өргізген, шаруасы шалқыған шаруа қожалықтары аз емес. Біз сапар барысында «Қазына» шаруа қожалығының жетекшісі Ұлт Қанағаттың қыстауына аттың басын бұрдық.

«Қазына» – өңірдегі ірі шаруашылықтың бірі. Бұл шаруашылықтың негізгі кәсібі – Зеңгі баба мен Қамбар ата төлін өсіру. Бүгінде «Қазына» шаруашылығында 150 асыл тұқымды сиыр және 80 жылқысы бар. Шаруашылық жұмысын дөңгелету үшін мемлекеттен қаржылай қолдау көріп отыр.

Мен шаруашылығымды 2015 жылы 20 сиырмен бастадым. Қазір бұзаулайтын 100 сиыр бар. Мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау бағыттары бойынша көмек алып отырмыз. Сиырдың сүті, айраны мен және етімен қамтамасыз етеміз. Жұбайым Қазира Жанатқызы жаз айларында 20 биені жалғыз өзі сауып, күніне 50 литр қымыз әзірлейді. Көмекші туған інім бар. «Малдың жайын баққан білер» демекші, мал өсірген соң, оның қыстық жем-шөбін дайындауға техникаң болмаса, тағы қиын. 6 пайыз жеңілдікпен лизингке «МТЗ» тракторын керек-жабдығымен 6 млн. теңгеге алдым, – дейді Ұлт Қанағат.

Ұлт ағамыздың айтуынша, індетке шалдыққандарға күніне 40 литр саумал тасымалдап, аурудан айығып кетуіне көмектескен көрінеді.

Алты биеден – алты үйір жылқы

Бұдан кейін көрші «Тұлпар» шаруа қожалығының жетекшісі Марат Тойшыбековтің қыстауына бардық. 2012 жылы іргесі қаланған шаруашылық ең бірінші алты бие сатып алып, кәсібін бастаған. Бүгінде сол алты биенің тұқымы алты үйір жылқыға айналған. Одан бөлек, асыл тұқымды жүз сиыр бағып отыр. Бір қызығы шаруашылық бүгінде ет өнімін базар бағасынан төмен бағамен өз сауда нүктелерінде сатады. Жылына 50 тонна ет өндіретін қожалық дайын өнім өндіруді де қолға алмақ.

Мал шаруашылығы – қазақтың ата кәсібі. Шаруа қожалығымыздың өнімін кент халқынан бөлек, өзге өңірлер де пайдаланады. Себебі, «Тұлпар» өнімі базар бағамынан әлдеқайда төмен. Тапсырыс бергендерге сиыр етін 1800 теңгеден, жылқы етін 2000 теңгеден сатамыз. Бұл шаруашылықты марқұм әкеміз ашқан болатын. Енді, міне, ет, сүтпен қамтамасыз ететін, ел игілігіне қызмет жасайтын шаруашылыққа айналып отыр, – дейді Марат Тойшыбеков.

Бүгінде әке бастаған жұмысты балалары жалғастырып жүр. Биылғы жылы 6 пайыз жеңілдікпен лизингке «МТЗ-82» тракторын және қосымша шөп шабатын құралдарын 9 млн. теңгеге сатып алыпты. Шаруа қожалығы мемлекет қолдауы негізінде өрісін әрі қарай кеңейте түспек. Өйткені, қолдау барда – өркендеу бар.

Жарқыраған көше, жасанған үй

Кент көшелері қажетті жарық көздерімен толық қамтамасыз етілген. Айта кетерлігі, барлық аулаларға жарықдиодты шамдар орнатылған. Бұлар бұрынғыларға қарағанда электр энергиясына үнем. Бұрын тұрғындар «кешкі уақытта серуендеуге қорқамыз» десе, қазір бала-шағамен емін-еркін қыдыруға толық мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ, жаңадан салынған ойын алаңқайлары мен футбол алаңына ауладағы үйлердің бүлдіршіндері мен спортқа әуес балалары көптеп жиналады екен. Енді, мұнда кент жастары да, жасамыс тұрғындары да ертеден кешкі тоғызға дейін спортпен тегін шұғылданып, бос уақыттарын мәнді өткізе алмақ. Кіші саябақтың жөндеу жұмысына 32 млн. теңге, бір ойын алаңын салуға 21 млн. теңге, екінші алаңға 17 млн. 450 мың теңге жұмсалған.

– Балқаш қаласының әкімдігі мен Саяқ кентінің әкімдігінің өкілдері бізге, балаларға ыңғайлы болсын деп осындай жағдай туғызып отыр. Бұрын мына алаң салынған жердің ми-батпағы шығып жататын. 2015 жылы тұрғындар жиналып алаңды жөндеген едік. Бүгінде әкіміміз біздің тілегімізді орындап, балаларға тамаша алаң салдырып берді. Шамдар өте ыңғайлы болды. Балалармен кешке шыққанда қандай керемет. Қауіпсіздік біз үшін басты нәрсе, – дейді кент тұрғыны Роза Әбілқасымқызы.

Саяқтағы көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеу мәселесі көп жылдардан бері күн тәртібінен түспей келді. Шатырдан су ағып, жертөлелер істен шығып, жергілікті жұртшылықтың жүйкесін жұқартқаны жасырын емес. Кейінгі жылдары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бағдарламалар арқылы жөндеу жұмыстары қолға алынған. Мәселен, Вокзал көшесіндегі №№54, 56, үйлерді шатырлау жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, қазіргі таңда көпқабатты үйлердің өзін-өзі басқару жобасы жүзеге асырылуда. Әр көпқабатты үйдің тұрғындары үй иелерінің бірлестігін құрып, төрағасын сайлай отырып, үйлерінің жертөлелерін жөндеуге кіріскен. Бүгінде Вокзал көшесіндегі №№54, 56, 58 үйлер мен Вензельная көшесіндегі №2 үйдің жертөлесі тазаланып, жөндеуден өткен. Сондай-ақ, аумағы абаттандырылып, балалар алаңы салынған.

Әлеуетті әлеуметтік нысандар

Қос тілде білім беретін №6 мектепке бас сұқтық. Аталмыш мектептің директоры Меруерт Жұмашеваның айтуынша, мұнда 44 мұғалім қызмет жасайды екен. Оқушы саны – 404, ал, тәрбиеленуші 28 бала бар көрінеді. Үш қабатты мектептің дәліздері заманға сай жаңартылып, мәдени шара өткізуге ыңғайлы етіп жасалған. Бірқатар кабинетке интерактивті тақта орнатылған. Сонымен қатар, химия, физика кабинеттеріне жаңа жабдықтар алынған. Интернет жүйесімен толықтай қамтамасыз етілген. Мектепте ашылған музей өңірдің тарихын қамтитын жәдігерлермен толыққан. 2019 жылы білім ұясының терезесі мен шатыры ауыстырылған.

Педагогтер құрамы да тәжірибелі ұстаздардан және жалындаған жастардан құралған екен. 6-9-сыныптарға сабақ беріп келе жатқан ұстаз Еркін Қасымұлының отыз жылдық еңбек өтілі бар.

Мектептен кейін «Балдәурен» балабақшасын аралап көрдік. Атаулы балабақшада бүгінде 76 бала тәрбиеленуде. Балаларды оқыту-тәрбиелеу үрдісін ұйымдастыру бойынша жұмыстарына тоқталған «Балдәурен» балабақшасының директоры Гүлмайра Жүнісова 2018-2019 жылдары нысанға күрделі жөндеу жұмысы жүргізілгендігін атап өтті.

– Балабақшаға індетке байланысты әзірге 46 бала келіп жүр. 5 топтың 3-еуі қазақ, 2-еуі орыс топтары. 9 білікті тәрбиешіміз бар. Санитарлық талаптардың барлығы сақталған. Керек-жабдықтардың барлығы жаңартылған. Жөндеу жұмысы барысында электр жүйелері, шатыры, терезе және асхана пештері ауыстырылды. Балалар үшін барлық мүмкіндік жасалған, – дейді Гүлмайра Жүнісова.

Жөндеу жұмысы жүргізілген Саяқ емханасына да бардық. Дәрігердің кезегін күткендердің қарасы қалың. Тұрғындардың өтініші бойынша емханада күндізгі стационар жұмыс істеп тұр. Бас дәрігері Ләйла Амантайқызының мәлімдеуінше, күндізгі стационарға 13 төсек қойылған. Жалпы емханада 20 адам еңбек етуде. Екі дәрігер, үш медбикеден бөлек, №1 емхананың директоры Серікбол Түсіпбековтің бастамасымен қаладан дәрігерлер келіп тұрады екен. Пандемия кезінде де, Ләйла Амантайқызы, Гүлбаршын Әділбекқызы бастаған дәрігерлер және медбикелер жұдырықтай жұмылып еңбек еткен. Індетке қарсы іс -шаралар жүзеге асуда. Бүгінде Саяқ кентінде 1030 адам вакциналанған. Жақында №1 емхана басшысы зертханалық зерттеуге қан және зәрді талдаудан өткізетін аппараттарды орнатып беріпті. Енді, талдау емшаралары үшін қалаға барудың қажеті жоқ.

Сонымен қатар, тіс емдеу кабинеті де тұрақты жұмысын жалғастыруда. 2014 жылдан бері саяқтықтар тіс емдету, тісті протездеу үшін басқа қалалардың көмегіне жүгінбейді. Мұнда мықты тіс дәрігері Болат Жармағанбетов еңбек етуде. 1-18 жас аралығындағы балалар үшін тіс және тіс қатпарында пайда болған ауытқулардың алдын алу, емдеу тегін.

Биылғы жылы ашылған спорт залына да аялдадық. Бұл жерде грек-рим күресінен және гимнастика секілді спорт түрлерімен бір мезетте 30 адам жаттығуға болады. Аумағы – 279 шаршы метр. Біз барғанда 20-ға жуық бала жаттығу жасап жатты. Балалардың қуанышында шек жоқ.

– Шәкірттерімнің арасында республикалық, облыстық, қалалық жарыстың жеңімпаздары бар. 2019 жылы қазақтың балуаны Болат Тұрлыхановтың кубогын жеңіп алдық. Семей қаласында өткен турнирде шәкірттерім топ жарды. Әзірге, 33 бала жаттығады. Болашақта мықты шәкірттерімнің қазақтың Көк Туын желбірететіндігіне сенімдімін, – дейді грек-рим күресінен жаттықтырушы Айдос Берікжанұлы.

Сапар барысында Саяқтың Кеншілер мәдениет үйіне де барып, бүгінгі тынысын білдік. Мәдениет үйі мәдени-рухани кемелденетін және жастарымыздың бос уақытын тиімді өткізетін бірден бір орынға айналған. Ескі үлгіде салынған ғимарат болғандықтан қазіргі заман талабына сай жөндеу барысында үлкен концерттік залдың акустикасын жаңартып, сахнаны қайта құрған. Көрерменге арналған 300 орындық орнатылған. Би, ән мен күй бөлмелері керек жабдықтармен жабдықталған. Бүгінде 21 адам еңбек етуде.

Атқарылар шаруа аз емес

Байқағанымыздай кент әкімі Асқар Төлегенұлының атқарған жұмысы аз емес. Атқарылуға тиіс іс те жетіп-артылады. Мұны кенттің ақсақалдары да айтты.

– Кент көркейе береді. Бір-екі күнде немесе бір-екі айда шешілетін мәселе жоқ. Жоспарлы түрде, жасақталған жобалық-сметалық құжаттар негізінде атқарылады. Ауылішілік жолдарды жөндеуге, абаттандыруға, бұзылған үйлерді қалпына келтіруге көлемді қаржы қарастырылып жатыр. Сондықтан, бұл жұмыстар жүйеленетін болады, – деді Саяқ кентінің әкімі Асқар Ботаханов.

СУРЕТТЕРДЕ: 1. «Қазына» шаруа қожалығының басшысы Ұлт ҚАНАҒАТ.

2. Кентте ойын алаңы көптеп салынуда.

3. Отыз жылдық еңбек өтілі бар ұстаз Еркін ҚАСЫМҰЛЫ оқушылармен бірге.

Нұрдос КӘРІМ. 

Суреттерді түсірген автор.

Басқа материалдар

Back to top button