Есімдер: бұрынғы мен бүгінгі

Патша үкіметі де, оның шовинистік саясатын жалғастырған Совет билігі де қазақ халқын өзінің қалпынан айырып, орыстандыру үшін дүние есігін ашқан бала есіміне қатты көңіл бөлген. Орыс өзінің христиан діні бойынша қойылған атауларынан айырылмаса да қазаққа мұны дұрыс көрмеді. Ата-бабаларымыз бағзы заманнан, сонау түріктер дәуірінен бері баласына лайықты есім қоя білген. Ислам діні келгеннен кейін кісі есімін Құраннан алып қоя бастаған. Совет заманында Құранға қарап ат қоюға тыйым салынды. Бұл МҚК (КГБ) тарапынан қатты қадағаланды.

Айдау, атудан үрейі ұшып, жүрегінің оты өшкен халық «әйтеуір тірі жүрсінші» деген оймен балаға неше алуан есімдер берді. Мұның салдарынан Сәуле – Света, Күлпаш – Клара, Тишкен – Тома, Зәуре – Зина, Бақыт – Валяға айналып, Володя, Коля, Миша, Сергей деген есімдерден сүрініп-жығылатын халге жеттік. Қазақ заманына қарай амалдады. ХХ ғасырдың 40-жылдары қырылған туғандарының орнын бассын деген ниетпен Төлеубай, Ізтілеу, Төлеген, Тілеубай, Тілеутайлар қаптаса, қызыл қылыштан шошынған жұрт Чкалов, Байдаков, Клемент, Герой, Мэлс (Маркс, Энгельс, Ленин, Сталин), Ким (ком. интерн. молод.), Маркс есімдерін көптеп берді.

Төл сипатынан айырылған жұрттың түзу жолға түсе қоюы қиын. Әлі де, Света, Сергей есімдері өріп жүр. Оны айтамыз-ау, Азиада, Олимпиада деп ат қойғандарға не айтасың?! Әйтеуір, «ЭКСПО-дан» ада сияқтымыз.

Көз жүгіртіп отырсаңыз, қазіргі есімдердің көбісі «Ер-ден» басталады. Ержан, Ербол, Ерлан, Ерсайын, Ержұман, Ердәулет, Ернұр, Еркөмек, Ербөлек, Ерқанат, Ержанаттар толып жатыр. Кейде қайсының қай «Ер» екенін білмей жаңыласың. Құдды орыстардын «Иваны» сияқты болып кеткендей жағдай.

«Бала есімінің дұрыс болуы да оның тағдыр жолына әсер етеді» дейді зерттеушілер. Сол себептен де мұсылман қазақ баласының есімін Құраннан алып атаған екен. Иманды еліміздің ұрпағының есімі де инабатты иманды болғанын қалаймыз да.

Ер балалар есімдері: Аймұхаммед, Есмұхаммед, Бекмұхаммед, Мұхтар, Баймұхаммед, Баянғали, Бекәлі, Досқали, Жанмұхаммед, Қадірғали, Құлмұхаммед, Абзал, Мәулен, Нұрмұхаммед, Хасен, Рашид, Ермұхаммед, Текмұхаммед, Әбдіқожа, Смағұл, Әли, Сыздық, Әбуғали, Әлсейіт, Байсейіт, Қасым, Жансейіт, Жұмағали, Мұхит, Омар, Кәдірсейіт, Меңдіғали, Мерғали, Нарғали, Нұрғали, Нұрсейіт, Халел, Ысқақ, Төлсейіт, Төреғали, Шынсейіт, Шерәлі, Әлішер, Ғабдурашид, Жағынар, Бермұхаммед, Мұрат, Назар, Тұрсын, Әбдікәрім, Сүлеймен, Ғафур, Фазыл, Байғали, Әлмұхаммед, Досмұхаммед, Жармұхаммед, Иманғали, Иманмұхаммед, Оразғали, Ахмет, Бәкір, Бұрхан, Әнуар, Әшім, Құтмұхаммед, Ғабден, Мұса, Жүсіп, Жүніс, Едіге, Яхия, Төрмұхаммед, Құсайын, Кәмел, Бексейіт, Исмайл, Әлқожа, Жәлел, Жұмасейіт, Мірәлі, Нармұхаммед, Ибраһим, Нарсейіт, Нақып, Нәби, Имансейіт, Оспан, Данияр, Дінасыл, Төрсейіт, Дінислам, Нұрислам, Шахислам, Ихсан, Мәжит, Сұлтан, Әбусейіт, Ғаббас, Асан, Төлмұхаммед, Ғазиз, Иманәлі, Ерғали, Расул, Зейнелғабиден, Әбдіғали, Хамит, Шынқожа.

Қыз балалар есімдері: Нағима, Нахия, Әмина, Айман, Ақсана, Зияда, Зәбира, Зубайра, Зуһра, Халида, Хұсни, Фаузия, Рашида, Мұрсалина, Мүбәш, Хафиза, Қамар, Шамсия, Қанипа, Кәриман, Қауия, Ғазиза, Сабила, Сәбира, Ләтифа, Меһирбану, Бану, Халима, Айша, Сәлиман, Фатима, Қадиша, Ажар, Риза, Назира, Райхан, Жамал.

Берік қажы АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

аудандық мешіт имамы.

ШЕТ ауданы.