Баған

Баршылыққа тәубе дейік

Кеңестік заман ата-баба тарихынан бұрын, өзінің шыққан тегін айтуға болмайтын кезең еді. Тіптен, ашаршылық заманы да қазақтың басына келген ауыртпалықтың ең ауыры десек болады. Сол замандарда еліне құт-береке, халқына пана, әлсізге қуат болғандарды көріп өстік. Солақай саясаттың құрбаны болып атамекеннен жырақта өкінішпен өмірден озғандардың саны қаншама еді. Қазақтың басына төнген қиыншылықтың зардабынан, жақыны әулетіне қарауға шамасы келмейтін кезең болды. Ұлттың басына түскен зұлмат жылдар әрбір әулетке зардабын тигізді, ауыр кезеңнен ешкім шет қалмады. Осының бәрін басынан өткергендер қазіргі күніне «шүкір» деумен күн кешуде.

Біз өскен заманның үлкендерінің «қиындық келсе сабыр етеміз, жақсылық келсе шүкір етеміз» деумен ғұмыр кешкені сондықтан. Әсілінде кейінгі ұрпақ ата-баба тартқан ауыр бейнет, көрген азапты ұмытпай бүгінгі баршылыққа шүкіршілік, тәубе етуі қажет-ақ. Өкінішке орай, қазіргі қоғамның келбеті – жастардың өз тарихын құрметтемеуінен бастап, аға буынға ізеттілік танытпауы мұңайтады. Олардың ата тарихты сыйламауы, тарихи тұлғаларымызды әлеуметтік желіде күлкіге айналдыруы, барды бағаламауы, жоққа сабыр етпеуі – қоғамда орын алып жатқан көңілсіз жайттардан көрініс табуда. Бұл өте өкінішті жағдай.

Қадыр Мырза Әлі екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы ауыл өмірін суреттеген «Иірім» кітабында: «Әжеміз сыртқы киімдерін шешіп, жастығының астына салып қисаяды. Содан соң дауысын шығарыңқырып, «О, Құдай! Бергеніңе шүкір!» дейді. Солай деп Жаратқанға ризашылық білдіріп жатқан әжеміздің жалғыз ұлынан қара қағаз келген, күйеу баласынан қара қағаз келген! Шалынан түк хабар жоқ. Сөйте тұра «О, Жаратқан! Бергеніңе шүкір!» дейді. Несіне шүкір дейді?! Осы сұрақты біз әжемізге қоямыз. «Шүкір демегенде не деймін?! Бұдан да жаман болуы мүмкін ғой» дейді ол. Мен бұдан жаман күндерді көз алдыма елестете алмай, шаршаймын да ұйқыға кетем» деп жазады. Барға шүкір етудің бір қағидасы осында тұр. Осы шығармадағы үзіндіні оқып, балалық шағымдағы анамның қасында өткен әдемі күндер есіме оралып отыр. Осыны жастар біліп жүрсе деймін.

11 жасымда колхоздың жазғы шөбін жинап, шабылған шөпті шөмелелеу науқанына қатыстым. Сөйтіп, бір айға берілген норманы артығымен орындадым. Күзде ауылшаруашылығы жұмыстарының жиын-теріні аяқталғанда, қарашада өтетін дәстүрлі салтанатты жиында еңбегімді ескеріп, үш метр жасыл матаны сыйлыққа берді. Сол күні менің қуанғаным сонша, сыйлығымды қолыма ұстап үйге қарай құстай ұштым. Анам көйлек тігіп кисін деген арманым еді. Ол кезде үш баланы жалғыз асырап, күйбең тірлікпен күн кешіп жүрген анамның үстіне жаңа көйлек алуға мүмкіндігі жоқ еді. Алғашқы табысыма алған матаны бергенімде анам қатты қуанып, жылағаны әлі көз алдымда.

ХХ ғасырдың 50 жылдары туған ұрпақтың қуанышы немен өлшенгенін қараңыз…

Ал, бүгін Тәуелсіз Қазақ елінің ұрпағы неге қуанады және нені қадірлейді? Біздің арман – олар бақытты болып, алаңсыз ер жетіп және баршылыққа тәубе дегенді біліп өссе екен.

Нұрсахан БЕЙСЕНБЕКОВА,

«Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты.

Басқа материалдар

Back to top button