Жайбарақаттық жарға жықпасын

Адамзат баласын шарпыған індеттің бетін жұмыла жүріп қайтардық. Ал, көрші Ресей мен басқа да елдерде керісінше өршіп, әбігерге салуда. Мұндай жағдай бізде жаз айларында болып, қаншама жұрт қара жамылған еді. Ал, қазір жағдай тұрақты. Десек те, төтенше жағдай алынғанымен, карантин қалды, ол тек жеңілдетілді. Сондықтан, көшеде һәм қоғамдық орындарда босаңсып, сақтықты ұмытқандарға «байқаңыз» демекпіз.

Шындығында, төтенше жағдай алынғалы бері дүкендерде, сауда үйлері мен автобустарда және сол сияқты халық көп жиылатын орындарда гигиеналық талаптардың толық сақталмай, елдің жайбарақаттана бастағаны байқалады. Дәріханаға кірсеңіз де бетперде алуға кезекте тұрған елді байқамайсыз.

Аймақта гигиеналық талаптар білім ошақтарында ғана сақталуда ма деп ойлайсыз, кейде. Өйткені, мектеп оқушылары мен студенттер қашықтан білім алып жатса, бастауыш сыныптар мен балабақшаларда кезекші сыныптар жұмыс істеп тұр. Оның өзінде, бала саны 15 оқушыға дейін шектелген. Ата-аналар мектепке кірмейді, сабақ барысында карантин талаптары сақталуда. Ал, қызметкерлердің денсаулық жағдайы таңертең тексеріліп кіргізілуде. Ал, жасырынып той тойлап жатқандар жөнінде де естіп қалып жүрміз.

Қала тұрғындарының айтуынша, халық көп жиналатын теміржол вокзалы мен автовокзалда да жайбарақат өмір салтанат құра бастаған. «Төтенше жағдай кезінде ол жерлерге міндетті түрде бетпердемен кіруші едік. Сөмкені арнайы құрылғымен тексеріп, дене қызуын өлшеп, қолды антисептикпен тазалатып бір-ақ кіргізетін. Ал, қазір ел қайтадан немқұрайлылыққа көшкен» дейді олар.

Біз бұлай босаңсуға болмайтынын тағы да еске салғымыз келеді. Осындай немқұрайлылықтың кесірінен қаншама азаматтан айрылдық емес пе?.. Жұрт карантин шектеулерін сақтаудан шаршады ма, әлде күн сайынғы індеттің жұғу жағдайынан мүлдем бейхабар ма? Осыған алаңдаймыз…

Мәселен, аймақта өткен тәулікте коронавирус инфекциясын 13 адам жұқтырған. Ал, елімізде 59 адамда анықталған. Ел бойынша жалпы 108 236 адам тіркелсе, оның 10 308-і біздің облыста. Дәрігерлер де жемісті еңбек етуде. Облыста өткен тәулікте індеттен 18 адам жазылып шықса, Қазақстанда 72 адам сауыққан.

Жуырда індеттің екінші толқынына дайындық жайлы облыстық денсалық сақтау басқармасының жауапты мамандары мәлімдеме жасаған еді. Айтуынша, індет қайта өрши қалса, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге госпитальдар мен қажетті төсек орындары һәм жабдықтар жеткілікті.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 5 қазаннан шектеулер енгізілетінін мәлімдеді.

Онда «Ведомствоаралық комиссия 5 қазаннан бастап басқа елдерге әуе қатынасын жаңартпауға, әуе қатынасы қалпына келтірілген елдерге рейстер санын арттырмауға, Түркияға рейстер санын қысқартуға шешім қабылдады» – делінген. Өйткені, алғашқы толқынында шетелден келушілер арқылы індет көптеп жұққан. Сондықтан, сырттан келетіндерді қатаң бақылау – маңызды.

Еліміздің Бас мемлекеттік санитары мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінде коронавирус инфекциясының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту туралы қаулы шығарды. Қаулыға сәйкес, 6 қазаннан бастап, жолаушылар тасымалындағы тәртіптер өзгеріп, карантиндік талаптар күшейтілмек. Талапқа сәйкес, шетел азаматтарында еліміздің шекарасынан өткенде кем дегенде 72 сағат бұрын алынған ПТР әдісімен COVID-19-ға тесттен өткені туралы анықтама болуы тиіс.

Ал, бұған дейін Денсаулық сақтау министрі карантин талаптарының сақталмай жатқанын, заң бұзып, айыппұл төлеу жағдайларының көбейгенін және оның жеңілдетілмейтінін айтып, елді сақтыққа бекем болуға шақырған еді. Сонымен қатар, егер санитарлық нормалар толық сақталмаса, қатаң түрдегі карантинге қайта оралатынымызды ескерткен. Ал, жағасы жайлауда жүрген ел мұның бәрін ұмытқан сыңайлы. «Сақтансаң – сақтайды» деген ұлағатты сөзді санамызда қайта жаңғыртып, карантин талаптарын мұқият сақтайық. Отбасымыз бен жақындарымыздың һәм өз өміріміз – өз қолымызда. Жайбарақаттық жарға жықпасын…

Жәлел ШАЛҚАР.