БалқашРуханият

Балқаштың ақын Айдыны

Жақында Балқаш қаласындағы М.Хамзин атындағы мәдениет сарайында дарынды ақын Айдын Байыстың «Құланиек» кітабының таныстырылымы өтті. «Балқашта қалып қойған бала бейнем» деп аталатын жыр кешіне Қарағанды аймағына белгілі ақын-жазушылар, өлеңге құштар оқырмандар қатысып, шағын шаһардың халқын рухани сөз өнерімен сусындатты.

Кеш барысында Балқаш қаласы әкімінің орынбасары Саягүл Жақсылыққызы шаһар басшысы Қайрат Қамзиннің құттықтауын оқып, арнайы сыйлық табыс етсе, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі жазушы Жанболат Башар, бірнеше жыр жинағының авторы ақын Мүсіркеп Сейдахмет, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының кеңесшісі ақын Бағдат Мүбәрак «Құланиек» кітабының тұсауын кесіп, авторға шығармашылық табыс тіледі.

– Жас ақын, Айдын Байыс қазақ поэзиясына ерекше екпінмен келді. Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын марқұм Есенғали Раушанов, Аманхан Әлім ағаларымыздың Айдын шығармаларына жоғары баға бергенін көріп едім. Әдебиеттің ірі өкілдерінің бағасын алу ақын үшін зор мақтаныш. Дегенмен, оған масайраған Айдынды көрген жоқпын, өлеңдерін жиі жарияламайды. Кешегі Өтежан ақын жілігін шағып, майын ішкен баллада жанры осы жігіттің оң жамбасына жақсы келеді. Қазір баллада жазу сирек екенін ескерсек, бұл – Айдынның ерекшелігі, – дейді ақын Бағдат Мүбәрак.

Салтанатты жиында Балқаш қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тайтөлеу Жұманов, Ақтоғай ауданы Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Марат Ақмағамбетұлы ақынға ақ батасын беріп, Мақсат Күземхан, Асхат Қажытай сынды ақындар өлең оқыды. «Балқаш өңірі» газетінің бас редакторы Қуаныш Аманқұлов, айдынның тырнақ алды туындысы «Балқаш өңірі» газетінде басылғандығын айтып, редакция атынан құттықтады. №2 Абай атындағы лицейдің ұжымы және ұстаздары Назира Пірімбетова мен Ғазима Әмірбаева да сөз сөйлеп жылы лебізін білдірді.

Кеш соңында өлкетанушы, журналист Күләш Сардарбек, тұсаукесер балқаштықтар үшін зор қуаныш болды. Айдын баламыз ер жетіп, ауылдағы ағайынның құрметіне бөленді. Көрсе көз сүйсінер, мінезі көркем, сөз саптауы ерекше мәнді де сәнді, білімді азамат Айдынды мақтан етеміз, дей келе ауылдан түлеп ұшқан ұлға ақ батасын берді.

Жыр мерекесінде ақынның сөзіне жазылған әндер орындалып, жергілікті өнерпаздар күй тартты.

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ

Басқа материалдар

Back to top button