Жаңалықтар

Субсидияның «өзі жақсы, көзі жақсы» деген түрі жоқ

Бір кездері сауын сиырға ұқсаған субсидияның басында дау жиі. Мемлекеттің қаржысын бір-бірінен қорығандар да әзірге жоқ емес. «Субсидия, піс, аузыма түс!» дейтін бұрынғы қарадүрсін үрдіс жоқ. Қазір әр субсидияның тиыны-теңгесі есептеулі. Оның соңында Үкімет дейтін іздеушісі бар. Электронды құжат дендеп енгенде, тіпті, адами фактор жоққа тән. Шаруашылықтың арасында кім сауатты шаруасын жүргізеді, сол субсидия алып, тасы өрге домалайды. Бүгінгі уақыт талабы – осы. Мұны неге айттық?

Бұдан біраз бұрын әлеуметтік желіде, атап айтқанда, фейсбукте Нұра ауданындағы «Шахтер» ЖШС-нің ірі көлемде субсидия алғаны, осыған орай «шағын шаруашылықтарға субсидия неге жоқ?» деген сұрақ қойылды қарапайым халық тарапынан. «Байдың асын байғұс қызғанғандық» емес, әрине. «Шахтердің» шарапаты бір ауыл түгілі білдей аймаққа тиіп тұрғанда, мұнымыз қисынсыз сұрақ секілді. Әйткенмен, субсидия жарықтық шудан қашан ада еді? Біздің парыз – ақ-қарасын білу.

Сонымен, ауыл шаруашылығы басқармасы «Шах- тер» ЖШС-не берілген қомақты субсидияның заңға еш томпақтығы жоқтығын атап отыр. Субсидияның сұраушысы бар. Оның қалай және не үшін берілетіндігі құжаттарда анық жазылған. Берілген субсидия да құжатқа сай.

– Жалпы, төленетін субсидия – салған инвестицияның, шыққан шығынның бір бөлігін – қайтару есебінде беріледі. Мысалы, 1 млрд. теңге инвестиция салса, оның 250 млн. теңгесін қайтарады мемлекет. Ал, егер суармалы жерді қалпына келтіру бойынша шығын шығарса, оның 50 пайызы өтеледі. Біреуге «оның көзі жақсы, өзі жақсы» деген субсидия жоқ.

Субсидия – құйылған инвестиция немесе алған дәрі-дәрмегінің, шығарған шығынының бір бөлігін өтеу.

«Шахтер» ЖШС былтыр 10 млрд. теңгеге инвестиция тартты. Оның қайтарылуы тиісі 25 пайыз – 2,5 млрд. теңге. Қалған шаруашылықтарға келсек, олардың салған инвестициясы мен шыққан шығыны аздықтан субсидиясы да – сол шама. «Шахтердің» алған субсидиясының қомақты болуы осы, – дейді ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов.

Өсімдік шаруашылығында субсидия тұқымға, сатып алған минералды тыңайтқыштарға, пестицидтарға қатысты төленеді. Суармалы суға қатысты алған суының бағасын арзандату да көзделген. Бұған дейін көпжылдық шөп өсіргендерге бұйырған. Бүгінде ол субсидия түрі жоқ. Алынып тасталған. Өсімдік шаруашылығындағы субсидия тізілімі – бұл.

– Сонымен қатар, инвестициялық салым салған агроөнеркәсіп субъектісінің шығарған шығынының бір бөлігін қайтару бағдарламасы бойынша жаңа техника сатып алуда немесе қандай да бір қойма салғанда, басқа да құйған инвестицияның 25 пайызын төлейді. Суармалы жерлерді іске қосуда шығынның 50 пайызы өтеледі. Бұл субсидияның ерекшелігі – адам өзінің салған шығынын дәлелдеп, іске қосқанда ғана төленетіндігі. Одан бұрын ешкімге ештеңе де жоқ. Сонымен бірге, несие алса, оны 6 пайызға дейін арзандату мақсатында банктің ставкасын субсидиялау іске асады, – дейді Сырым Бошпанов.

Ал, мал шаруашылығында селекциялық жұмыс жүргізгенде, оның ішінде, асыл тұқымды, тауарлы малға (ірі қара, қойға) төленеді. Асыл тұқымды малдың аталығына, аналығына бір бөлек. Сондай-ақ, сүтті бағыттағы сиырлардан сауылған сүтке де, малдың басына байланысты субсидия бар. Құс фабрикаларына әр жұмыртқа үшін кейінгі уақытта төлене бастады. Егер құс фабрикасы балапан алған жағдайда оның құны қайтарылады.

Бүгінгі таңда облыстағы жалпы субсидия көлемі – 25,5 млрд. теңге. Бұнда былтырғы жылдан бергі қуаңшылыққа байланысты мал азығын арзандату мақсатында әр аналық мал басына 10 мың теңгенің субсидиясы да қарастырылған.

– Алғашқы кезде бөлінген қаражат аздығынан 20 бастан – 150 басқа дейінгі аналығы бар шаруашылықтарға төленген. Оған шаруашылықтар арасында наразылық туындады. Мұндағы негізгі мақсат – ұсақ шаруашылықтарды қамту еді. Содан наразылықтан соң қосымша ақша қарастырылып, 200 бас аналығы бар шаруашылыққа төленуде. Бұған 1 млрд. теңге қаржы бөлінген. Алғашқыда 500 млн. теңге, қосымша 500 млн. теңге берілді, – дейді орынбасар.

Жалпы, облыста статистика бойынша 12 мыңнан астам шаруашылық бар. Оның ірісі 100-ге жетер-жетпес. Дей тұрғанымен, төрт түліктің өсімі жақсы. Мысалы, ірі қара жылына 3,5 пайызға өссе, бүгінде оның саны 517 мың екен. Жылқы 10-12 пайызға көбейіп, 317 мың шамасында. Қой 3,2 пайызға өскен, 646 мың, ешкі – 178 мың. Сонда қой-ешкі 1 млн-ға жуық көрінеді.

– Бір қуанарлығы – мал басын өсірумен бірге, оның сапасына шаруашылықтардың назар аударғандығы. 2021 жылдың қорытындысы асыл тұқымды ірі қара 7,4 пайызға өскенін көрсетті, – дейді Сырым Бейсебайұлы.

Сонымен, субсидия турасындағы бірқатар түйін тарқатылды. Бүгінгі заман «битке өкпелеп, тоныңды отқа жағатын» заман емес. Керісінше, кім-кімнен де, мейлі, ол аса таяғын асынған төрт түлік соңында жүргендер болса да, жан-жақты дамуды, ұдайы ізденуді, әрі сауаттылықты қажет еткен уақыт. Субсидия да сондай…

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button