Қарағанды облысында COVID-19 симптомсыз тасымалдаушыларын қалай бақылайды

Қарағанды емханаларының басшылары COVID-19 індетін симптомсыз тасымалдаушылар қалай бақыланатыны және жұқтырғандар қандай көрсеткіштері бойынша ауруханаға жатқызылатыны туралы онлайн режимінде өткен баспасөз мәслихатында айтып берді.

Қазақстанда 10 маусымда коронавирустық инфекциямен ауырған адамдарды емдеу хаттамалары мен есептеу жүйесі өзгертілді. Енді симптомсыз вирус тасымалдаушылар ресми мәліметтерге кірмейді және олар ауруханаға жатқызылмайды. Бұл госпитальдар мен стационар дәрігерлерінің жүктемесін төмендетуге көмектеседі. Ағзасында анықталған вирус еш белгісіз өтіп жатқан адамдарды емханалардың дәрігерлері бақылайды.

— Симптомсыз науқастар COVID-19-ға ПТР-тестілеу жасау кезінде анықталады. Міндетті түрде жүкті әйелдерді, созылмалы жүрек-қан тамырлары аурулары бар пациенттер, қант диабетімен және тыныс алу жүйесінің ауруларымен ауыратын адамдарды тексереді. Сондай-ақ, тесттерді бұрын жұқтырғандармен жақын қарым-қатынаста болған адамдарға өткізеді, — деп түсіндірді Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гамаль Тоқсамбаев.

Егер ПТР-талдау оң нәтиже көрсетсе, бірақ симптомдар болмаса немесе олар әлсіз болса, онда пациентті үй карантиніне орналастырып, емханалардың бақылауына алады.

— Біз КВИ бар симптомсыз науқастарды бақылайтын арнайы бөлім құрдық. Оларға дәрігерлер немесе орта медициналық қызметкерлер қоңырау шалады. Кіммен қашан әңгіме жүргізілгені туралы, кімге дәрігердің көмегі керек екенін біліп отыру үшін пациенттер күн сайын бірнеше топқа бөлінеді, — дейді «Қарағанды қаласының №3 емханасы» КМК директоры Сәния Боранқұлова.

Кейбір пациенттерге қанның оттегімен қанығу деңгейін бақылайтын арнайы құралдар  — пульсоксиметрлер уақытша пайдалануға тегін беріледі.

— Оларды қарт адамдар, жүрек-қантамыр жүйесі, бүйрек, тыныс алу жүйесі, қант диабеті және басқа да созылмалы аурулары бар науқастар алады. Біз пациенттерге аталмыш құралды дұрыс пайдалануды үйретеміз, қандай көрсеткішпен бірден дәрігерді шақыру керектігін түсіндіреміз, — деді Қарағанды №1 көпсалалы ауруханасы директорының орынбасары Радмила Габдракипова.

COVID-19 симптомсыз тасушылар үй карантинінде 14 күн өткізеді. Кейін қайтадан ПТР-талдау алынады. Егер ол теріс болса, науқас қалпына келді деп саналады. Егер тест қанда вирустың болуын растаса, онда адам әрі қарай да дәрігерлердің бақылауында болады.

Симптомсыз вирус тасымалдаушыларды, егер олармен бірге зейнеткерлер, жүкті әйелдер немесе балалар тұратын болса, емдеуге жатқызуы мүмкін. Мұндай пациенттер үшін арнайы «Турист» және «Меридиан» Қонақ үйлері қайта жабдықталды.