Бас тақырып

«Гимназияда оқып жүр, талай ұлттың баласы…»

Бір кездері балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен қазақ жеріне келіп, талай нәубетті басынан өткерген өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқына деген ықылас-пейілі ерекше. Бүгінде олардан өрбіген ұрпақ бір тудың астында тату-тәтті ғұмыр кешуде. Талай ұлт топтасқан білім ордасында да оқушылар бір үйдің баласындай болып кеткен.

Облыстағы ең көп ұлт өкілдерінің басын құраған білім ордасының бірі – Шәкәрім атындағы гимназия. Мұнда 17 ұлт өкілінің балалары білім алуда.

Түрі басқа болғанымен, тілегі бір жастар бар мұнда. Гимназияда қазақ тілінде еркін сөйлейтін өзге ұлттың өкілдері жетерлік. Алғашқыда орыс мектебі болып ашылған білім ордасында бүгінде армян, украин, литва, лезгин, корей, орыс, татар, башқұрт, күрд, өзбек, түрік, беларусь, чуваш, неміс, шешен, грузин ұлтының балалары білім алуда. Талай түлекті тәрбиелеп шығарған гимназияның жетістігі Қарағанды бойынша көш бастап тұр.

Гимназияда кейінгі жылдары қазақ сыныптары ашыла бастаған. Мұндай маңызды жайт өзге ұлт өкілдерінің беделді білім ордасында қазақша білім алуына түрткі болғандай сезіледі.

Гимназияда қазақшаға судай ұлты өзге оқушылар баршылық. Солардың бірі – Рубен Айрапетян. 11-сынып оқитын оқушының ұлты – армян. Қазіргі заманның талабына сай баласының көптілді болуын қалайтын ата-ана Рубенді алдымен қазақ балабақшасына, кейін қазақ сыныбына арнайы беріпті. Рубеннің отбасында қазақ тілін білетін тек өзі ғана екен. «Қазақша білсең, қазақ ұлты сені туысындай көреді. Қазақ тілін білу болашағыма әсер етеді. Осы елде, осы жерде тұрған соң, мемлекеттік тіл білудің маңызы зор», – дейді Рубен.

Рас, ұлтаралық достық пен татулықтың үлгісі осындай болса керек.

Шәкәрім атындағы гимназияда еңбек ететін орта буыннан сұрай қалсаңыз, әрқайсының өмірі ертеден тамыр тартады. Қазақстанға тағдырдың айдауымен келген талай жанның ұрпақтары бүгінде бір тудың астында тату-тәтті ғұмыр кешуде. Гимназияда орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін мұғалім Наталья Журавлеваның айтуынша, атасы 1946-1948 жылдары қуғынға ұшырап, қазақ жеріне келген көрінеді. Басына қара бұлт үйірілген неміс ұлтының азаматы танымайтын қазақ ортасына түсіп, қиындыққа ұшырағанда баспанасынан орын беріп, ас-ауқатын бөліскен – қазақ халқы болыпты. Адам қатарына қосылған азамат кейін осы елде тұрақтап, ұрпақ өрбіткен. Сол ұрпақтарының бірі – бүгінде беделді білім ордасында ұстаздық қызмет атқарып жүр.

Ал, бүгінгі жас кешегі тарихты ұмытып барады. Бір шаңырақтың астында бірлікпен ғұмыр кешіп келе жатқан әртүрлі ұлттың балалары ата-бабасының Қазақстанға қалай келгенін біле бермейді, білсе де түсіне бермейді. Бәлкім, ит басына іркіт төгілген заманда өмір сүріп жатқан қазіргі ұрпақтың бір кездері ата-бабасының қазақ жеріне келіп, талай нәубетті басынан өткергенін көзімен көріп, жүрегімен сезінбегеннен шығар. Алайда, Қазақстанда тұратын бүгінгі өзге ұлттың балалары қазақты дос көреді. Олар қазақ жерінде туған соң, өз Отанын осы деп білуі – заңдылық.

Гимназияда түрлі ұлт өкілдерінің басын қосатын үйірме бар. Ол «Әлем әліппесі» («Азбука мира») деп аталады. Мұнда 9-11-сынып оқушылары қатысады.

«Әлем әліппесі» («Азбука мира») үйірмесі жоғары сынып оқушылары үшін аптасына 1 рет өткізіледі. Оқушыларды қалалық, облыстық іс-шараларға қатыстырамыз. Үйірмеге қатысатын оқушылар – облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының жанынан құрылған «Жас Отан» жастар қанатына мүше.

Біз Ассамблеямен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Литва, корей бірлестіктері бар. «Әлем әліппесі» үйірмесі гимназияда мерекеге орай ауқымды іс-шаралар өткізеді, – дейді үйірме жетекшісі Эдита Ильясова.

Одан бөлек, гимназиядағы орыс сыныбында оқитын оқушы мемлекеттік тілдегі пән олимпиадасына қатысып, жүлделі орын алған. Атап айтқанда, 11-сынып оқитын Игнат Тё қазақ тілі пәнінен облыстық олимпиададан І орын алып, республикалық олимпиадаға жолдама алған. Бұл да оқушының қазақ тілін меңгерудегі қарым-қабілеті мен ұстаз еңбегінің нәтижесін байқатса керек. Гимназия осындай оқушыларымен мақтанады.

Біздің мектепте қаншама өзге ұлт өкілдерінен құралған оқушылар білім алуда. Біз олардың ешқайсысын бөліп-жармай, бәріне бірдей қараймыз. Оған біз де, олар да үйренген. Гимназияішілік шараларға барлығы бірдей атсалысады. Қазақстан халқы бірлігі күніне орай жыл сайын «Бірлігіміз жарасқан» фестивалін ұйымдастыратынбыз. Алайда, бұл пандемияға байланысты өткізілмеді. Жалпы, гимназияда мерекеге орай түрлі түрлі іс-шаралар өткізіледі, – дейді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бақыт Омарова.

Ұлт болып ұйысқан білім ордасында талай ұлттың баласы білім алуда. Бәрінің Отаны бір болған соң, тілегі де, жүрегі де бір.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button