Руханият

Тасқа басылған тарих шежіреге айналады

Баспасөздің басқа бұқаралық құралдарынан өзіндік басымдығы һәм артықтығы неде? Оның тасқа түсіп тарих боп сақталатындығында. Демек, 90 жылдыққа аяқ басқан «Орталық Қазақстанда» аймақтың, өңірдің 90 жылдық тарихы бар. Газеттің сарғайған беттерін парақтай отырып, өткен жылдардың жылнамасын көре аламыз. Сол жылдардағы қоғамның тыныс-тіршілігін, жүрек қағысын, тамыр соғысын бағамдауға әбден болады. Әр жылдар жиналып келіп, бір кезеңді құрайды. Дәл солайша, «Орталық Қазақстан» өзінің бір ғасырға жуық ғұмырында бірнеше қоғамдық-экономикалық формацияға куәлік етті. Тарихты жазды.

 

Қарап отырсақ, облыстық басылым осы жылдарда, түрлі қоғамды басынан өткерген. Оны жазу арқылы өзі де тұтас шежіреге айналды. Қарағанды аймағының дамуын көрсететін жазылып қойылған кітапқа пара-пар басылым жылдарын кезең-кезеңге бөліп қарастыру арқылы мол мағлұмат алуға мүмкіндік зор.

Бүгінде 90 жылдыққа аяқ басқан басылымды қарастырғанда, оның әр қоғамдық оқиға тұсында қандай қызмет қылғанын аңғара аламыз. Басылым тарихын жалпақ жұрттың жадында тағы бір жаңғырту үшін жыл он екі ай мұғдарында оны кезеңге бөліп қарастырып, талдамалық, мұрғаттық материалдарға негізделген сериялы жариялымдар беру жоспарлануда.

Жалпы, газет, біздің есебімізше, тарихи алты кезеңді басынан өткеріпті. Басылым ашылған сәтте ұжымдастыруиндустрияландыру кезеңіне тап келгенін байқаймыз. Демек, мұнда ұжымдастыруиндустрияландыру кезеңдеріне куә болған материалдар арқылы сол жылдардағы «Орталықтың» тынысын тыңдауға ұмтыламыз. Одан кейін – Ұлы Отан соғысы жылдарындағы басылымның тіршілігі сөз етілмек. Әріде соғыстан қажып шыққан халықты, шаруашылықты қалпына келтірудегі оқиғаларды жариялаудағы басылымның алған орны әңгіме өзегіне айналады.

Сексенінші жылдардағы қайта құрудағы ахуал, жағдай да – тақырыпқа арқау. Содан соң – Тәуелсіздік жылдарындағы басылымның тынысы талқыланады. Соңғысы – 2000 жылдан бергі – жаңа ғасыр. Сонымен, бұл кезеңдерді даралап алсақ, былай…

1. Ұжымдастыру-индустрияландыру кезіндегі «Қарағанды пролетариаты».

2. Соғыс жылдарындағы «Советтік Қарағанды».

3. Соғыстан кейінгі «Советтік Қарағанды» һәм «Орталық Қазақстан».

4. Қайта құру кезіндегі «Орталық».

5. Тәуелсіздік жылдарындағы «Орталық».

6. Жаңа ғасырдағы «Орталық».

Ендігі міндет – газет бетіндегі материалдарға, мұрағат құжаттарына сүйене отырып, басылымның 90 жылдық тынысын тап басып, оқырманға ұсыну. Алла қаласа, келер жылдың 4-қазанына дейін осы мақсатта материалдар топтамасы берілу көзделеді. Бұл болса, осында қызмет етіп кеткен аға буынның еңбектерін және бір дәріптеу, басылымның қоғамдағы алған орнын ашып көрсету, тарихқа жүгіну, уақытты кері айналдыру.

Мұндай сериялы материалдар «Орталықтың» ғана емес, бүтін аймақтың өрлеу жолына үңілу екені – шүбәсіз…

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button