Руханият

Едірей биіктері

Едірей биіктері
Фото: ашық дереккөз

Әңгіменің тоқетерін бастауыма себеп болған қаламына қанат біткен құрдасым, драматург, жазушы замандасым Ермек Балташұлының әңгімесі еді.

– Мәке, Едірей жақты аралап, табиғатын тамашалап қайтайық, сан рет естігеніңізбен көзбен көргендей болмайды, Мәди атамыз ат жалын тартып мінген бозбала шағында бастаңғы жасап, тыныстаған Қара үңгірді, Тәттімбет күйшінің кесенесін, Қазыбек би бабамыздың ордасы тігілген қонысын тамашалаймыз, – деп Ерекең қызықтыра түсті.

Келісім бойынша жиналып, маусымның соңғы сенбісінде, таңғы салқынымен, Ерекең бас болып, Едірей тауларын бетке алып жүріп кеттік. Жанымызда заң саласының үлкен маманы, Жаңаарқа, Қарқаралы, Ақтоғай аудандарында соттың төрағасы болып қызмет жасаған Мәди Жәкешев ініміз бар. Кезінде қазақтың шешендік өнерін зерттеп, соңында аталы сөздер қалдырған дүлдүлдерге лайықты бағасын беріп, кітап қылып жарыққа шығарған ауыз әдебиетін зерттеуші, айтулы ғалым Балтабай Адамбаев ағамыздың осы Мәдидің атасы туралы айтқаны қазірге дейін ел аузында жүр.

Қарқаралы төңірегіне келген бір сапарында: – Мен Мұхтар Әуезов пен Жәкеш ақсақалдай айтқыш, шежірешіл адамды көрмедім, – деген екен. Балтабай ағамыздың осы бір ауыз сөзінде қаншама мән-мағына жатыр десейші, қазыналы қариясы бар елдің тарихы өлмес десек дұрыс болар ма еді. Сол Жәкеш ақсақалдың немересі, абзал азамат Мәди ініміздің бізбен сапарлас болғанын жақсылыққа жорыдық. Жаңаарқадағы аудандық сот мекемесінің алдындағы үш биіміздің ескерткішін, Қаздауысты Қазыбек бабамыздың ата қонысындағы қара гранит тастан жасалған белгіні қоюға қаражат салып, үлкен еңбек сіңіргенін осы сапарда білдім. Ескерткіш қойылған 2018 жылдың жазы жаңбырлы болып, Қазыбек би бабамызға арнайы жасалған ескерткіш тақтаны ел азаматтары Қызылшілік қонысына жеткізе алмай, Едірейдің Қырыққұдық тауының етегіндегі үлкен жақпар тастың біріне орналастырған екен. Осы іске атсалысқан басқа да азаматтарға ризамыз.

Жорғамызды жолға салып, діттеген бағытымызды бетке алдық. Ендігі мақсатымыз – Едірей тауының сыртындағы Арқалық ауылында, бізді күтіп отырған Жанқұтты бауырымыздың үйіне тезірек жету.

Әңгімеге жүйрік азаматтар барда жол да жылдам қысқарады екен. Бүркіттіден өте бере Талды өзенінің жағасындағы, кезінде Орынбай, Балта, Кемпірбайлармен айтысып, шешендігімен танылған Шөже ақын Қаржаубайұлының жерленген жеріне тоқтадық. Ақынға құран бағыштап, Арқалық ауылын бетке алып кете бердік.

Сарыарқаның шығысындағы осынау жон көктем мен жаздың басындағы жаңбырсыздықтан шөліркеп, өсімдік атаулы судан тарығып тұрса да, табиғат жарықтық тау қойнауында өсіп тұрған ағашымен, көкорай шалғын түрлі шөптерімен дала сәнін жүдетер емес. Дегенмен, Балқантаудың қойнауынан созыла шыққан өрт түтіні алыстан көрінсе де көңілді көңілімізді бұзып, жанымызды жабырқатты. Соның алдында тілсіз жаумен күресуге екі тікұшақ келіп, ауыл тұрғындары және қаладан келген жастар бар, көптепкөмектеп өртті өшіріп жатқанын естіген болатынбыз. Өрттің сөнетініне сеніммен қарап, сапарымызды жалғастыра бердік. Бастал аулының жанында ертеден төселген, әр тұсы ойдым-ойдым асфальт жол бітіп, күтімсіз тас жолға да түсіп кеттік. Жолдың нашарлығынан жыл сайын бөлінетін ақша мақсатсыз жұмсалатынын, жол салу сапасының төмендігін, әкім қараларға да өкпеміздің қара қазандай екенін айтып, жол қысқартқан сияқтымыз. Біраз жеңіл машина көтерілген шаңға қарамай, дала жолымен ызғытып барады, қалаулары солай болса керек.

Дала мен жолға көз жүгірте отырып, Арқалықтағы Мағдат ақсақал мен шежіреге жетік ақын апамыз Бәтимаштың үйіне де жеттік. Қаздауысты Қазыбек бабамыздың Түркістан қаласы мен облысындағы іс-шараларға белсене қатысып, ауылдағы игілікті жұмыстардан да шет қалмай, игіліктің басы-қасында жүретін, бізге біраз уақыттан бері таныс Жанқұтты бауырымыз құшақ жая қарсы алды. Қателеспесем, Жанғұтты Мағдат – ақсақалдың қара шаңырағына ие болып отырған кіші ұлы.

Бір байқағанымыз, ауылда тұратын азаматтардың барлығы да мал шаруашылығына қатты көңіл бөледі екен. Себебі, үйге қажетті отын-су, қалада оқитын балалардың киім-кешегі, тамағы, басқа да мұқтаждықтары қолдағы малдың жағдайымен шешіледі. Жанқұттының да Арқалық аулынан қозы көш жерде қыстағы орналасқанын, төрт түлігін өрбітіп, күздігі мен соғымын, жазғы сойысын, қымызы мен сүт-айранын, құрт-майын айырып, Тәттімбет ауыл округіндегі ілгері шаруашылықтардың бірі болып отырғанын білдік.

Едірей тауына іліне бергеннен-ақ, бұл маңның аң-құстың құтты мекені екенін аңғардық. Күнге қыздырынып жатты ма, жоқ жайылып жүрді ме, жоны қоңырқай, үлкен мүйізі жаңа туған айдай иілген арқар үрке қашып, белден асып, тау ішіне сіңіп кете барды.

Жанғұтты күн ыстықта жолаушылар қиналмасын деді ме, тауға жақындағанда қой тастардың арасымен, қиын да болса біраз жоғарылап барып тоқтады. Жаз бойы жаңбыр тамбаған құрғақ даланы аптап ыстық одан сайын қыздырып, биікке көтерілуімізге әжептәуір қиындық туғызды.

Түйеөркешті Қитабан тауының ұшар басына жақын орналасқан үңгірге екі демалып жетуімізге тура келді. Үңгірдің кірер аузы кең екен, арқарлар келіп тыныстайтыны құмалақтары мен іздерінен білініп тұр. Кішіректеу, сопақша келген ауыз арқылы үңгірдің арғы жағындағы екінші жартысына өтуге болады. Түкпірде құдық бар. Арнайы киім болмаған соң үңгірдің түпкі бөлігіне түсіп, зерттеп көруге ыңғайымыз келмеді. Жанқұттының айтуынша, үңгірдің екінші жартысындағы құдықтың түбінде табиғат шебер жасаған кішірек тас қазан орналасыпты. Оның табанында аздаған суы да бар екен. Тас жіберсең қазандағы суға түскен дыбысы шығады. Бір таңқаларлығы, үңгірдің жоғарғы жағы ешқандай саңылауы жоқ тастан болса да, қазан ішіне жиналған су бірде азайып, бірде көбейіп тұрады екен. Жанғұтты бауырымыз қазандағы су қайдан қалай пайда болатыны әлі жұмбақ екенін айтты. Ел арасында «Қазыналы үңгір» деп те аталған осы жерге, аласапыран уақыттары ауқатты адамдар қолдарындағы ең қымбат, қажетті деген байлықтарын тығып сақтаған деген де әңгіме бар.

Едірейдің Қитабан үңгірі орналасқан орталық бөлігінде Қаракесектің Бауыр Бошан ішіндегі Қазымбет ата ұрпақтары қоныстанып, қыс қыстауы ретінде пайдаланған, ұжымдасып өмір сүрген. Кейін осы ұрпақтың жігіттері үңгірдің түкпіріндегі құдықты қазып, біраз күміс бұйымдар тауып алған екен. Көп уақыт өткеннен кейін жоғарыдағы әңгімені естіген Ақселеу Сейдімбек пен Кәрім Сауғабай ағаларымыз осы үңгірге көтеріліп, мұнда қазба жұмыстарын жүргізген жігіттерден қалған жәдігерлерден ешкінің терісінен жасалған екі қапшықты ғана тапса керек.

Ерекеңнің айтып көрсетуімен терістік батысқа мойын бұрғанымызда, Мәди Бәпиұлының тебірене әнге қосқан, өзінің туған жері Үшқарасы, әр жағында Қалмаққырылған аталатын тау жоталары осы биіктіктен мұнартып көрініп тұрды.

Жалпы, Едірей тауларының ұшар басы үшкірленіп біткен және біріне бірі ұқсас.

Тау арасындағы дала жолымен Едірей тауларының орта тұсында орналасқан, қуғын-сүргінге түскен кезде Мәди келіп-кетіп, тыныстап жүретін, көпке белгілі Қараүңгіріне де жеттік. Жол сілтеуші Ермек досымыз Мәди ешқашан үңгірді паналамағанын, ел ішінде еркін жүргенін, тек композитордың өмірінен деректі шығарма жазған Әшімбек Бектасовтың көрсетуі бойынша, бозбала кезінде құрбы-достарымен бірге келіп, бастаңғы жасағанын айтады.

Ерте уақыттары алдындағы бұлақты бойлай өскен қалың ағаштан үңгірдің бар-жоғын байқамай өтіп кетуге болады екен. Қазіргі кезде адамдардың көбірек келуінен бе, әлде үңгірдің алдындағы бұлақтың суы Семей ядролық полигонындағы жарылыстар салдарынан тартылып, ағаштар оталып, оның үстіне аяқ ізі көп тигеннен бе, өсімдіктер азайып, жер тақырланып бара жатқанын байқадық.

Үңгірдің кіре берісі аттылы адам емін-еркін ішіне кіретіндей кең. Жанымдағы азаматтардың айтуынша, өткен ғасырдың сексенінші жылдары аудан басшылары кірер жақ қабырғасын таспен қалатып, темір есік салдырған екен. Алыстан келетін құрметті қонақтарына ерекше күтім жасау үшін, әрине.

Қараүңгірдің оң жақ кіре беріс қабырғасына Мәди атамыздың суреті салынып, өміріне қатысты деректер жазылған, қара граниттен жасалған тақташа жақпар тасқа кіргізіле орнатылып өз орнын тауып тұр.

Бұл іс елдің рухани жаңғыруына жанашыр ауыл азаматтарының еңбегі екенін іштей сезіп, ырзашылықпен түйсініп тұрдық.

Ертеде Егіндібұлақ аупарткомының бірінші хатшысы Ш.Қуанышев облыс басшысы А.Коркин мен Теміртау металлургия заводының бас директоры А.Свечинский сияқты «дөкейлерді» осы жерге келіп күтіп, демалыстарын көңілді өткізіп жүріпті.

Сопақшалау келген Қараүңгір ішіне төрт-бес аттылы адам сиятындай көлемі бар үлкен бөлмеге ұқсайды. Үңгірдің түкпірінде Алланың өзі келтіріп қойғандай шеберлікпен, тамақ істеуге ыңғайлы пеш ретінде пайдалануға келетін тастар орналасыпты. Бір таңқаларлығы, мұнда жаққан оттан шыққан түтін жоғары қарай бойлап, тастар арасындағы саңылауларға сіңіп кете барады екен. Бірақ түтін қайдан шығатынын әлі ешкім білмейтіні табиғаттың таңғажайып жұмбақтарының бірі. Бүгінге дейін Қараүңгірге ел адамдары келіп, тас пешке тамақ істеуді қызықтап, демалуға келіп жүреді екен.

Едірей тауының жықпыл-жықпыл қуысы көп сайларына көз салып, табиғат тамашасын қызықтауымыздың шет-шегі болар емес. Екі таудың арасындағы, бойлай өскен қайың мен терегі аралас қалың ағашты, жолы ирелеңдеген ұзын сайдың ішінен әзірге шығатын түріміз жоқ. Бұл «Есенбай асуы» деп аталатын жер көрінеді. Осы жолдың бойында Семей ядролық полигонындағы жасанды жер сілкіністердің зардабынан тұғырынан құлаған алып тастарды да көрдік. Ерекеңнің айтуынша, бұлағының суы шипа, шөбі шүйгін бұл жер аталарының атақоныс мекені болған екен. Есенбай – бұл кісінің төртінші атасы. Әкесі Балташ оң жақта қалып бара жатқан таудың солтүстік бетіндегі қоныста дүниеге келіпті.

Қалың өскен ағаштардың қатарын тауысып, енді сайдан шыға бергенде үш-төрт автокөлікпен Курчатов пен Семей қалаларынан келіп, ұстаздарымен бірге демалып жатқан мектеп оқушыларын ұшыраттық.

Орманның бауырындағы бұлақтың бойына балалардың демалуына арналған түрлі-түсті шатырлар шашырай орналасқан екен. Орман ішінде сылдырап ағып жатқан бұлақ үні, жерошақта пісіріліп жатқан тағам иісі, тау ішінің мүлгіген табиғаты балалық шақтағы ауылды еске түсіре ме, жан дүниеңе толғаныс әкеліп, ерекше күйге бөленіп қалады екенсің. Осындай толқуда тұрған біздерге жапа тармағай сәлем беріп, «дәм ішіңіздер», «қонақ болыңыздар» деп жік-жапар болып, ықылас-ниеттерін білдіріп жатқан ұстаздар мен балалар қошеметінің ортасында қалдық. Бұл ұстаздар бастаған мектеп оқушылары Едірей тауының көркем жерлеріне келіп, дем алуды әдетке айналдырған екен. Бірақ, дем алушы туристерге арналып «Табиғатты қорғайық!», «Өрттен сақ болайық!», «От шығарып алмайық!» деген тәрізді қандай да бір ескерту мен нұсқаулықты көрмедік.

Мұнда дем алуға келген туристер пайдаланатын әжетхана, қоқыс салатын қорап та көзге шалынбады. Қынжыла-қынжыла, демалып жатқан оқушылар мен педагогтарға өрт қауіпсіздігін сақтап, орындарын жинап, тазалап кетуін ескертіп, алдымызда көрініп тұрған Едірей ауылына көлігімізді бұрдық. Едірей – менімен бірге келе жатқан Мәди бауырымның әкесі мен аталары туып-өскен, құрдасым Ермектің кіндік қаны тамған жер.

Бірінші сәлем бере түскен үйіміз Дәркен ақсақалдың шаңырағы болды. Жеңгеміз қаладағы немерелерінің жанында, ұлы мен келіні жолаушылап кетсе де, ағамыз қымыз тола шараны алдымызға әкеліп, бәйек болып жатыр. Дәркен ағамыздың құйма құлақ зеректігіне, көне әңгімелерді жадына жақсы сақтаған нағыз айтқыш шешендік қасиетіне қатты қызықтым. Бір-екі әңгімесін жазғандай болып едім, өкінішке қарай диктофонға басылмай қалыпты. Реті келіп жатса, Дәркен ағамызбен қайта кездесу бір бақыт болар еді.

Бәйбішесі мен келіні жоқ үйдің шайы дәмсіздеу болады деп ойлады ма, Ерекеңнің тағы бір бауыры, әкесімен қатты сыйлас болған інісі Барахаттың үйіне бастап әкелді.

Барлық қазақ ауылдары сияқты, Едірейдің тұрғындары да төрт түліктің сүмесіне сүйеніп күн көріп отыр. Ауылдағы әр тұрғынның астында қытайдың бір-бір мотоциклі, бабаларымыз ғасырлар бойы үстінен түспеген ат жарықтық ұмыт болып бара жатқандай.

Үкіметтің 1997 жылы жүргізген оңтайластыру саясаты бұл ауылға да әсерін тигізіпті. Үйлердің көбі қаңырап бос қалған, кей үйлердің орны ғана жатыр. Шалғайдағы қай ауылға барсаң да, осы бір келеңсіз көріністер көңіліңе қаяу салады.

Кезінде сүтін тартып, майын шайқап, пима жасайтын цехтары, жанында интернаты бар үлкен тоғызжылдық мектебі, клубы мен кітапханасы болған ауылда аталған құрылыстардың бүгінде біреуі де жоқ.

Дәм піскенше шағын ауылдан шығып, ескі мектептің жұрты жатқан, қашықтығы екі шақырымдай жердегі таңбалы тасты көріп тамашалауға бет алдық.

Таңбалы тастарда кездесетін адам, мал, аң түрлерінің суреттері мұнда да шөккен түйе сияқты жер тасқа қашап салыныпты. Бұларды қай уақытта, кімдер қашап салғаны, әрине, бізге беймәлім, белгісіз. Кешкі ас үстінде әртүрлі әңгіменің өзегі ашылып, өмірден өткен қариялардың қылығын айтып, отырысымыз жараса түскендей.

Жолдан шаршаңқырап отырған едім, Ниқан деген есім аталғанда елең ете қалдым. Қарқаралы, Ақтоғай, Нұра аудандарында әкім болған, облыс деңгейінде абыроймен қызмет атқарған осы азамат туралы жоғарыдағы өңірлердің қайсында жүрсең де тек қана жақсы әңгімелер естисің.

Кезінде Едірей аулына да жоғарғы кернеулі электр қуатын беру тоқтатылғанда ток өтетін бағандары басқа мақсатқа пайдаланылып, алюмин сымдары тоналып, басқа ауылдар сияқты жарықсыз қалған екен. Жолы шалғай болса да, Едірейге жылына екі-үш дүркін келіп, елдің хал-ахуалын біліп, шамасы келгенше көмегін аямаған аудан әкімі Ниқанбай Омархановқа мұндағы ауыл азаматтары дән риза екен.

Жарықсыз, электр қуатынсыз қалған шалғайдағы ауыл проблемасын облыстағы, одан әрі жоғарғы деңгейдегі басшыларға барып, ерінбей жүріп, үлкен мәселе етіп көтерген. Ақыры Ниқан бауырымыз тоғыз үйлі ауылға жоғары кернеулі ток жүретін жерден бері бағаналар орнатқызып, сым тартқызып, жарығын қостырып, осы жердің халқын қуанышқа бөлепті. Ниқан замандасымызға осы халықпен бірге біздің де алғысымыз шексіз.

Қаздауысты Қазыбек бабамыздың сонау Сыр бойынан Ұлытау даласына, одан Шығыс Сарыарқаға келіп, осы Едірей тауының бауырына орналасқан қонысын тамашалауды ертеңгілікке қалдырдық. Өйткені, күн кешкіріп қалған еді.

Таңғы шайдан кейін Ерекең мен Мәди бауырымыздың ата-бабалары жатқан қорымға барып, аруақтарға құран бағыштап, әрі қарай жүріп кеттік. Едірейдің терістік шығысында созылып жатқан жота Керегетас аталады екен. Мұның сыртын би атамыздың тағы бір баласы Базаркелдінің ұрпақтары мекендепті.

Едірейдің күншығыс жағындағы тау беткейі ауылдан шыға жайылған мал көз алдыңда көрініп тұратын табиғаты тамаша, оты мол, бұлағы көп, қазіргінің фермер жігіттері қызығатын жер.

Керегетасты солтүстік-шығысынан айналып, Қазыбек би бабамыз қонысқа таңдап алған Едірей тауының ішіне күншығыс бетінен кірдік. Таудың іші үлкен жазық, қақ ортасында ұзынынан созылып жатқан қалың ағашты орман. Едірейдің қойнауындағы әйгілі Қызылшілік қонысы осы екен. Көзімізбен көрмесек те, шілік ішінде сылдырай ағып жатқан бұлақтардың даусын естігендейміз.

Ағашты, шілікті орманның екі жағын бойлай қос қапталдағы жартасты тауға дейін кең жазық, мал жайылымына ыңғайлы екені көрініп тұр. Енді Қазыбек би бабамыздың осы жерді неге таңдап алғанын, бұл қоныстың қандай ерекшеліктері барын зерделей бастадық. Кеше, Едірей ауылындағы кешкі астың үстінде бір әңгіме естіп едім. Бұл жақта қысы жұмсақ, қары аз. Тіпті, аяз бен қарасуыққа төзімсіз сиыр малының өзін бұзаулағаннан кейін қорада үш күн әзер ұстаймыз, есігін ашып жіберсең, алдындағы шөпті де, бұзауын да керек қылмай, далаға қарай бір-ақ тартады деп айтады тұрғындар. Осы әңгімеден түйгеніміз: Едірейдің қысы жылы, бораны аз, жанға да, малға да жайлы екен. Шаруашылық үшін өте қолайлы қоныс. Келесі ерекшелігі – сол заманда күре жолдың қақ ортасында орналасқан деуге болады. Тіке тартсаң, Қарқаралы – 200 шақырым. Семей қаласы да 200 шақырымдай. Ал Баянауыл 120-130 шақырым маңайында. Осы жобамен алғанда Омбы қаласы да алыс емес. Қазыбек би бабамыз шамасы Едірейдің қысы жайлы, қарым-қатынасқа ыңғайлы жер екенін сол кездің өзінде топшылап, әдейі таңдап алған-ау деп ойладық.

Ерекеңнің жобасы бойынша, Қызылшілікті тамашалап, серек тастардың жанына суретке түскеннен кейінгі баратын жеріміз ауылдың желкесіндегі Тесіктас пен Қырыққұдық биігі болмақ екен. Аталған жерлерді Едірейдің іші мен Қазыбек би бабамыздың ата қонысы Қызылшілікке батыс бетінен кіретін қақпа десек те болады.

Ақыр соңы күн аптап ыстық болса да, Тесіктасқа Ерекең мен Жанғұтты бауырымыз серік болып, үшеулеп өрмелеп едік (Қырыққұдық биігіне Ерекең екеуіміз ғана көтерілдік, бұл жайлы әңгіме кейінірек), біресе қыратқа шығу, біресе шатқалға түсіп, қайта жоғарылау қиын, жол ауыр болса да қолымызға таяқ алып биікке қарай өрледік.

Едірей биіктерінің кереметі, көтерілген сайын тастарды жарып өсіп тұрғандай, саңылауларды сыналап бойлаған қайыңдар мен теректер, тасжарған және ырғай сияқы бүршікті, тікенекті бұталар, төселген жасыл кілемдей жатып өсетін тау аршалары да мол кездеседі. Таңертең көтерілген аңызақ ыстық жел жоғарыға көтерілген сайын күшейе түсті. Бірбіріміздің айтқан сөздерімізді әзер естиміз.

Шамасы қатты желден біздің келе жатқанымызды сезбесе керек, дәл табанымыздың астынан тас көлеңкесінде жатқан арқардың құлжасы тастан тасқа секіріп, төмен қарай бір-ақ ырғыды. Жылдамдығы сонша, жаңа ғана көрген арқарымыз сай арасымен жүйткіп, лезде көзден ғайып болып үлгерді.

Тесіктастан әупірімдеп түсіп, келесі биік Қырыққұдыққа бет алдық. Атына заты сай Қырыққұдық шын мәнінде үлкенді-кішілі, пошымы да әртүрлі апан құдықтардан тұрады екен. Жаз жаңбырсыз болса да, кейбіреуінің түбінде суы бар.

Аптап жаздың алапат ыстығында арқарлар келіп, суға қанып, тау басындағы самал желге тұмсығын төсеп, тыныстайтын жерлері болса керек.

Едірейдің биігінен көз жанары жеткенге дейін қазақтың кеңбайтақ жері, түстігінде Арқалық, батысында Қызылтау, терістік батыс бетінде Үшқара мен Қалмаққырған әртүрлі қашықтықтан, бірі анық, бірі мұнартып көрініп тұрды. Шығыс беттегі Керегетас жотасынан әрі асып созылып жатқан белестердің астында Абайдың Шыңғыстауы жатыр-ау деп топшыладық. Дала данышпаны Ділдәні ұзатып алуға келгенде мүмкін осы Едірейдің етегін көктей өткен шығар деген қиялға да берілдік.

Қырыққұдықтың терістік жағындағы қарсы бетіндегі шомбал жартастардың төменгі тұсына, қара граниттен жасалып, мықтап орнатылған тақтаға Қаздауысты Қазыбек би атамыздың Сарыарқаға қай жылдары келіп, өмір сүргені туралы анықтама жазылыпты. Сөз басында айтып кеткендей, бұл ескерткішті қоюға жанымда жүрген Ермек, Мәди, Жанқұтты бас болып, ауыл азаматтарының қолдауымен, бір кісідей жиналып үлкен еңбек сіңіргенін естігенбіз. Алғашқы идея Ермектен шықса да, ескерткішті жасау қаражатын абзал азамат Мәди Орынбекұлы Жәкешев (таяуда ғана мезгілсіз дүние салды) көтерген екен. Үлкен еңбекпен келген гранит ескерткішті жартасқа орнатуға Жанғұтты ініміз қол күшін жұмсапты. Ел мен жердің болашағын ойлайтын осындай отаншыл азаматтарға әрине шын жүректен алғыс айтасың. Мұндай азаматтардың ұлағатты істері өсіп келе жатқан жас ұрпаққа үлгі екенін айтып, насихаттап жүрген ләзім.

Арқалыққа қарай қайтар жолда Жамақ қонысының орнындағы ескі қыстау мен қорымның тарихымен танысып, бұлақтың салқын суын ішіп, қасиетті Едірей тауының бауырынан алыстай бердік. Мағдат ағаның үйіндегі Жағұтты бауырымыздың келіні жасап қойған дәмді түскі асымызды ішіп, шайға қанып алған соң, Түндікті өзенін құлдилай Тәттімбет күйші кесенесіне тарттық.

Кеңестік дәуірдің алғашқы 70 жылында асыл мұрасы лайықты насихатталмай, зираты да тозуға айналған ұлы күйшіге тек өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бері ғана жергілікті басшылар көңіл бөліп, жаңа тас белгі қойып, күмбезін жөндеп біраз іс тындырғандары көрініп тұр.

Мағдат ақсақал күйші Секен Тұрысбеков жас кезінде жеті күн қатарынан атамыздың рухына құран бағыштап, кесене ішіне түнеп, атақты күйшіге бас иіп тәуеп еткенін айтты. Талантты ұлға Тәттімбет атамыздың қасиеті әсер еткен болуы керек, бүгінде Секен бауырымыз құлаққа жағымды, тереңнен толғайтын әдемі де әсерлі күйлерімен музыкадан түйсігі бар адамзат баласын таң-тамаша қалдырып жүр.

Тәттімбет атамызға құран бағыштап, аруағына тәуеп еткен соң Арқалыққа оралып, Мағдат ақсақалмен әңгімелесіп, дәмді салқын қымыз ішіп, күн салқындағанша уақыт оздырдық. Себебі, аптап ыстық басылмайынша жолға шығу мүмкін емес еді. Жаңа жерге жолаушылап келгеннен соң ауылдың жағдайына еріксіз көзің түсіп, мұндағы әртүрлі мәселелер ойтүрткі болып тұрады.

Біреулердің меншігінде болуы керек, қалай десек те, мұндағы біраз ғимарат пайдаланылмаса да, жақсы сақталып тұр екен. Ауылды қақ жарып өзен ағып жатыр, бұл – көп елді мекенге бұйырмаған бақыт. Әңгімеміздің түйіні «Ауылды қалай сақтап, мектептерді жапқызбай, жастарды қалай тұрақтандырамыз?» дегенге саяды. Қазақстанның қай түкпіріне барсақ та, осы әңгіме алдымыздан шығады. Жағдай барлық жерде бірдей. Қатты таңқалып керегі жоқ. Бүгінде ауыл жағдайы мемлекеттік деңгейде өзекті мәселе болып тұр. Дегенмен, Мағдат қарияның қонақжай көңілі, Жанғұтты бауырымыздың ықыласы мен «Елім, жерім!» деп толғантқан ойлары бізді көлікке жеңіл отырғызды.

Біраз жүрген соң шалғайдағы елді мекендердің жағдайы жаңағы үйдегі көңілді әсерді ұмыттырып, ауылдан алыстай бере уайымды толғанысқа жетеледі. Күн салқындап, Арқаның салқын самалы қалаға қарай бет бұрғанда, біраз үнсіздіктен кейін шалғайдағы ауылдан көргенімізді толғап, әрқайсымыз пікірімізді ортаға салдық.

Не ауылдарға кіре берістен, не көше ортасынан осы өңірде ғұмыр кешкен ұлы бабаларымыз туралы ешқандай мағлұмат көре алмадық. Ең алдымен, Қаздауысты Қазыбек бабамыздың асыл мұрасы болып табылатын ұлағатты сөздері көшелер бойынан көзге түсе қоймады. Ұлы күйшінің есімін иеленген ауыл округінен шыға берісте, Тәттімбет кесенесіне апаратын жолдың не бағыт-бағдары, не қашықтығы көрсетілмеген. «Осы жерден пәлен шақырымда Мәди атамыз тыныстаған Қараүңгір орналасқан» немесе «Қаздауысты Қазыбек би бабамыздың қонысы Қызылшілік Едірей тауларының ішінде, оған мына елді мекені арқылы барады» деген сілтемелер де болмады. Ауылдан жас балдырғандар ойнайтын алаңды, жастарға арналып қоршалған спорт орындарын, қазақтың алтыбақанын көргіміз келді.

Қасиетті үш бірдей бабамыздың ата қонысы, талай дүлдүл тұлғаның кіндік қаны тамған жер ескерусіз, жүдеп жатқанына ең алдымен өзімізден бастап кінәлі екенімізді сездік. Семейдегі Құнанбай, Абай ұрпақтары жерленген Ақшоқыдағы қорымға, Қызылжар бағытындағы Қарасай батыр, Қазығұрттағы Салқам Жәңгірдің кешенді ескерткіш мемориалдарына қарап қызығасың…

Арқалық аулынан Едірей тауларына қарай шығатын бағытқа жол мәселесін мемлекет деңгейінде көтеруді, бұл өңірде туризмді дамыту жолдарын мақсатты түрде қолға алу туралы ой-пікірімізді ел басқарып отырған азаматтарға жеткізсек деген тоқтамға келдік. Жалпы, облыс, аудан басшылары, ел азаматтарын ақылға ала отырып, осы бір сауапты іске жауаппен қарап, бабалар мекендеген қасиетті жерімізді көркейтудің кешенді жолдарын қарастырса, өте дұрыс болар еді.

Дегенмен, ауызды қу шөппен сүртуге болмас, Түркістан шаһарындағы, Қаздауысты Қазыбек бабамызға ескерткіш қою салтанатына келген Қарқаралы аудандық мәслихатының хатшысы Сләмиден Нүркенов бауырымызбен, аудандық мәслихаттың депутатымен (есімі Маратау деймін ?) Қарқаралы қаласының, ауылдардың әлеуметтік жағдайы туралы сөйлескенде сондай бір ырзашылық көңіл-күйге бөлендім. Біз біле бермейтін, жылуға, мектептер үшін кен орындарынан көмір жеткізуге, тіпті қыс айларында от жағушы жалдауға байланысты, айта берсе толып жатқан, өзара шым-шытырық байланысқан, түбінде бәрі ақшаға, тендерге тірелетін, әйтеуір айтуға оңай, істеуге қиын істер, түйінін шешуді талап ететін қаншама мәселелер бар… Тыңдап отырып, орындау түгілі, бас қатырып ойлаудан қашасың. Осының бәрінің түптамыры сайып келгенде қабылдайтын заңымыздың солқылдақтығына, жоғарыдан төменге түсетін бұйрық-жарлықтар нақты мүмкіндікке негізделмейтініне, жоспарлы жұмыстардың жүйесіздігіне тәуелді.

Ел басқарып отырған жігіттердің жақсы істерін де айтуымыз керек. Біраз уақыт бұрын Қарқаралыдағы бір құдамыз қайтыс болып, марқұмды жерлеу рәсіміне қатысу үшін Мәліксайдағы зират басына бардық. Алыстан Мәди атамыздың бейітіне көзім түсті. Бірақ, айналасы қаптаған бейіт, басына жетудің өзі қиын екен.

Осы бір жағдай есіме түсіп, желтоқсан айында кездескенімізде Сләмиден бауырымызға өпке-назымды жеткізген болатынмын. Біраз уақыт өткен соң, ақпан айының орта кезінде Қарқаралыдан Сләмиден бауырым хал-жағдайды сұрап, «Мәди атамыздың басын жаңғыртуға біраз ақша бөлінді, баратын жолды түзеп, жарық орнату, айналасына ағаш егу сияқты шаруаларды ретке келтірмекшіміз» деген қуанышты хабарын жеткізді. Жақында бір кездескенімізде: «Аға, аудан әкімінің қолдауымен, жаңадан салынып жатқан мешіттен Мәди атамыздың жатқан жеріне дейінгі аралықты абаттандыруға тың жоспарларымыз бар», – деп халықтың құлағына жағымды тағы бір хабарды жеткізді. Биліктегілерді ұдайы сынай бермей, осындай абзал азаматтарымызға қолдау көрсетсек, жоғарыда айтылған мәселелер шешілетініне сенім күшейе түседі.

Мейірман ЕЛУБАЙҰЛЫ,

Республикалық Қаздауысты Қазыбек би қорының

Қарағанды облысындағы өкілі.

Басқа материалдар

Back to top button