Театрға тегін барады
Өрендеріміз өнерден қол үзбей, рухани байитын жол іздесе, қуанамыз ғой. Әсіресе, театрдан алыстамаса екен дейміз. Осы мақсатта Қарағандыда «Барлығына арналған өнер» атты пилоттық жоба іске қосылды. Жоба аясында оқушылар мен студенттер мұражай мен театрға, концерт және көрме залдарына тегін бара алады. Сондай-ақ, шеберлік сабақтарына қатыса алады. Бұл оқушылар үшін үлкен мүмкіндік болмақ.
Осы пилоттық жоба аясында Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ драма театрында 350 баланың қатысуымен «Күнделік» ертегісінің алғашқы тегін спектаклі өтті.
– Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері, С.Сейфуллин атындағы, К.Станиславский атындағы театрлар мен облыстық академиялық музыкалық комедия театрының әртістері, концерттік бірлестіктің өкілдері шеберлік сабағын өткізеді. Сонымен қатар, концертке, театрға тегін кіреді. Біз осын жоба арқылы балалардың өнерге деген қызығушылығын арттырамыз, – дейді облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының баспасөз хатшысы Алма Тастемірова.
Жобаға мектеп оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балалар қатыса алады. Мұражайлар: мектеп оқушылары үшін: айына бір күн – әр екінші бейсенбі – мұражай күні; студенттер үшін: айдың төртінші бейсенбісі – мұражай күні. Театрлар: мектеп оқушылары үшін: айына бір күн – айдың бірінші сәрсенбісі – театр және музыка күні; студенттер үшін: айдың 2-ші сәрсенбісі – театр және музыка күні. Жоба туралы толығырақ ақпаратты Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінен немесе 8(7212) 78-55- 25, 8-776-276-14-88 телефон нөмеріне хабарласып білуге болады.
Қасымхан ҒАЛЫМ.