Руханият

Шахтерге – құрмет!

Облыстық мемлекеттік мұрағат қоры жаңа құжаттармен толықты. Бұл жолы Социалистік Еңбек Ері, Құрметті шахтер, «Шахтер Даңқы» медалінің толық иегері Галиулла ХАЙРУЛЛИННІҢ жеке мұрағат қорының тұсаукесері өтті. Қорға шахтердің туыстары суреттерін, мақтау қағаздары мен хаттарын ұзын-ырғасы 60-тан астам құнды құжаттың түпнұсқасын өткізді.

– Галиулла Хайруллович – 1931 жылы комсомолдық жолдамамен Қарағанды шахтасына келген алғашқылардың бірі. Содан қарапайым жұмыскерден басшы қызметкерге дейін өсті. Қажырлы еңбегінің арқасында шахта тарихында өзіндік жарқын із қалдырды. Қарағандылықтар 1948 жылдың 28 тамызында ең алғаш Шахтер күнін атап өткенде, «Социалистік Еңбек Ері» атағын алған алғашқылардың бірі – осы кісі еді. Бұл құжаттардың мұрағатта тұруы бізді қуантады. Құнды дүниелердің келешек ұрпаққа берері мол екені анық, – дейді облыстық мемлекеттік мұрағат басшысы Жаңагүл Тұрсынова.

Галиулла Хайруллин 1909 жылы 2 мамырда Татар АССР-і Азнакаев ауданы, Чалпы ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Еңбек жолын Луганск облысындағы алтын кен орнында бастайды. Ал, Қарағандыға 1931 жылы Донецк кеншілерінің бірінші легімен жаңа көмір бассейнін игеруге келеді. 1946 жылдан бастап «Молотовуголь» тресінің № 64/83 шахтасында драйвер болып жұмыс істейді.

1955 жылдан бастап «Ленинуголь» тресінің № 37 шахтасында бригадир болып жұмыс атқарып, 1960 жылы зейнетке шығады. Сондай-ақ, тұсаукесер аясында қор құрушының құжаттарынан әзірленген «Гордость шахтерского края» деректі фотокөрмесі көрсетілді.

– 1945 жылы кеншілер күнін ең алғаш рет ескі қалада тойлаған едік. Әкем – шахтер. Алғаш Қарағандыдағы шахталарды ашқан. Өзім Галиулла Хайруллинмен көзі тірісінде талай жиындарда бірге болдым. Мінезі ашық, еңбекқор еді. Маңдай терінің арқасында үлкен марапатты иеленді, – деді Қазақстанның Құрметті шахтері Елтай Төлеубаев.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button