Қарқаралы

Жылыжай өнімі көл-көсір

Диқаншылықтан Қарқаралы өңірі кенде емес. Егін егіп, ырзығын жеп жүрген шаруашылықтар баршылық. Іскер азаматтар жылыжай кәсібін дөңгелетуге де талпыныс қылуда. Солардың бірі – қарағайлылық Жандос Қонысбаев.

жылыжай

Жандос Бағдатұлы кәсібін он жыл бұрын бастады. Оған аудандағы кәсіпкерлерді қолдау орталығы қолдау көрсетті. Нәтижесінде, 300 шаршы метрлік жылыжай салып, қызанақ пен қияр өсіруді қолға алып, жарты гектар жерге картоп екті.

Әрине, қиындықсыз іс болмайды. Жылыжайға жер белгілеу, су мәселесі едәуір қаржы мен уақытты қажет етті. Сөйтіп, Жандос Бағдатұлы біздің өңір үшін таңсық көрінетін жылыжай кәсібін жолға қойды.

Қазір сол еңбектің жемісін жеп, ауыл тұрғындарын жыл он екі ай жаңа піскен көкөніспен қамтамасыз етіп келеді. Қызанақ пен қиярдан бөлек, аскөк, жуасы бар. Бүлдірген де өсіреді.

Биылғы күзгі жиын-терімде жылыжайдан 4 тонна қияр мен 2,5 тонна қызанақ алды. Салмағы 40 келі болатын 75 қап картоп жинады. Бұл, әрине, қарапайым ауыл диқаны үшін ауыз толтырып айтарлықтай жетістік екені сөзсіз. Ендігі басты мәселе – осы мол өнімді ысырап қылмай, тұтынушыға жеткізу.

Шыны керек, дүкен ұстайтын жергілікті кәсіпкерлер жеміс пен көкөністі Қарағанды қаласынан алдыруды әдетке айналдырған. Егер, дүкендер қабылдамаса, өнімі қоймада қалып, шаруасы шатқаяқтайды. Бүгінде Жандос Бағдатұлы кәсіпкерлермен келіссөз жасауды қолға алуда. Осы мәселе оң шешімін тапса, аудан халқы қалаға сабылмай, өз дастарқандарын ауылда өскен өніммен жайнатып қояр еді. Бұл тұрғыда жергілікті атқарушы билік тарапынан да қолдау болса екен дейміз.

Дулат ЖҮНІСБЕКҰЛЫ

Қарқаралы ауданы

Басқа материалдар

Back to top button