Ұлттың ұлы ұстазы

Жақында ғана «Ахмет. Ұлт ұстазы» атты кинотуынды көрерменге жол тартты. 6 бөлімнен тұратын телесериалда бастан-аяқ «Ұлт ұстазы» атанған тұлға Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ өмірдерегі қамтылған. Бұл туындының сәтті шыққаны сондай – көрген көзге жас үйіреді. Телесериалда тарихи дерек пен көркемдік шындық үйлесім тапқан. Содан да болар, көрерменнің оң бағасын алып үлгерді. Ал, түсірілім барысында сіз бен біз білмейтін қандай сәттер орын алды? Оқып көріңіз.

ХІХ ғасырдың бас кезеңін түсіру, оған лайықты локация іздеп, реквизиттер табу қиынның қиыны. Бір ғасыр бұрынғы заманды кім көріп келіпті? Ол кезден бері ешқандай ғимарат сақталмаған. Алайда бұл киноның режиссері Мұрат Есжан түсірілім кезінде ауылдардағы ескі үйлерді ықшамдап, соны пайдаланған екен. Бірін Ахаңның Алматыдағы үйі қылса, бірін Орынбордағы үйі, енді бірін «Қазақ» газетінің редакциясы ретінде алған. Сөйтіп, жоқтан барды құрауға тура келген.

Көрерменге сенімді болуы үшін кинодағы реквизиттер де соншалық маңызға ие. Сериалдағы Ахаңның «Қазақ» газетінің бума-бумасы қолдан жасалған. Ал, шындығында ХІХ ғасырдағы газет тігінділерін шаң басқан архивтерден табу мүмкін емес. Бұдан бөлек, ескі заттарды табу үшін режиссер базарларды аралағанын айтады. Мұның бәрі бұл киноның қандай ізденіспен түсірілгенін байқатады.

Түсірілім барысында жанын аянып қалған ешкім болмапты. Бұл бір жағы Ахаң ерлігінің рухы ма дерсің. Кино әлеміне енгенде оған өте талғаммен қарайтын режиссердің де ебегі орасан. Ол үшін Ахаңның түр-тұлғасын, ой-мінезін, сөзін бойына сіңіре білу де керек шығар. Сериалда Ахаңның ашуға бой беріп, қызбалыққа салынатын жері бар. Сол кезде ұлт ұстазының рөлін сомдаған Байғали Есенәлі образға кіріп, ашуланған жерінде режиссер бірнеше рет дубль жасап, түсірген екен. Актер: «Ахаң да адам болған ғой» десе, режиссер Мұрат Есжан: «Адам ғой, бірақ ол Ахаң ғой» деп жауап қатады екен. Сол секілді ойға алған дүниенің бәрі режиссердің сүзгісінен өтуі маңызды. Сонда ғана сапалы дүние туады.

Бұл – тарихи кинотуынды және ондағы кейіпкерлердің барлығы тарихи тұлғалар. Тек ергеуші образы ғана ойдан жасалған екен. Саңғытов образын актер Нартай Сауданбекұлы сомдады. Ахметті тергегендер қандай болғаны тарихтан белгілі. Ал кинотуындыдағы бұл тергеуші өзгелерге еш ұқсамайды.

«Неге Саңғытов өзгерді? Көбісі айтады: ол «Ахаңның «балам» деген сөзінен «сынып» кетті, тергеу жүргізер алдында олар жазған кітаптың бәрін оқып, тауысты» деп. Рас, бұлардың бәрі Саңғытовтың өзгеруіне себеп болған дүниелер. Бірақ, негізгісі емес. Негізгісі – менің ішімде», – дейді актер Нартай Сауданбекұлы.

Бұл телесериалды көргендер ғана оның сырына қаныға алады.

Телесериалда мына бір эпизодта:

– «Ахмет Байтұрсынұлы жазаның ең ауыр түрі – ату жазасына кесілсін!» – дейді. Сол кезде Ахаң: – Менің бір тілегім бар. Жуынып алуға рұқсат етіңіздер», – дейтін еді ғой. Дәл осы жерін түсірер кезде мынадай оқиға болыпты.

– Біз бұл эпизодты Шонжыдағы ескі әскери бөлімде түсірдік. Ызғарлы күн еді. Бүкіл камера, жарықтың бәрін қойып, қабырғаны да сол заманға лайықтап, түгел жабдықтап болғаннан кейін режиссер «Ал, бастаймыз ба, аға?» деді. Душтың астына барып тұра қалдым. Сөйтсем, су тастай екен. Көкейімде бір нәрсе тұрды. «Ахаңның өлер алдында біреу су жылытып берді ғой дейсіз бе» деген. Сөйтіп, өз-өзімді іштей дайындадым, – дейді актер Байғали Есенәлі.

Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерінің көбісін түрмеде отырып жазғанын білесіз бе? Ол жерде қайбір жағдай бар дейсіз? Қағазын тізесінің үстіне қойып, қараңғыға қамалған халқына жарық сәуле түсіру үшін жазды ғой. Көз-майын тауысып, еңбектенді. Сериалдағы Ахаң: «Біреу жұмыс қыламын десе, тұрған жерім жаман дейді. Біреу маңайымдағы елім жаман дейді. Бұлардың бәрі бос сөз. Абақтыдан жайсыз орын жоқ. Алайда, абақтыда да отырып жұмыс істеуге болады», – дейді.

«…Ақталатын адам да, сотталатын адам да өмір сүреді, өледі. Бірақ, екеуіндегі мазмұн басқа. Жақын туысың, айнала жұртың, тұтас қауымыңның қорлықтағы өмірі сені тыныш ұйықтата ма? Бұлар үшін қылғаның – мақтан емес, міндет. Азамат өз міндетін атқарғаны үшін мақтана ма? Соттың жөні басқа әңгіме. Бұл біздің еркімізге бағынбай тұр. Алайда, титтей де өкініш жоқ. Адам өмірі сондай – қысқа ғана. Бірақ, елің үшін қылған еңбегің, ту қылып көтерген тура идеяң жалғаса бермек. Ол жалғаса берсе – адамның да өлмегені. Міне, мазмұн. Сендер өлердей қорқатын Алаш идеясы – осы ғана…»

Бұл сөздер адамның ішкі сезіміне дөп тиіп, бүкіл жұлын-жүйкеңді қозғайды, тебірентеді. Ал осыны жеткізудегі актердің шеберлігін айтсаңызшы… Осы сөздерді айтқандағы оның қазақы үні бойыңа тарап, көзге жас үйіреді. Мұны тек көркем туындыны көрген көрермен ғана сезіне алады. Осындайлық сөздерді Ахаңның өз аузына салған сценарист Ұларбек Нұрғалымұлының да шеберлігі көрінеді. Тілі жатық бұл кинотуынды аз уақыттың ішінде көрерменнің оң бағасына ие болғаны тегіннен тегін емес шығар. Дегенмен, мұндағы сөз қазақтың қойны қонышыңдағы бүкіл сөзді қотара салғандай да емес. Ахаңның сөзі бізге жазбаша жетті ғой. Сценарийді жазғанда оның жазбаша тілін ауызекі тілге түсіру де оңай болмағанын айтады сценарист.

Бүгінде бұл кино 130 мың қаралым жинапты. Миллионға да жетпейді. Бұл – ұлтының намысын ту қылып көтерген тұлғаға деген құрметтің жоқтығы ма, жоқ әлде көрерменнің деңгейін көрсете ме? Қазіргі әлем-жәлем дүниенің қызығына кірген көрермен өз ұлтының ұстыны боларлық ұлы ұстаз туралы салмақты кинотуындыны көргені әлдеқайда артық болар еді-ау.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.