Жаңалықтар

Қуанның қос қуанышы

Елімізде медицина саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі маусым айының үшінші жексенбісіне белгіленген. Биыл 19 маусымға түсіп тұр. Дәл осы күні білікті дәрігер, жоғары санатты уролог Қуан Советұлы Қабылдин ердің жасы – 50-ге толады. Сәйкестік шығар, бәлкім. Бірақ, Қуан Советұлы мұны кездейсоқтыққа баламайды. Біз де. Емделушілердің алғысы осылайша Қуанның қуанышын еселеп, мерейтойы мен кәсіби мерекесін бір күнге тоқайластырып отырғандай көрінді бізге.

***

Алдыңғы жылы баласы Жанарыс мектеп бітірген. Ұлының мамандық таңдау мәселесіне келгенде Қуан көп ойланды. Әке ғой, баланың болашағына жауапкершілікпен қарамасқа амалы жоқ. Баланың өзіне салса, іске жолын қуып, дәрігер болмақ. Дәрігерліктің күрделі мамандық екенін осы салада ширек ғасыр тер төгіп келе жатқан әке жақсы біледі. Адам тағдырына жауапты болудан асқан жауапкершілік бар ма? Жанарыспен оңаша сырласып отырып:

Балам, басқа мамандық жөнінде ойланып көрдің бе? Әрине, дәрігерлер әулеті болғанымыз – мені үшін де, бәріміз үшін де абырой. Бірақ, – деп сөз бастаған еді, баласы жұлып алғандай:

Әке, Сіз өмірдегі ең ұлы ұстазым деп атамды айтушы едіңіз ғой. Мен де өз әкемді ұстаз тұтқым келеді. Мен де Сіз секілді дәрігер болып, халықтың алғысына бөленгім келеді. Қарсы болмаңызшы, өтінемін, – деді.

Әке тығырыққа тірелген жоқ. Өйткені, бұл әңгімені бастауының екі түрлі себебі бар еді. Әуелі ұлын сынап көрмек болған. Екіншіден, шынымен-ақ медицина саласының өзі тартып жүрген мехнатын ұлына тартқызғысы келмеген. Жанарыс сыннан сүрінбеді. Жанымен қалап тұрған мамандығын таңдау жолында табандылық танытты. Ұлын райынан қайтара алмаса да, Әке риза болды. Жүйрік қиялы алыс күндерге жүйтки жөнелген. Мамандық таңдау деген жол айрығындағы өз әкесі Советпен арадағы әңгіме оралды.

1991 жыл. Орта мектептің сегізінші сыныбын бітіргеннен кейін туған жері Қарқаралыдағы мал дәрігерлік-зоотехникалық техникумға түсіп, осы жылы қызыл дипломмен бітіріп шығып еді. Қолында – Мәскеудегі Тимирязев атындағы аграрлық университетке жолдама. Бұл дегеніңіз – екінің-біріне бұйыра бермейтін бақ. Әкемен ақылдасты. Одақ ыдырап, дүние дүрбелең құшағына енген жыл еді. Совет аға баланы қиыр шетке жібергісі келмеді. Сонымен, қолындағы қызыл дипломның арқасында бір ғана емтихан тапсыратын мүмкіндігін пайдаланып, Қарағанды медицина институтының емдеу ісі факультетінің студенті болып шыға келді. Міне, биыл ұлы Жанарыс өзі оқыған оқу ордасының екінші курсын тәмамдап отыр.

Иә, Жанарыс айтпақшы, Қуан әкесі Совет ақсақалды өзінің ұлы ұстазы санайды. Әкесі Совет Қабылдаұлы – Қарқаралы өңірінде басшылық қызметтер атқарып, елдің шексіз құрметіне бөленген қадірлі ақсақал. Адалдығымен Аллаға да, адамға да жаққан, көрегендігімен көш бастап, ел тізгінін ұстаған еңселі азамат. Өрісті өнеге, жемісті ұлағат әкеден – балаға, баладан – немереге дарыған әулеттің бағалы байлығы осы сабақтастық еді. Қуанның анасы Өркен Серкенқызы – саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз. Осындай ғиратты жандардан жаралып, тәлімді тәрбиеден нәр алып өскен Қуан қалай жаман болсын?!

***

Ертең Қуан Советұлы 50-ге толады, медицина саласындағы еңбек өтілі – 25 жылды толтырады. Ғұмырының жартысы ақ желеңмен өтті. Ақ желеңін де, арын да кір шалған жоқ.

Туған күні өзінің кәсіби мерекесімен тұспа-тұс келген Қуанның қос қуанышы жайындағы хабарды облыстық денсаулық сақтау басқармасынан естіген бетте Қарағандыдағы №5 емханаға жеттік. Урологтың кабинетінің алды – ұзын-сонар кезек. «Журналист едім» деп, дертіне дәру, жанына медет тілеп келіп отырған науқас жандардың алдын орап кетуге әсте болмайды. Мен де кезеккке тұрдым. Кезектегі отырған емделушілердің әңгімесі – ортақ. Барлығы жанына батып, дегбірін алған дерттерінің жай-күйін, емделудің нәтижесін айтып гуілдесіп отыр. Жас жетпістерден ары, ұлты өзге ақсақалдың сөзіне еріксіз назарым ауды. Жанындағы мұңдасына уролог Қуан Советұлын мақтап берсін.

Қуан Советұлы – алтын қолды дәрігер. Үш жылдан бері емделіп жүрмін. Онкологиялық диспансер дәрігерлерінің қорытындысы көңіліме қою күдік ұялатып еді, Қуан «Қорықпаңыз, емдейміз!» деп мені өмірге қайта келгендей күйге бөледі. Сөз жоқ, Қуан – Алладан келген алтын қолды уролог, – деп риясыз пейілмен ризашылығын білдіріп отыр. Мен де алтын қолды кейіпкеріммен кездесуге асығып, тықырши бастадым. Мақсатым – белгілі. Мәнерлі сұхбат құрып, оқырманыма әсерлі әпсана ұсынсам. Сонан соң, екі жылдан бері бүйректегі тас мазалап, бірнеше ота жасатқаным тағы бар. Ақыры келіп тұрған соң, кеңесін ала кетсем…

Кірдім-ау, әйтеуір. Жылы амандасып:

Жазылып келдіңіз бе? – деді.

Жоқ, кеселден де жазылған жоқпын, қабылдауға да жазылған жоқпын. Сіздің мерейтойыңызға орай сұхбат алуға облыстық газеттен келіп отырмын, – деп қойып қалдым. Ол болса:

Сұхбаттың бар мәнісі болар, науқасыңыздың жайын айтыңыз, – деп, бірден өзінің емес, менің жаңдайыма ауысты. Осыдан-ақ, антына адал абзал азамат үшін өзінің мерейтойы, ертеңгі қос қуанышы емес, менің денсаулығым маңызды болып тұрғанын аңғардым. Қалжыңға басып:

Менің жағдайымның да бір мәнісі болар, әуелі өкіметтің жұмысын бітірейік, – деп жатырмын. Ол ашыла қоймады. Мақтанбады. Көлгірсімеді. Өзінің емес, Қарағанды медицинасының, оның ішінде урология саласының жетістіктерін айтты. Бүйрек, қуық безі кеселдерінің әлеуметтік сипат алып бара жатқанын, ауыз су сапасының төмендігінен бүйрек ауруларының көбейіп тұрғандығына алаңдайтынын айтты. Қуық безі ауруларына ер азаматтардың атқа көп мінуі керектігін, бірақ, Қарағандыда бір мезгіл атқа мініп, сейіл құратын мүмкіндіктің жоқ екенін айтты.

Былтыр ма, «ипподром салынады» деп сүйіншілеп едіңіздер, қашан салынатын болды? Ипподром салынса, қала халқы бір мезгіл атқа мініп, дертіне шипа табар мүмкіндікке қол жеткізер еді, – деп, әңгімесі өзі туралы емес, өңір проблемасына ауысып кетті.

Әйтеуір, суыртпақтап отырып, ұстаздары туралы білдім.

1997 жылы Қарағанды медицина институтын емдеу ісі мамандығы бойынша бітіріп, белгілі ғалым, хирургия кафедрасының меңгерушісі Сергей Лохвицкийдің жетекшілігімен урология саласына машықтанып, осы саладағы еңбек жолымды бастадым. Жалпы, өмірде де, кәсіби саламда да ұстаздан жолым болған адаммын. Әуелгі өмірлік ұстазым – әкем. Ол кісі мені адалдыққа, табандылыққа, еңбекқорлыққа баулыды. Ал, анам болса ол кісі – кәсіби мұғалім. Сабағым мен тамағымды үнемі қадағалап, білімді болуыма ықпалын тигізді. Кәсіби салада марқұм Болат Нілдібаевтан, Қуандық Бейсеновтен, Сұңғат Күдериновтен көп тәлім алып, мамандықтың қыр-сырын үйрендім. Дәрігер – мойнынан ғұмыр бойы парыз түспейтін мамандық иесі. Мен де тәулік бойы алдыма келген науқастар алдындағы, ата-ана алдындағы және әлгінде есімдерін құрметпен атаған ұстаздарым алдындағы парызымды ойлап жүремін.

…Айтпақшы, Қуан Советұлының асыл жары Найля Әмірбекқызы да – дәрігер. Облыстық онкологиялық диспансерде қызмет етеді. Ғылым кандидаты, доцент. Қарағанды медицина университетінің онкологиялық диспансер базасында жұмыс істеп тұрған онкология және сәулелік диагностика кафедрасының меңгерушісі. Үлкен қыздары Әмина заңгер мамандығын таңдапты. Мақтанып, көлгірсуді жаны қаламайтын қарапайым азамат, білікті дәрігер жөнінде өз аузынан естіп, алып шыққан ақпаратымның түрі – осы. Барымды салып бақтым, ол кісі ашылмады. Керісінше, менің кеселімнің емін айтып, ішетін дәрі, алатын екпе жазып беріп, өзімді шаруалы қылып шығарып салды. Бәрібір, біліктілігіне емделушілер мен әріптестерінің пікірлері арқылы көз жеткізсем, Қуан Советұлының азаматтығына осы бір қас-қағым сәтке созылған сұхбат барысында сүйсініп шықтым.

Есікке беттеп барып, қайыра бұрылдым да:

Қос қуанышыңыз құтты болсын, Қуан Советұлы! – дедім. Ол да райынан қайтар емес:

Мен туралы емес, ел туралы жазыңыздар. Ипподромды қайта көтеріңіздер. Сонда ғана атқа мінген Арқа қазағында бүйрек, қуық безі аурулары деген мүлде болмайды, – деп күлімсірей қол ұсынды.

Елді сүйген жүрегі еміреніп тұр. Қалай сүйсінбейсің?!

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button