Біздің сұхбат

Индира ТОҚМУРЗИНА: “Бала – біздің айнамыз…”

Жаңа Қазақстан – жаңа бастама, тың идеялардың мекені. Мақсат – біреу. Ол қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру, берекелі жұмыс істеп, бейбітшілікте өмір сүру. Дамыған елдермен үзеңгі қағыстырып, елдігіміз бен білім-ғылымды паш ету. Ертең ел мен жерге ие болатын саналы, рухы биік ұрпақ тәрбиелеу. Осындай ізгі ниеттерден тұратын «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі құрылған еді. Жақында Қарағанды облысында бірлестіктің филиалы ашылды. Елдің көкейіндегі сауалдарға жауап беріп, ұйымның жұмысымен таныспаққа филиал төрағалығына тағайындалған белгілі тележурналист-жүргізуші, заманауи медиацияның білгірі Индира ТОҚМУРЗИНАНЫ әңгімеге тартқан едік.

Сурет И.Жанұзаққызының жеке мұрағатынан

– Индира Жанұзаққызы, сөзімізді «Сенімен болашақ» ата-аналар қоғамдық бірлестігінің құрылуынан бастасақ…

– «Сенімен болашақ» ата- аналар қоғамдық бірлестігі бір жыл бұрын құрылған. Бүгінде еліміздің барлық өңірінде филиалдары ашылды. Кенді шаhар Қарағандыда шілде айында ашылды. Жалпы мақсаты – мәдениетті ата-ана моделін қалыптастыру, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, ата-аналардың педагогикалық- психологиялық сауаттылығын арттыру, өскелең ұрпақтың санасында шынайы патриотизмді жаңғырту, балалар мен ата-ана арасында достық пен ынтымақтастықты нығайту.

– Бірлестіктің құрылуына қарағанда осы бағытта әлі де түйткілді мәселе көп деген сөз болар?

– Ұрпақ тәрбиелеу – зор міндет. Ал, бұл міндет барлығымызға жүктелген. Келер күннің келбеті – бүгінгі біздің балалар. Олай болса, сол болашағымызды қай деңгейде қамдап, ұрпағымызды қалай тәрбиелеп жатырмыз? Олардың араласып жатқан ортасы қандай, кіммен дос, қауіпсіздігі мен құқығын қаншалықты қорғай алып жүрміз? Жұмысбастылықпен отбасымызға тиісті уақыт бөлеміз бе? Осы және өзге де көптеген сауалдар баршамызды толғантады деп ойлаймын. Қазір «аутсорсинг» деген ұғым бар ғой. Баланы түрлі үйірмелерге, дамыту орталықтарына береміз, балабақша мен мектептегі ұстаздарға артып қоямыз. Ал, тәрбиенің қазығы үйде, яғни, отбасында екенін естен шығарып аламыз. Бүгінгідей ақпарат ағылған заманда, жаhандану кезеңінде уақыт көшінен қалмайық деп ұлттық құндылықтарымыз кенжелеуде. Ғаламтордағы әр ақпарат бала бойына оп-оңай сіңіп, сол тәрбиелеуге көшті. Ал, үй тәрбиесін бойына сіңірмеген бала тез сынғыш, аса еліктегіш, солқылдақ. Ата-ана баламен қаншалықты дос, шынайы қарым-қатынас жасай алса, төл құндылықты, оның ішінде тарихымызды, мәдениетімізді, дәстүрлерімізді сіңірсе, ондай балаға қоғам әсер ете алмайды. Әрбір ата-ана қоғамды жақсартуға, мәдениетті тәрбие бере алса ғана балаға жайлы орта қалыптасады. Сонда ғана елін нағыз сүйетін, оның құндылықтарын құрметтейтін, парасатты, кемел болып өседі.

– Ата-аналармен бірлесіп, сол түйткілді мәселелерді қалай шешесіздер?

– Жұмыс бірлестіктің арнайы төрт бағыты бойынша іске асады:

– Ата-анамен тығыз қарым-қатынас орнату үшін мектепке тиімді шешімдер;

– Балаларды даму ерекшелігі мен жас айырмашылығына қарай топтарға бөліп, арнайы дайындалған дәрістер өту арқылы ата-аналарының психологиялық-педагогикалық біліктілігін арттыру;
– Арнайы этикалық кодекс арқылы қоғамдағы отбасы мамандары, педагогтер мен психологтардың басын біріктіріп, осы қызметке мұқтаж ата-аналарға қолдау көрсету;

– Отбасында бала тәрбиесі-не жіті көңіл бөлу керек екеніне назар аудару мақсатында облыс, аймақ, республика және халықаралық деңгейде ата-аналар форумдары, семинарлар және басқа да түрлі іс-шаралар өткізу.

– «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөз бар. Демек, отбасы, ата-ана мен бала және ұлттық құндылықтарды дәріптеу сынды жұмыстарды қоса атқарасыз ба? Форум дедіңіз. Қаптап өтіп жатқан форум-семинардың бірі болып қалмай ма?

– Мен енді ақылы дария, ойы кемел еланасы болмасам да, өз балаларының болашағы үшін алаңдаған ана ретінде осы миссияны атқару керек деп ойлаймын. Қоғам мен ата-ана, отбасылар арасында дәнекер болсам деймін. Бірлестікті құрып алып, кеңседе отырып, немесе Күлтөбенің басында күнде жиын, күнде семинар-форум емес, нақты халықпен бірге тығыз жұмыс жасасақ деген ниет. Шалғай ауылдардағы отбасыларды, дана әкелерді, алтын құрсақ әжелерді тарту арқылы жастарға өнегелі шаралар өткізсек деймін. Қарапайым мысалмен, рухани әңгімемен жас отбасыларды, санасына жететіндей ақылшы қарттарымызды тартсақ деймін. Бұйырса, жоспар мен мақсат – зор. Мен ойлаймын, бұл ең алдымен жүрек қалауымен, шын ниетпен атқарылады. Біз баламыз IT білімді, қаржылық сауатты, қарны тоқ, көйлегі көк болса, шаруа біттіге санаймыз. Ата-ананың отбасы алдындағы, бала алдындағы парызы бұнымен шектелмейді ғой. Адамгершілік құндылығын бойына сіңірген бала – тұлға болып қалыптасады. Ал, бұл – үлкен жұмыс. «Балаңызды тәрбиелемей-ақ қойыңыз, ол бәрібір сіздің істегеніңізді қайталайды» деген сөз бар ғой. Бала – біздің айнамыз. Келешекте опық жеп қалмас үшін, нағыз салиқалы тұлға болғанын қаласақ, өзімізді де тәрбиелеуіміз қажет. Сөйлеген сөзіміз, жүрген жүрісіміз, араласатын ортамызға мән беруіміз керек.

– Бірлестік тарапынан қандай қызметтер ұсынасыздар? Тегін бе?

– Көмекке, кеңеске жүгінген адамдарға педагог, психолог, медиаторларды тартамыз. Тегін.

– Ал, бірлестікті қаржыландыру мәселесі қалай жолға қойылған?

– Бірлестіктің негізін қалаушы, қоғам қайраткері, меценат – Нұркен Асанов. Меценат өз есебінен қаржыландырады. Қоғамға пайдасын тигізіп, елінің болашағы үшін қалтқысыз қызмет қылуды мақсат еткен азаматтың құрған ұйымы.

– Өзіңізге осы іргелі ұйымның ай- мақтық филиалын басқару міндеті жүктелді. Қиын емес пе, қоғам тарапынан, ел азаматтарынан қолдау бар ма?

– Жауапкершілік – зор. «Қаптаған неғылған бірлестік, оның пайдасы бар ма?» деген пікірлерді де естіп жатырмыз. Алайда, бұл – қоғам қажеттілігінен құрылған ұйым. Кейде «Осы міндетті дұрыс атқара аламын ба, мен соған лайықпын ба?» деп ойланамын. Бірақ, ұрпақ тәрбиесі – баршамызға ортақ. Бұған баршамыз атсалысуымыз керек. Мемлекеттік ұйымдармен, білім бөлімдерімен, қоғам белсенділерімен, ішкі саясат саласымен бірлесе жұмыс атқаруға ниеттіміз. Қолдау көрсетіп жатқан азаматтар бар. Облыстың басшылығы тарапынан да қолдау бар.

– Алдағы уақытта бірлестіктің алғашқы алқалы жиыны өтетінін естідік. Сол жөнінде айтсаңыз?

– Бұйырса осы айдың ортасында, Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Тұңғыш Президентінің кітапханасында, ҚР Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының қолдауымен «Саналы ұрпақ – ұлт болашағы» тақырыбында «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар бірлестігінің ата-аналарға арналған II тамыз конференциясы өтеді деп жоспарлануда. Оған республика, халықаралық деңгейдегі педагог мамандар, психологтар қатысады. Біздің облыстан да ата-аналар, білім саласының мамандары, қоғам өкілдері барады. Біз мұнда сала мамандарының ақыл-кеңесін тыңдап, тәжірибе алмасамыз. Әрі қарай жұмысты қалай жүргізудің тетіктерін үйренеміз. Ал, ата-аналар бала тәрбиелеудің қыр-сырын меңгереді. Баламен қарым-қатынас жасау, оның ішкі қалауын білу, отбасындағы ұйымшылдық, тату-тәтті өмір сүрудің түрлі құпиясы туралы дәрістер тыңдайды.

– Конференция жұмысына сәттілік тілейміз. Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button