Руханият

Бала хақын анасы неге ұмытты?

Қазақ секілді өз тілін «Ана тілі» деп айтатын бірнеше ұлт бар екен. Мәселен, ағылшындар – мother tongue, француздар – langue maternelle, түріктер – аnadil деп айтады.

Ағылшындар ана сүтімен дарыған тілін тек өздері біліп қана қоймай бизнес пен ғылым тілі ретінде әлемге таратты. Француз тілі де сонау XVII- XVIIІ ғасырларда халықаралық тіл ретінде танылды. Көп адам сөйлейтін болғасын, Қытай мен Хинди тілі танымал тілдердің көш басында тұр. Халықаралық ретінде мойындала қоймағанымен өз тілінің өрісін кеңейтуде түріктердің біршама күш жұмсап жүргені мәлім.

Қанатын әлемге кең жайған алпауыт елдердің бұл жетістігін аз ұлттар армандамайтыны анық. Олардағы мәселе өз ұрпағына ана тілін ұмыттырмау. Соның бірі – біз. Жан-жағымыздағы бауырлас елдердің өз тілін өзгеге таратудан бұрын ана тілі ретінде сақтауға қаншалықты күш салып жатқаны бізге беймәлім, бірақ бірталай қазақ үшін қазақ тілі ана тілі болудан қалғанын көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр.

Құрсаққа біткен шарана анасының мейірімін қаншалықты сезінсе, дауысын да соншалықты жақсы танитыны анық. Медицинадағы мәліметке сенсек, бала анасының құрсағында жатқан 12-16-шы аптада түрлі дыбыстарды естіп, 24 аптада шешесі мен әкесінің дауысын таниды екен. Осы сәттен бастап анасы мына әлемді баласына таныстыра бастайды, тиісінше ана тілін үйретеді. Ананың тілдік қорындағы әрбір сөз баланың санасына осы сәттен бастап мықтап шегеленеді. Әсілі, ана мен сәби арасындағы мұндай мығым байланысқа қоғамдағы талап-тілектердің ешқайсысы әсер ете алмайды. Сол себепті де шеше қай тілде сөйлесе баласын да сол тілге жіпсіз байлап қояды. Қай ұлттың баласы болып туатыны перзент пешенесіне мықтап жазылғанымен, қай тілде сөйлейтінін анасы таңдайды. Бір қарағанда миға сыймайтын кереғар құбылыс. Алайда, қазіргі біздің боямасыз кейпіміз дәл осындай болып тұр. Ұлты, аты-жөні қазақ болғанмен, талай ұл мен қыз өз тілін білу, түсіну, сөйлеу, сөйлеу арқылы жақсы көру, бауыр басу, қорғау, қала берді өзгелерге үйрету хақынан айырылып күн кешіп жүр. Анасының жаны ашымаған балаға қоғам көмектеспейтіні заңдылық. Керісінше, біздің жүрдек қоғам балдырғандар мен өрімтал жасөспірімдерге өз хақынан айырылып қалғанын еш сездірмей-ақ ер жеткізіп жатыр.

Тілін ресми тілде сындырып, аты қазақ болғанмен заты басқа болып түп-тамырдан алыстаған балалардың қаншасы «өз тілімдi білсем, қандай болар едім?..» деп ойланды екен?.. Қанша ана «баламды өз тілін білу хақынан айырдым-ау?..» деп өкінді екен?..

Жүйткіген жүрдек қоғамның оған қарайлауға, жауап іздеуге мұршасы жоқ зулап барады, зулап барады!.. Бала анасына, анасы қоғамға ілесіп барады, ілесіп барады…

Назым ДҮТБАЙ.

Басқа материалдар

Back to top button