Руханият

«Әлемнің байлығын сыйлар ем, кеш мені…»

«Айналайын» драмасы – ана мен бала арасындағы махаббат хақындағы қойылым. Шындығында, көз алдымызда жүрген соң, ананың қадірін білмейміз. Күніне бір рет қоңырау соғып, жағдайын сұрауға уақыт таппаймыз кейде. Ал, оның бізге алаңдап, Құдайдан амандығымызды тілеп, бір сәт тілдескісі келетінін неге ойламаймыз? Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында премьерасы өткен «Айналайын» драмасы өмірдің осындай өзекті тұстарын нысанаға алады. Қоюшы режиссері – театрдың көркемдік жетекшісі Айдын САЛБАН. Тәжік драматургі Барзу АБДРАЗАҚОВТЫҢ бұл пьесасын қазақша сөйлеткен – Ұлпан ТОҚАЕВА.Қойылым ана мен бала арасындағы әңгіме айналасында өрбиді. Осы көріністі 1 сағат 20 минуттық туындыға өзек болар деп ойламадық, шынында. Баласы – бастық, анасы – үйде. Баласымен тілдескісі келіп, қоңырау соғады. Ұлы бірде сөйлесіп, «уақытым жоқ» деп телефонды қоя салады. Кейде, ішімдік ішіп отырып, интернеттен ойын ойнап, анасына «жиналыстамын» деп өтірік айтады. Ал, түн ұйқысын төрт бөліп, ақ сүтін беріп, аялап өсірген ана байғұс тасбауыр ұлдың осындай «құрметіне» лайық па еді? Кейде «ұлым қоңырау соқса, естімей қалармын» деп күні бойы телефонды күзетеді байғұс ана…

Баласымен ұзағырақ сырласу үшін анасы оған үйіндегі 5 дана тараканды да сипаттауға дайын. Сатып алған шаш кептіретін құрылғысын, оның шашты қалай кептіретінін, көршінің сатып алған тиіндерін және олардың талдан-талға өрмелеп жүруін, көрші әйелдердің еріккен қылықтарын ерінбей әңгімелеуге дайын. Бастысы, аялап өсірген жалғыз ұлы жұмыстан бір сәт қол үзіп, сөзіне құлақ салса болғаны. Іші пысқанда радио қосса, сәбиін қоқысқа тастаған көкек ана, бірін-бірі өлтірген жауыздық туралы жаман хабардан жаны түршігеді.

Ұлы уақытын арнамаса да, анасы оны жамандыққа қимайды. «Теледидар көріп жатқанда жамылып отырасың» деп анасына жылы көрпе беріп жібереді. Бірақ, бұл ана үшін ұлына деген сағыныштың қасында түк емес еді. Баласы да мұны түсінгендей болады. Кейде, қу дүние көзін байлайды.

Қойылымды толық түсіндік десек, өтірік болар. Ол жөнінде әркім өзінше қорытынды шығарсын, ойлансын. Театрға келудегі мақсат та – миды қозғау, өзіңді тану, өмірдің мәнін түсіну емес пе?

– Ана рөлін – Маржан Әнуар, ұлының бейнесін – Сұлтан Серікұлы сомдады. Бұл – бірінші құрам, екінші құрамды басқа әртістер ойнайды. Академиялық театр болғандықтан, өмірдің көзге көрінбейтін тұстарына терең бойлауға тырыстық. Отбасы мүшелері арасындағы нәзік сүйіспеншілікті көрермен көңіліне түйгені анық. Мұндағы ана мен баланың орнына аға мен бауырды, апа мен сіңліні, аға мен қарындасты қойып түсінуге де болады. Бастысы – жақын жандар арасындағы қатынас, оларға жылу сыйлау, назар аудару. Осыны да ұмытып кетеміз, кейде. Қалғанын көрермен өз әлінше бағамдап, бағасын берер, – дейді Айдын Абзалбекұлы.

Драмада ұлдың әкесі туралы да айтылады. Оның өмірден өткендігін өкінішпен еске алып, ұлын қорғау үшін жанын беруге дайын екендігін мәлімдейді. «Күйеуімді өлтірдіңдер, ұлымды бермеймін» дегенде, ойланып қалдық. Демек, әкесі тегін адам болмағаны ғой… Тіпті, қажет болса, мұздай қаруланып, ұлын қорғауға дайын екендігін жеткізеді. Ал, ұлын әлдекімдер қоңырау соғып, бопсалап қояды. Ол өзінің кінәлі еместігін айтып, ақталады. Бірақ, телефонның ар жағындағылар мұны ұққысы жоқ. Онсыз да ақылы алтау, ойы жетеу болған ұлдың есін алып, жанын алқымына тығады. Дәл осы сәтте ол анасының аялы алақанын, жылы құшағын, уайымсыз балалық дәуренін аңсайды. Бірдеңеден қатты қорыққандай, өзін қоярға жер таппайды. Бұл неткен үрей?..

Отбасы дейтін киелі ұғымның арзандап кеткенін де қойылымда сынға алады. Мұндағы монологтар сәтті алынған. Бір жігіт анасын мүлдем көрмегенін айтып, мұңын шағады. Оны бір рет «анашым, мама» деп атап, құшағына басуды армандайды. Келесі жас отбасы пәлен жылдан бері бала сүйе алмай жүргені жайлы бар сырын ақтарады. Балалар үйінен баланы асырап алудың қиын екендігін, шетелдіктердің қазақ балаларын қалай оп-оңай сатып алатынын, жүрексіз болып бара жатқанымызды сынайды. Ал, апасы мен бауыры әкесінің өмірден озғанын айтып, оның ең жақсы әке болғанын еске алады. Анасының көпке дейін тұрмысқа шықпағанын, кейін танысқан азаматы оны бақытты еткенін, өздеріне қамқор әке болғанын ұқтырады. Анасының да бақытты болуға құқы бар екенін ескертеді. Соңғы монологта жігіт жұмысының кесірінен науқас анасының қасында ұзағырақ бола алмағанына, онымен жөні түзу тілдесіп, сырласпағаны үшін, алғысын айта алмағанын есіне алып, егіле ақтарылады. Мұндағы өкінішті жағдайлардың барлығы көрерменге ой салып, ата-ананы көзі тірісінде қадірлеуді ұқтырады.

Осы үзінділердің барлығы қойылымның бас кейіпкері ана мен баласының арасындағы қарым-қатынастың қатпарларын аша түседі. Бас кейіпкердің де күйеуі қайтқан ғой. Неге оған тұрмысқа шықпасқа, бақытты болмасқа? Мүмкін ол баласына қайта-қайта қоңырау шалып, мазасын алғанда осыны айтқысы келген шығар, түсіндіруге тырысқан болар? Мұны ойлап көрдік пе?

Соңында анасы телефонда ба ласын қатты жақсы көретінін айтып, талып түседі. Сол сәт манағы монолог оқыған кейіпкерлер жан-жақтан «Анаңызға соңғы рет қашан хабарластыңыз?» деп сізді тергей түседі. Жүрегіңіз аузыңызға тығылады. Бұл да қойылымның ерекшелігі дер едік. Әсерлі туындының сахна безендірілуі де қарапайым. Ұлының жұмыс үстелі сахнаның бір шетінде, екінші бұрышында – анасының жатын бөлмесі мен телефоны, дәрі-дәрмегі. Әртістердің костюмы, күнделікті киім сәтті таңдалған. Сахна әрлеуден хабары бар адамдар болса, ұлының қандай мекемеде бастық екенін үстеліндегі бұйымдарға қарап аңғарар, мүмкін. Әйтеуір, жай бастық емес…

Анасы құлағанда ұлы құстай ұшып жетеді де, оны қатты сағынғанын, өте жақсы көретінін айтады. Осы сәтте монолог орындаушылар Шәмшінің «Ана туралы жыр» әнін шырқайды. Көрермендер де қосылады. Бас кейіпкер ана сахна ортасына келіп, өзінің анасын сағынғанын айтады…

Көп көрерменнің көзінен жас көрдік, өзіміз де аздап жанарды жасқа шылап алдық. Бірақ, тас қала мен қатыгез қоғам жанымызды тас қылып жіберген сияқты ма, қалай өзі?.. Бұл ата-анадан ерте айырылып, көп қиындық көргеннен болар, сірә… Ғафу ақын айтпақшы, «Әлемнің байлығын сыйлар ем, кеш мені…», айналайын, анашым…

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button