Жаңалықтар

Реформатор

Адамзат баласының даму жолы түрлі кезеңдерден тұрады. Ақыл-ой, сана деңгейінің кемелденуі жолында әр кезең жалпы заңдылықтарды берік ұстанса да, өзіндік ерекшелігі болуы, кешегіге қарағанда бүгінгіге тың пікір, тегеурінді іс-әрекет қажеттігі және белгілі. Демек, осындай үдерісті жіті аңғарып заман талабы, уақыт тынысына орай көрегендікпен қызмет ететіндерді, сірә, реформатор деген жөн болар?! Сондай азаматтың адамшылық абзал болмысы, қайраткерлік қапысыз қарым-қабілеті туралы азды-көпті сөз қозғамақпыз…

Философия ілімінің қағидаларына сәйкес, кез келген саналы жанның төмендегі сауалдарға жауап іздейтіні анық. «Адам. Ол кім? Қандай жаратылыс. Ол не үшін ғұмыр кешеді? Өмірінің мәні мен маңызы, мазмұны неде? Адам ғұмырындағы барша жайттар жақсылық пен зұлымдықтың еш уақытта ымыраға келмес күресінен тұрса, көп реттерде соңғысының мерейі неге үстем болып шығады? Өркениеттің алғашқы іргетасы ертеде Шығыс елдерінде қаланса, бір ғана араб елдерінде болып жатқан келеңсіздіктерді қалай түсінеміз? Дүбәра, тобырлық мәдениет біздің жас буынды улап, рухани экспансияға, азғындыққа бастамас үшін не істеген абзал?! Жасырмайық, дамыған деп есептейтін батыс жалаңаштануды уағыздаса, шығыс тұмшалануды насихаттайды. Материалдық құндылық емес, рухани игілік мәңгілік деген ұғымға сай десек, шын мәнінде озбырлық, өктемдік, ашкөздік неге өңмендеп, өмірдің бар саласынан бой көрсетуде? Жүрегіңде Жаратушыға деген иман болса, жетеді. Ендеше, неге заманауи білім мен ғылымға баулығанның орнына жас буынды жастарды мешіттен көп көреміз? Түрлі діни ағым, зиянды секталық топтардан келетін зардапты жою үшін не істеу керек? «Махаббатпен жаратқан адамзатты», «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» (Абай) қағидалары қайда қалмақ? Жалпы, мына беймәлімдеу, мазасыз, геосаяси ахуалы ушығып тұрған әлемде халқының саны аз, аумағы үлкен, табиғи, пайдалы қазба байлықтар ресурсы орасан мол, тәуелсіздікке қол жеткізгеніне отыз жыл ғана толған қазақ елі қандай ұстанымда болуы керек?» Міне, біздің осы шағын ғана материалымызға кейіпкер болып отырған Нұрлан Орынбасарұлындай азаматты ойландырып әрі толғандырып жүрген жайттар осылар десек, шындықтан аса алыс кете қоймаспыз. Жалпы алғанда, мүмкін, жаңа уақыт, жаңа жағдаяттар аясында идеология ұғымының өзіне де басқашалау көзқарас керек пе? Идеология – шын мәнінде адамдар санасының ақиқатқа қатынасын анықтайтын және қабылдайтын саяси, құқықтық, адамгершілік, этикалық және философиялық идеалдар мен көзқарастардың жүйесі десек, сол идеология саяси өмірде көпшіліктің саяси санасын қалыптастыруға, қоғамдық өмірде бағыт-бағдар, рухани байланыстар жүйесін айқындауға көмектеседі және саяси іс-әрекет жолдарын белгілеу қызметін атқарады. Осынау қағидаттар оң бағытта шешілуі үшін қазақ зиялылары көтеретін жүктің қаншалықты салмақты екенін пайымдай беріңіз!..

Еліміздегі зиялылардың алдыңғы легінде жүрген Нұрлан Дулатбеков, ақиқатын айтайық, ұстаздық, білім мен ғылым саласында істемей, басқа салада қызмет атқарса да, абыройлы болар еді, алайда ол пешене деп аталатын шетсіз, шексіз абстрактылы ұғымның маңдайына жазғандығынан ба, бабадан атаға, атадан әкеге, әкеден біздің дәуірімізге жеткен ұлттық аманатты жүзеге асыруға бел байлапты. Ар жағын айтпай-ақ, бертіндегі Әлихан сияқты ұлт көсемі, Ахмет сияқты ұлт ұстазының бізге табыстаған эстафетасына абыроймен ие болуды мақсат тұтыпты. Ал, ондай аманатты, яғни, білім мен ғылымда жүзеге асыру қандай тұлғаға болсын адамтану ғылымымен терең айналысуды міндеттейтіні әмбеге аян…

Сол адамтану ғылымы оны адам – уақыт – қоғам – сана төрттағанының ішкі иірімдеріне үңілуге бастады. Заңгерлік білімі руханият мұраларын зерттеуші ретіндегі шеберлігіне алғышарттар жасады. Облыстық мәслихаттағы қызметі өңірдегі жұртшылықтың әлеуметтік әл-ауқатымен жете танысуына ғана емес, нақты қалыптасқан хал-ахуал мен адамдар арасындағы пікірдің тоғысуына жәрдем жасауымен ерекшеленді. Көкейінде заң басымдығына негізделген мәслихат депутаттарының атқарушы биліктен дербестігі, т.б. жайттар орын алды. Республика Парламентінде заң шығарушы органның әлемдік тәжірибедегі орны, заңның Қазақстан Республикасының өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, оңтайлы әрі тиімді болуы мәселелері толғандырды. Ақиқатын айтайық, дәл сол тұста жердің сатылуы, жалға берілуі сияқты аса өзекті мәселелердің ушығып тұрған кезі болатын. Депутат Н.Дулатбеков сол тұста бірден халық тілегін нысан етіп ұстаған қажырлы жандардың бірі болды. Қоғаммен, халықпен тікелей байланысқа түсіп, жас мемлекеттің сындарлы саясатын жан-жақты насихаттауда алымдылық танытты. Көпшіліктің көкейіндегі талап-тілектерді терең ұғынып, шынайы шешім табуына себепкер болды. Халық қалаулысы ретінде толғағы жеткен мәселелер жөнінде пайымды пікірлер айтып, салиқалы сұхбаттар құрды.

Сол адамтану ғылымы оны өткен тарихқа, әсіресе, ақтаңдақтар болып есептелетін проблемаларға бастады. Алғаш рет өзі бас болып, Жақсы Жанқұттыдай ұлы тұлғаға, Нарманбет, Мәди, Қақпан, Қайып, Хасен, т.б. ірілерге арналған кітаптар шығарды. Орталық Қазақстан ақындары поэзиясының антологиясы, Бұқар, Мәшһүр Жүсіп мұраларына, өңірдің тарихи, мәдени-рухани мәселелеріне арналған анықтамалық сипаттағы дүниелер жарияланды. Көпшіліктің игілігіне айналды.

Сол адамтану ғылымы оны адамзат тарихындағы ең орасан зор трагедия – КСРО-дағы репрессия жылдарын зерттеуге Темірқазық болды. Алаш арыстары туралы қыруар материалдар мерзімді бұқаралық ақпарат құралдарында жүйелі жарияланды. Олардың Санкт-Петербургтегі, т.б. жерлердегі саяси іс-әрекеттері кітап болып жарыққа шықты. Ә.Бөкейханов, Ж.Ақбаев, Р.Мәрсеков, Ж.Сейдалин, А.Тұрлыбаев, Б.Сырттанов, т.б. әйгілі тұлғалар туралы ғылыми-танымдық дүниелер жұртшылыққа жол тартты. Соның нәтижесінде заң да, ар-намыс та, ұлттық бол мыс та табанға тапталған тоталитарлық тәртіптің толыққанды зұлымдық картинасы паш етілді.

Қарағанды өңірі саяси тұтқындардың жазасын өту орны болды. Бір ғана Степлаг, Қарлагты айтсақ та жеткілікті. Нұрлан Орынбасарұлы саяси тұтқындардың жер басып жүргендерімен, бақилық болғандарының ұрпақтарымен кездесулер ұйымдастарды. Оның идеясымен және бас редакторлығымен шерлі тарихқа, әсіресе, Қарлаг тұтқындарына, олардың шығармашылығына арналып, арнайы құжаттармен дәйектелген мұрағаттық материалдар бірнеше том болып жарыққа шықты. Әсіресе, жапон тұтқындарының қасіретті тағдырына арналған том оған, кітапты әзірлеген ғылыми-шығармашылық топ өкілдеріне Жапония үкіметінің тарапынан ыстық ықыласқа ие болуына мүмкіндік бергенін айтқан жөн. Дамылсыз, үнемі ойланып жүретін, жаңашылдыққа қол созуды әдетке айналдырған осынау қиял қанатты азамат облыс қана емес, республика аумағындағы талай игілікті істерге бастамашы, ұйытқы, демеуші болды. Ұлттық, тұтас қазақстандық руханияттың қамқоршысы, жоқшысы санатына көтерілді. Соның нәтижесінде арманда кеткен талай арыстың мемориалдық тақтасы ашылды. Ұлы тұлғалар Қаздауысты Қазыбек би, Бұқар жырау, С.Сейфуллиндерге арналған тұлғалық энциклопедиялар оның бастамасымен әзірленіп, тұсаукесер рәсімдері Елордадағы академиялық ұлттық кітапханада өткерілген еді.

Ұлтшылдық асыл қасиет оны республикадағы, басқа елдердегі танымал жандармен идеялас, пікірлес, ниеттес етті. Таяуда әлемдік тарихтағы аса ірі құбылыс – феномен Ә.Бөкейхан туралы бір ресейлік ғалымның жақсы зерттеу кітабы шығып, тұсаукесері Қарағандыда өтті. Ұйымдастырушы Н.Дулатбеков болды. Кітап авторы осыдан біраз жыл бұрын әлемдік деңгейдегі ұлы тұлға Ә.Бөкейханның Мәскеу маңындағы Дон зиратынан жерленген жері табылып, оған мәрмәр тастан белгі жасатқан, Қасым ақынның: «Ей, тәкаппар дүние! Маған да бір қарашы, Танисың ба сен мені? Мен – қазақтың баласы!» – деп келетін жыр жолдарын ойып жазғызып, ұлы адамның басына ескерткіш белгі орнатқан адамды іздеп, әуре-сарсаңға түскен екен. Тек кейіннен ғана белгілі болыпты…

Сөз жоқ, Нұрлан Орынбасарұлы алмағайып кезеңде, аумалы-төкпелі әлеуметтік ахуал жағдайында қашанда салқын сабырынан танбай, алған бағытынан ақырына дейін айнымай, қандай сын-сынаққа да төтеп беріп, тауаны таусылмай, тағаты жетіп келе жатқан табанды қайраткерлеріміздің санатынан. Қандай күрделі кезеңдерде ол ертеңге деген сенімнен айырылмай, серттен танбай, ынтымақ пен ыждаһатқа жүгініп, баршаны жасампаз істерге жұмылдыра білді. Ғылыми кемелдікке адамдық парасат қосылып, азамат тұлғасына салиқалылық дарытты. Қажырлы қайраткер тұтас бір аймақтың ғылымы мен білімінің бағытын бекемдеп, жаңа өріске шығару барысында, қайта жаңғырып жатқан мемлекетіміз бен қайта жасарып жатқан халқымызға қапысыз қызмет етуге, бар күш-жігерін сарп етті.

Н.Дулатбековтің өзі қызмет жолын бастаған Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне басшы боп келгеніне алдағы тамызда екі жыл толады. Егер осынау ірі оқу орнының тарихына аздап үңілсек, тұңғыш ректор Е.Бөкетовтің 1972 жылы шаңырақ көтерген университеттің қыруар ұйымдастырушылық жұмыстарымен айналысқанын, одан кейінгі ректорлардың материалдық-технологиялық базаны нығайту жолында тер төккенін көреміз. Тегеурінді, шешімтал Ж.Ақылбаев елде қалыптасқан ең бір ауыр экономикалық сәтте ректорлыққа тағайындалды да, он шақты жыл ішінде университетті биікке көтере білді. Одан кейінгі кезеңде жаңа, озат, инновациялық әдіс-тәсіл кезеңі сәтімен жүзеге асты.

Жас мемлекеттің жаңа кезеңі басталар талма тұста, дер шағында осынау мемлекеттік үшін маңызы бар керекті шаруаға, жауапкершілік жүгі орасан зор қалаулы қызметке Нұрлан Орынбасарұлы тағайындалды. Қандай қызметтің тұтқасын ұстаса да бар ынта-шынтасымен, болмыс-бітімімен беріле атқаратын тегеурінді тұлға мұнда да асыра қимылдап, арыға шапты. Оқу орны көлемінде шамалы уақыт тоқтап, тоқырап қалған барлық буындарға серпін бітірген сергек іс-шаралар бірден белең алды. Ақыл иесінің ойына парасат, шаруа иесінің ісіне пәтуа бітірген түрлі бастама, бағдарламалар шеруі сәтімен керуен тартып жүре берді.

Халықаралық деңгейдегі бәсекелестік, үздік университеттер қатарына ену, нақты ахуал, мамандыққа жаңа жағдай тұсындағы сұраныс, барлық деңгейдегі оқу орындарының ортақ мақсатқа ұйысуы, әлемдік жоғары оқу орындары қауымдастығымен байланыс, білім, ғылым саласындағы ынтымақтастықты қарқынды жүргізу – бәрі де жаңа басшылықтың басты нысанына, негізгі міндеттеріне айналды. Бір ғажабы, реформатор басшы аз мерзім ішінде ұжымның да, студенттер қауымының да әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға күш салды. Жалақы өсті. Санаторийлерде университет есебінен ем алу, дем алу жүзеге аса бастады. Ұзақ жылдар бойы жүзеге асырудың сәті бәлендей түсе қоймаған Қасым Аманжоловтай классик ақынға арналған ірі шаралар, қызы Дариғаның еңбектерінің жариялануы, таяуда ғана үлкен қызығушылық туғызған отызыншы жылдардағы зұлматқа арналған зерттеу еңбегінің шығуы, Ахмет Байтұрсыновтай ұлт ұстазының мерейтойына қатысты маңызды шаралардың басталуы – бәрі де университеттің аса ірі мәдени-рухани орталыққа айнала бастауын да көрсетсе керек. Мұның барлығы бұрынғы білім кеңістігінде қалыптасқан үрдіс пен бүгінгінің арасына көпір бола алған басшылық әлеуетін және жас кадрларға сенім артуындағы көзқарасын аңғартады.

Н.Дулатбековтің ғалымдығынан, қайраткерлігінен өзге, көшбасшылық, ұйымдастырушылық, қазіргі заман тілімен айтсақ, креативті ойлау, стратегиялық жоспарлай білу сияқты қасиеттеріне ерекше тоқталған жөн. Жалпы, ілкімді ұйымдастырушылық әрбір адамда бола беретін қасиет емес, ол әр нәрсенің ұтымды тұстарын жіті аңғарып, тиімділіктің арқасында күтілетін көрсеткіштерге қол жеткізу, ортақ мақсатқа ұжымды ұйыстыра білу, нақтылап айтсақ, көшбасшылыққа тән қасиеттерді қажет ететін қайраткерлікпен тығыз байланысты.

Нұрлан Орынбасарұлының қайраткерлігін қалың бұқара қадірлейді, аймақ-атырап құрмет тұтады, елдің есті-басты азаматтары, зиялы қауым қапысыз қолдайды. Көпке үлгі көшбасшылық, ұтқыр ұйымдастырушылық, жігерлі жетекшілік, білікті басшылық, сөйтіп, өз алдына бір мектеп болып қалыптасты. Нұрлан Дулатбековтің барлық аймақ-атырап, барша қауым бас иген тәлімді тағылымы оның биік азаматтық өресінен туындайды. Бүкіл саналы ғұмыры елге, жерге деген жанқиярлық еңбектен тұрады. Қол жеткен табыстары елге, жерге деген ыстық махаббат пен сертке суарылған сеніммен сабақтас, тамырлас.

Шағын мақалада осынау жаңа тұрпаттағы реформатор басшы туралы түгел сөзді түгендеу тіпті де мүмкін емес. Біз тек басты-басты деген істерге тоқталдық. Өткен тарих пен кемел келешекке бірдей қызмет етіп келе жатқан зейінді ғалым, зият қайраткер, ұлтшыл азамат, үлкен ұйымдастырушының айшықты өмір жолы биік құрметке лайық. Сөз соңында Нұрлан Орынбасарұлына алдағы уақытта да жемісті еңбек, отбасы, ұрпақтарына береке, бірлік тілейміз.

Мәуен ХАМЗИН, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мәдениет қайраткері. Жомарт ОСПАН, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Back to top button