«Қазақ әдебиеті» — ұлттық құндылық қайнары

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақ әдебиеті» оқулығы мазмұнына талдау жасауды тапсыруы тегін емес, астарында аса ауқымды тәрбиелік мән жатыр. Өйткені, өскелең ұрпақтың болмысы бөлек ұлттық тұлға болып қалыптасуының құнарлы тамыры тек білім беруде ғана емес, тиянақты тәлім-тәрбие мен ұлттық құндылықты терең танытуда. Ал, «Қазақ әдебиеті» пәні — нақ сол ұлттық құндылықтың қайнар көзі. Керек десең, ол — мемлекеттік идеологияның өзегі. Ендеше, бұл пәннің маңызы мен өзектілігі қандай екені өзінен-өзі түсінікті.

Өкінішке орай, жасалған талдаудың нәтижесі мәз емес, көңілге кірбің түсіретін түйткілді тұсы баршылық. Әрине, оның бәрін безбендеп, келелі қортынды шығару – алдымен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, сосын сала мамандарының міндеті. Біз бірнешеуін ғана тілге тиек етейік. Мәселен, бүгінгі ұрпақ Ғабиден Мұстафин, Жұбан Молдағалиев, Жұмекен Нәжімеденов сынды классик ақын-жазушының бар екенін білмеуі мүмкін. Себебі, «Қазақ әдебиеті» оқулығынан олардың шығармасына орын бұйырмаған. Есесіне, есімі елге әлі танылмаған, туындысы туған-туысы мен ауылдасы арасында болмаса, әдеби ортада толық мойындай қоймаған қаламгер кездесіп қалады.

Кейбір қаламгердің өмірбаяны мен шығармасы бірнеше сыныпта оқытылады. Бір оқулықта бірнеше шығармасы берілген ақын-жазушы да кездеседі. Мұндай «бірде – шөл, бірде – көл» көрініс – оқулық дайындауда қазір қолданылып жүрген жүйе мен тәртіптің кемшілігі. Мәселен, бүгінде оқулық авторын тендерде топ жарған баспа таңдайды. Демек, оны кімге жаздыратынын өзі біледі. Ал, авторлар тобы оқулыққа кіретін қаламгерлер шығармасынан берілетін үзіндіні өзі анықтайды. Алайда, іріктеудің нақты өлшемі жоқ.

Соның салдарынан бір сыныпқа арналып әр баспадан шыққан «Қазақ әдебиеті» оқулығының авторы әртүрлі болады. Қазір әр мектеп осындай әртүрлі авторлар тобының қолынан шыққан оқулықты пайдалануда. Мәселен, оқулыққа енгізілетін қаламгерлер тізімін әзірлеуге Қазақстан Жазушылар одағы тартылып, олар ой-пікір білдіріпті дегенді өз басым естімеппін. Егер бірлесіп атқарса, әлгіндей кемшіліктің кетуіне тосқауыл қойылып, әттеген-айдың алдын алуға болар еді. «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген емес пе атам қазақ?!

5-11 сыныптарға арналған оқулықтардың мазмұнында бірізділік жоқ. Бірде хронологиялық қағидат басшылыққа алынса, біресе тақырыптық түзілімге басымдық беріледі. Негізі «Қазақ әдебиеті» оқулығы сыныптың жоғарылауына қарай өзара жүйелі байланып, бір-бірін толықтыратындай тақырыптарды қамтуға, төл әдебиеттің сабақтаса дамуына негізделгені абзал. Сосын кейбір сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығына Д.Лондон, Р.Ғамзатов, Э.Хемингуэй, А.Пушкин сияқты шетелдік ақын-жазушының еңбегі неге енгізілетінін түсінбедім.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев талдау қорытындысымен танысқасын Білім және ғылым министрлігіне мәселені мұқият зерделеуді және кемшілікті жоюды тапсырды. Осындай мақсатты жұмыс тек әдебиет әлемі ғана емес, басқа салаға арналған оқулық сапасын да одан әрі жетілдіруге септігін тигізері анық. Соған сенейік!

Әлібек ӘБДІРАШ,

«Ortalyq Qazaqstan» газеті Бас редакторының орынбасары.