Руханият

Қарқаралы қазағының мінезі

«Социалды Қазақстанның» 1932 жылдың 10 маусым күнгі санында бұрынғы алашордашылар Мұхтар Әуезов пен Ғалымхан Ермекұлының қателіктерін мойындаған хаты жарияланды. Ғалымхан мен Мұхтарды Алашорданың басшылары ретінде көрсетіп отырған «Социалды Қазақстан» мен Кахиани өтірік айтады. Алашордаға соңынан келіп қатысқан Мұхтар былай тұрсын, бұрыннан Алашорда мүшесі Ғалымхан да Алашорданың бастықтарынан емес. Біз, қаншама ірі тұлға болса да, үмітімізді жеке адамдардың атына тәуелді етіп қоя алмаймыз. Біз жеке тұлғалардан жоғары тұрған ұлттық мұраттарға сүйенеміз.

Мұстафа Шоқайдың «Тәубеге келген «Алашордашылар» атты мақаласын да сынға алған М.Кахиани мәскеулік имперкоммунизмнің Орта Азиялық бюросының (ОАБ) хатшысы болатын. ОАБ-тың міндеті барлық Орта Азиядағы советтік республикаларда мемлекеттік, партиялық құрылысты басқару, қадағалау-тын. Кахиани Алматы қалалық партия комитетінің 4-пленумында «Мұхтар мен Ғалымханның хаттарын басмашыларын да халық қамқоры, халық үшін күресуші санайтын «Яш Түркістанның» бас редакторы Мұстафа Шоқайұлы оқыса, қандай қызық болар еді? Өз жолдарының бұрынғы көсемдерінің де көзі жетіп, Кеңес қатарына өткенін Мұстафа Шоқайұлы білетін болсын» деп масаттанды. М.Шоқайдың большевик Кахианидің М.Әуезов пен Ә.Ермековті «Алаш қозғалысының көсемдері» ретінде көрсеткеніне қарсы шығуының бір ғана себебі бар. Ол – барша қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен ұлыстары кіретін азат және тәуелсіз ұлттық Түркістан құру идеясы. М.Шоқай айтқан екен: «Ресей үкіметі ежелден осы ұлыстарды бір-біріне айдап салып, «бөліп ал да, билей бер» саясатын жүргізіп, ұлттық ынтымағымызға сына қағып үлгерді. Соның нәтижесінде, бір мақсатқа бастайтын күшті орталығы жоқ, басшысыз, тұлғасыз тобыр түрінде көріндік. Жеке ұлыстардың беделді басшылары болғанымен, жалпы түркістандық саясаты «орталық тұлға» боларлық беделді адамымыз болмады». Бізге М.Шоқайдай білімдіден шыққан сөзді дұрыс зерттеуге көмекке келер деректер Семейдегі «Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығының» қорында сақталған. Тарихи деректерге сәйкес, М.Әуезов пен Ә.Ермековтің «Алаш» қозғалысына белсенді қатысу кезеңі 1917- 1921 жылдар аралығында Семей қаласында өтіпті.

Ә.Ермековтің естеліктері бойынша, Әлімхан 1919 жылдың күзінде қаладан қырға бой тасалап кетуге мәжбүр болған. Ермеков желтоқсан айында Семейде жүрген М.Әуезовпен хат жазып хабарласып, қалаға оралып, онымен жүздеседі. 1919 жылғы Ермековтің Әуезовпен кездесуі 1920 жылы Ресей революциясының көсемі В.Ленинмен жолығуға ұласады. Ленинге дейін Ермеков Омбыдағы Сібір ревкомынан келген революционер Косаревпен танысады. Ермековтің айтуынша, большевик Косарев Семейдегі қазақтың кедей-кепшіктері, жатақтары, ұсақ қолөнершілері, жұмысшылардың билікке қатысты пікірлерін білу мақсатында бірнеше митинг өткізген. Сол кездегі деректерге сәйкес, тау-кен шикізат өндірісіндегі қазақ қара жұмысшыларының 70%-ы Ақмола мен Семей губерниясынан екен.

Ермеков естелігінде желтоқсан айының соңғы күндері келген Косаревтің ұсынысымен қазақтардан өзі және Ж.Тюленевтің өткені көрсетілген. Алайда, архивтік деректерге сай, Косарев Семейге 1920 жылдың 13 қаңтарында келеді, ал Ермековтің естелігі 1965-1967 жылдары жазылғанын ескерген жөн. Ермековтің естелігі өзі туралы болғандықтан, Ж.Тюленевтің тұлғасына тоқтамағаны заңды. Ермековтің естелігіндегі Ж.Тюленевтің кім екендігін зерттеушінің «қажымас досы» архив айтып береді. Бұқара халықтың, қазақ жұмысшы табының өкілі болып, Семей ревкомына өткен Ж.Тюленевтің толық есім-сойы, тегі архивтік құжатта Жақсылық Төленов. Төленовтің кәсібі – етікші. Абай айтқан «Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол». Архивтегі жазбаларында Ж.Төленов Семейдің губревкомына қазақтардың еңбекшілер партиясының атынан өткенін көрсеткен. (Қ.-72; т.1, іс 18; б.304; іс 80; б.233)

Енді, Ә.Ермековтің өзіне келсек, Ә.Ермеков пен Халел Ғаббасов екеуі Семей облыстық ревкомына Алаш Орданың Семей облыстық бөлімінің атынан ұсынылған болатын. Бұл фактіні архивте сақталған 1919 жылдың 18 желтоқсанындағы №528 куәлік растайды. (Қ.-72; т.1, іс 18; 3 бума.) Семейге 21 желтоқсанда келген жорық ревкомы Алаштың кандидатураларын қолдайды. Бірақ, екі кандидатураны да 29 желтоқсанда Сібір ревкомы бекітпей тастайды. ( Қ.-72; т.1, іс 29.) Өйткені, Омбыдағы Сібір ревкомының 02.12.1919 жылғы қаулысы бойынша губревком және уездік ревкомдарда қазақ (киргиз) секцияларын ұйымдастыру көзделген болатын. (Қ-72; т.1, іс.4 ). Бұдан бөлек, Мәскеу орталық билігінің ойы Қазақстанда Алаш Орданың ықпалын шектеп, қазақ кедейлерін большевиктік әкімшілік-басқару ісіне тарту. Сол себептен, Семейге Сібір ревкомының мүшесі Косарев 13 қаңтарда келіп, қалада митинг өткізіп, еңбекшілер табының өкілі ретінде Төленов Жақсылықты Семейдің губревкомының құрамына енгізеді. Ә.Ермековті билікке де білімді, білікті маман қажет болған соң қызметке алады. Семей губревкомында Ә.Ермеков 1920 жылдың сәуір айына дейін қызмет атқарып, Орынборға кетеді, оның орнына 4 сәуір күні мүше болып Ж.Аймауытов бекітіледі. (Қ.72; Т. 1; іс 27.) Етікші Жақсылық Төленов 1920 жылдың шілде айына дейін ревкомның мүшесі. Семей облревкомының 1920 жылғы 15 маусым күнгі отырысында Ж.Төленов қазақ болыстарын аралаған сапарынан есеп береді. (Қ.72; Т. 1; іс 21.) Кейін жазушы Ж.Аймауытов губревком мүшесі Ж.Төленовтің бейнесін «етікші Жақсылық» деп өзінің «Ақбілек» романында суреттейді. Енді, Ермеков пен Төленовтің Семей ревкомына сайлануына себепкер болған тарихи оқиғаларға тоқталайық. Омбы жақта Колчакты қызыл әскер жеңе бастаған кезде Семейде 1919 желтоқсан айының 1 күні төңкеріс болып, билік 24 кісіден тұратын соғыс-революциялық комитетіне көшеді. Әрине, төңкерісті большевиктер алдын ала дайындаған, 1919 тамыз айында Колчактың тылында астыртын жұмыс жүргізу үшін құрылған ұйым істейтін. Төңкеріс комитетті құрылған соң 2-3 күннен кейін крестьяндардың қызыл партизан армиясы Семейге енеді де, ревкомның әскери бөліміне Козырь, Баранюк, азаматтық бөліміне В.Курамжин кіреді. Және шешуші дауысқа ие Алаш Орданың 3 кісісін, хаттамада аты-жөндері жазылмаған, мүшелікке қабылдайды. Бірнеше күннен кейін қалаға қызыл әскер кіреді де, 16 желтоқсанда Сібір жорық (походный) революциялық комитеті Семейде жаңадан уақытша облыстық ревком құрады. Сібір ревкомының өкілі П.Голиков жаңа тағайындалған Скиба, Бобров, Большаковтарды таныстырады. Комитетке қосымша сайлау өткізіліп, көп дауыс алған Курамжин мен Невортов өтеді. Ал, аз дауыс алған Д.Портнягин өтпей қалады. Міне, осы Портнягин жаңағы Голиковтің сұрауы бойынша Алаш Орда ұйымы туралы білгенін айтып береді. П.Голиковтің Семейге өкіл болып келуінің бір себебі, ол – Семей қаласына бірінші болып енген партизан армиясының қолбасшысы Е.Мамонтовтың жоғарғы соғыс-революциялық басты штабының басшысының орынбасары және Сібір, Қиыр Шығыс, Орта Азия өлкесі, Қазақтан жайлы жақсы хабардар болған. Омбыдағы Сібір ревкомының өкілі болып келген соң Голиков әрине Алаш Орда туралы тиісті саяси мәліметке ие еді. Семей қаласында, оның маңайында қазақ көп болған. Санақ бойынша Семей облысында 1 млн. 300 мың жергілікті тұрғын болса, оның 800 мыңын қазақтар құраған. Сол себепті, Сібір ревкомы қазаққа әлі де ықпалы бар ұйым ретінде Алаш Орда мүшелерін Совет қызметіне тартпақ еді. Төңкеріс комитеттерінде білікті, білімді кадрлар жетіспейтін, көбінесе кәсіби революционерлер әртүрлі қызмет атқарған. Жаңағы Сібір ревкомының өкілі Голиковтің жұбайы К.Голикова Семей облревкомның ақпараттық-инструкторлық бөлімшесінің басшысы болып тағайындалыпты. Екеуі де Томск қаласында большевиктік қозғалысқа қатысқан, Ресейде әрекет еткен партиялардан, оның ішінде Омбы мен Томда ықпалды кадет партиясы да бар, хабардар болатын. Ә.Бөкейханұлының 1917 жылдың шілде айына шейін кадет партиясының мүшесі болғанын, 1895 жылдан Омбы қаласында өмір сүргені белгілі.

Голиков туралы тағы бір айтарымыз, ол жасынан баспаханада жұмыс істеген, баспасөзге жақын болып, өзі де мақала жазған. Міне, осы деректер, Омбы, Том қалаларындағы большевиктердің Алаш қозғалысы, оның көсемі Ә.Бөкейханов туралы қажетті ақпараттары болған. М.Әуезов Омбыға 1918 жылы барған, Ә.Ермеков 1913 жылдан Том қаласында оқыған. Сібір қалалары мен Қыр арасындағы қарым-қатынас тым әріден келе жатқанын ескерсек, қазақ оқығандары көрші елдің жағдайын жақсы білген. Ал, Семейде төңкеріс комитетінің ішінде Алаш Орда жайын білетін жалғыз адам Портнягин болып шығады. Д.Портнягин – 1875 жылы туған жергілікті өлкетанушы, Ресей империясының географиялық қоғамының Батыс Сібір бөлімінің Семей бөлімшесінің ғылыми музейінің меңгерушісі. Портнягин Семейдің қазақ интеллигенциясының бұл қоғаммен 1870 жылы басталған Абай мен Ресейден жер аударылған Михаэлистерден келе жатқан қарым-қатынасынан жақсы хабардар еді. Жер аудару практикасы Ресейде XVI ғасырдан басталады. Сібірге аудару ісі колониялдық мақсатта жүргізілді, кейін қоғамға, билікке қауіпті, жат элементтер деп танылған жұртты ел орталығынан аластату жүйелі түрде жүргізілді. Семейде ссылкада жүрген біраз жандар оқу-ағарту ісімен айналысқан соң қазақ оқығандарымен таныс-біліс болған. 1919 жылдың 16 желтоқсанында Семейде революциялық комитет құру туралы жиынның хаттамасында Д.Портнягин Алаш Орда ұйымына жақын тұрады деп нақты жазылған. (Қ.-200, т.1, іс140; б.12) Жоғарыда ревкомның жиыны 16 желтоқсанда өтсе, Алаш Орданың Семей облыстық бөлімі 18 желтоқсанда Семей ревкомының құрамына Ермеков пен Ғаббасовты ұсынғанын айтқанбыз. Ревкомның жиыны болатыны жайындағы ақпаратты М.Әуезов Д.Портнягиннен алады. 18 желтоқсанда облревкомның жиынына М.Әуезов өзімен бірге Ермеков пен Дюсебаевты ерте келеді. Ермековтің естелігі бойынша Колчак үкіметі құлап, ақтар Қиыр Шығыс асып жатқанда бір топ алаштықтар қырға, қазан айында ел ішіне кетеді. Кадет партияының белді бір мүшесі Л.Крольдің айтуынша, ол Ә.Бөкейханға Омбыдан Иркутск қаласына Колчак үкіметіне еруге ұсынған. Ә.Бөкейхан бас тартып Қарқаралыға оралған. 1919 жылдың 13 желтоқсанында қызылдардың 5-армиясының 59-шы дивизиясы Қарқаралыға енеді. Дивизияның ерекше бөлімі Алаш Орданың мүшелерін іздестіреді де, қолға түскендерін 1920 жылдың қаңтарында Семейге айдап, көсемдері Ә.Бөкейхановтан бастап, түрмеге қамай бастайды. Міне, осы тұста Алаш азаматтарына араша түскен жалғыз адал адам – Жақсылық Төленов болып шығады. 1917 жылы Семейде етікшілер артелін құрған Жақсылық «Жұмсат» атты жоба жасап, халық арасына таратады. Жақсылық Семейдегі «Алаш» партиясының «Сарыарқа» газетін баспадан шығарып, оны елге тарату шығындарын өтеп тұратын «Теңдік» атты уақ қарыз серіктестігіне мүше болып, тиісті жарнасын төлеп тұрған. 1920 жылдың қаңтарында Семей мен Қарқаралыда ресми билікте беделді тұлға тек қана етікші, ер мінезді Жақсылық еді. Омбыдағы билік үшін Семей губревкомында қазақ бөлімін басқарған Төленовтің сөзі саяси салмақты еді. Жақсылық қазақ халқының дауысы болған соң Косырев Алаш азаматтарын губревкомның екі мүшесінің кепілдігімен босатуға болатындығын телеграмма жолдап растады. Осы оқиғадан кейін Төленовті семейліктер «етікші жандарал» деп атап кетеді. Сөз соңында М.Шоқайдың: «Біз, қаншама ірі тұлға болса да, үмітімізді жеке адамдардың атына тәуелді етіп қоя алмаймыз. Біз жеке тұлғалардан жоғары тұрған ұлттық мұраттарға сүйенеміз» деген ойының негізгі құқықтық себебін: Бальзак жақсы ашып кеткенін атап өтсек дұрыс болар: «Жеке тұлға өз ұлтынан ақылды болуға міндетті емес!»

Марат АЗБАНБАЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button