Біздің сұхбат

Оксана ШЕФЕР: «Мақсат – есепке алу емес, емдеу»

Облыстық психикалық денсаулық орталығының есебінде психоактивті заттарға тәуелді 8 мыңнан астам адам бар. Олардың 40%-ға жуығы – нашақорлар. Оның ішінде 5%-ы синтетикалық есірткіге тәуелді саналады. Нашақорларды емдеу жұмысы туралы аталмыш орталықтың наркологиялық диспансер бөлімінің меңгерушісі Оксана ШЕФЕР айтып берді.

 

Синтетикалық есірткі жастардың есін алып жатқан үлкен қатер дейміз. Бұл шындыққа қаншалықты сәйкес келеді?

Иә, расымен синтетикалық есірткі жастар арасында танымал. Дегенмен, жастардың барлығын есірткі қолданады деуге келмес. Оқитын, спортпен айналысатын, белгілі бір қызығушылықтары бар жастарымыз көп. Олар есірткінің зияны туралы естіген, біледі. Осы жағдайлар олардың есірткі қолданып көруіне мүмкіндік бермейді. Бұл жерде жастар «мен мықтымын, мен есірткі қолданбаймын, нашақор болмаймын» деген ойдан гөрі «бұл маған керек емес, болашағым үшін оның еш пайдасы жоқ» деген көзқарас қалыптасса, ол саналы түрде нашадан алыс жүретін болады.

Сіздерде есепте тұрған ең жас нашақор нешеде?

– Бізде 18 жастан есепке алынады. Олардың тәуелділігі есепке алынардан 3-4 жыл бұрын қалыптасады. Ал, егер жасөспірімдер қолданса, олармен профилактикалық жұмыс жүргізіледі. Бірден есепке алу деген жоқ. Негізгі міндет есепке қою емес, оған көмектесу. Қажет болған жағдайда емдеу құпия түрде ата-насының қатысуымен ғана облыстық балалар психоневрологиялық орталығында жүргізіледі. Яғни, бізде емес. Жалпы, ата-анасының келісімінсіз 18 жасқа толмағандар есепке алынбайды. Бірақ, бірнеше мәрте келіп ем алса, есепке алуға мәжбүрміз. Қазіргі уақытта онда тіркелгендер жоқ.

Емдеу ісіне қатысты айтып берсеңіз.

Емдеу ісінде айтарымыз, оның ұзақтығы мен науқастың «жазыламын» деген ниетіне байланысты. Яғни, адам емделуге бел буып, шынымен тәуелділіктен арылғысы келсе, біз оған қажетті көмек пен қызметтің барлығын көрсетуге әзірміз. Егер адамның өзі қаламаса, біз қанша тырысқанымызбен, ол бұл жерден шығып өзінің бұрынғы ортасына оралады да қайтадан есірткі қабылдай бастайды. Басында айтқанымдай, емнің нәтижелі болуы адамның өзіне байланысты.

Ем алуға қайта келгендер бар ма?

Әрине, қайтадан келетіндер болады. Оларды басынан бастап қайтадан емдейміз

Ем-домның негізі неде?

Медикаментоздық ем де, психологиялық қолдау көрсету де маңызды. Науқас ем қабылдауға дайын болса, оны жіберетін бөлімше нақтыланады, қажетті көмек көлемі анықталады. Кейде науқастар емді аяқтамай кеткісі келеді. Ондай уақытта емді тастап кетпеуіне психологиялық қолдау көрсете отырып, соңына дейін нәтижемен шығаруға тырысамыз. Психологиялық көзқарасын өзгертуіміз керек.

Нашақор адамды өзінің еркінен тыс емге жіберу қаншалықты мүмкін? Сіздерге осындай көмек сұрап хабарласатындар бар ма?

Иә, бізде мәжбүрлі емдеу бар, ол Саран қаласында жасалады. Бірақ, бұл жағдайда біз жедел жәрдем не медициналық қызметкерлер сияқты өзіміз бармаймыз, полиция бөлімдерімен жұмыс жасаймыз. Мекен жайын полиция бөліміне хабарлағаннан кейін учаскелік инспектор медициналық қызметкермен бірге ол адамды бізге алып келеді, біз оны қарап, тексеріп, тиісті диагнозын қоямыз. Одан кейін туыстарының арызы немесе полиция қызметкерлерінің өтінішхатымен құжаттар сотқа жіберіледі. Мәжбүрлі емдеу тек соттың шешімімен ғана жүргізіледі. Ол кезде емдеу курсы 3 айдан 2 жылға дейін болуы мүмкін. Ем аяқталмай науқас ол жерден өз еркімен кете алмайды.

Нашақорлар арасында ер адамдар көп пе, әйелдер ме?

Ер адамдар көбірек кездеседі.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Сұхбаттасқан Айдана ҚАБДЫРАШЕВА,

ҚарУ-дың ІІ курс студенті.

Басқа материалдар

Back to top button