ДЕРТ ЖАН АЛҚЫМНАН АЛҒАНДА…
Бағдаршамның «қызылына» бағынбайтын бірден-бір көлік – жедел-жәрдем қызметі. Себебі, ол шыбын жанымыздың шығып кетпеуіне жауапты жандардың қызметі. Адам өмірі – басты байлық. Ал, осы байлықты сақтап қалу ең бірінші жедел жәрдем қызметінің мамандарына жүктелген. Сондықтан, олардың жұмысы жауапты. Мереке қарсаңында тәулік бойы тыным таппайтын фельдшерлер қызметінің бір бөлігінің жұмысымен танысу бұйырды.

10:00
Дәл осы уақытта №1 облыстық жедел медициналық көмек станциясына келдік. Меңгерушісі Айнагүл Жаманова қарсы алып, күнделікті жұмыс бабымен таныстырып өтті. Сөйтіп, №5 бригаданың аға фельдшері Азиза Тоқсанбаева мен фельдшер Аяулым Болатовамен жүздестіріп, қатарларына қосты.
Жалпы, облыс бойынша 12 жедел-жәрдем бекеті бар. Қарағанды қаласының өзінде – 5-еу. Қала іші, қаланың Оңтүстік-шығыс бөлігі мен Пришахтинск, Майқұдық, Сұрыптау кентіне қатынайды. Ал, біз барған бекет облыстық мекеме болған соң, барлық бағытта жүре береді.
Бұл орталықтың өзінде 12 бригада жұмыс істейді. Бірақ, қазір 8 бригада – қызметте. Жалпы, бригада – дәрігер және фельдшер бригадасы деп бөлінеді. Әр бригаданың жұмыс кестесі 15 күн бұрын бекітіледі. Жұмыс тәртібіне келсек, бір тәулік істеп, 2 күн демалады. Ал, бір бригада жұмыс күнінде кемі 10 шақыртуға жіберіледі. Айнагүл Болатқызының айтуынша шұғыл шақыртудың IV санаты бар.
– Науқастың жағдайы өмірге тікелей қауіп төндіргенде және дереу медициналық көмекке мұқтаж болуы – І санатқа жатқызылады. Мұндай шақыруға міндетті түрде врач бригадасы жіберіледі. І санаттағы шақырту болғандықтан, межелі жерге 10 минутта жету қажет. Ал, науқастың медициналық көмексіз өміріне қауіп төнуіне ықтимал жағдайы – ІІ санатқа жатқызылады. Бұл кезде бригада 15 минут ішінде баруы шарт. ІІІ санатқа науқастың медициналық көмексіз денсаулығына зиян келуі мүмкін жағдайы жатады. Тәртіп бойынша 30 минуттан кешікпей бару қажет. IV санатқа түрлі жеңіл-желпі жағдайлар кіреді. Бұл кезде бригаданың келу уақыты – 60 минут. Біздің мекеме тек алғашқы 3 шұғыл көмекке ғана барады, – деді ол.
– Түрлі жағдайларға тап боламыз. Тіпті, өзіміз қорқып, тұрып қалатын сәттер болады. Кейде диспетчерге науқастың жарақаты жайлы дұрыс жеткізілмейді. Егер, хабарлаушы дұрыс мәлімет берсе, онда диспетчер бригаданы дұрыс жібереді. Бір есімде қалғаны, І шақыру санаты бойынша бізді вокзалға жіберді. Науқас пышақ жарақатын алған. Барғанымызша литрдей қан жоғалтыпты. Әрине, басында қобалжып, тіпті неден бастарымызды білмей абдырап қалдық. Дегенмен, үрейді жеңіп, алғашқы көмекті көрсетіп, жансақтау бөліміне жеткіздік. Нәтижесінде, науқастың өмірін сақтап қалдық, – деді фельдшер Аяулым Көбейқызы.
11:20
Алғашқы шақырту Құрылысшылар даңғылы 7 мекенжайынан түсті. Мектеп оқушысы анасының белгісіз дәрі ішіп қойғанын айтып, көмек шақырған. Егер, диспетчерге өз-өзіне қол жұмсау және басқа да осындай жағдайлар туралы айтылса, бірден учаскелік полицияға хабар беріледі. Біз жедел-жәрдем бекетінен шықпай тұрып, аталмыш мекенжайдың учаскелік полицейіне хабар жіберілді.
Жедел-жәрдем бекеті мен көрсетілген мекенжайдың арасы шамамен 5 шақырым. Діттеген жерге уақытылы жеттік. Бізбен бірге учаскелік полиция қызметкері де ішке кірді.
Алайда, жағдай біз ойлағандай емес. Азаматша күйеуі екеуі сөзге келіп, араларында түсініспеушілік орын алғаннан кейін дәрі ішіп, күйеуінің назарын аудармақшы болыпты. Балалары қорқып, дәрігер шақырған. Бірақ, ол фельдшердің тексеруінен бас тартты.
– Науқас «Тексеруге қарсымын» деп қолын қойып берді. Егер ол осылай деп шешсе, біздің қолымыз байлаулы. Бірақ, бұл «ештеңе істей алмаймыз» деген сөз емес, орталық диспетчер келіп түскен қоңырау нөмірін бақылауға алып, қадағалап отырады. Егер, осы мекенжайдан қайтадан шақырту түссе, біз міндетті түрде барамыз. Оқиға барысында азаматшаның наркология және жүйке аурулары мекемесінде есепте тұрмағаны анықталды. Әрі ішімдік ішпеген, – деп түсіндірді Азиза Дүйсенғазықызы.
Бұл жерден қалалық алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығынан инфарктке шалдыққан науқасты №2 көпбейінді ауруханаға жеткізу керектігі жөнінде қоңырау түсті. Ол жаққа жеткенімізше көлік жүргізушісі Ерболат Бекжанов аула ішіндегі жолдың тарлығы мен жауапсыз жүргізушілер туралы сөз қозғады. Тіпті, келеңсіз жайттардың жиі болатынын жасырмады.
– Өткенде бір оқиға болды. Бір жолаушы дүкеннің алдына көлігін қойып, өзі ішке кіріп кеткен. Ал, біздің баратын жеріміз – шеткі подъезд. Көлікпен әрі өте алмай фелдьшерлер жаяу кетті. Сол сәтте маған «Носилканы алып кел» десе мен не істер едім ана жерде? Тіпті, кейбір аулаға көлігің сыймай қалады. Осының бәрі уақытыңды ұрлайды. Біреуге қас-қағым сәт болуы мүмкін. Бірақ, бізге 1 минуттың өзі 1 сағатпен тең, – дейді жүргізуші.
11:56
Біздің миссия – инфарктке шалдыққан науқасты межелі жерге жеткізу.
– Науқасқа алғашқы көмек көрсетілді. Мұндай жағдайда науқастың өзінің жүруіне тыйым салынған. Сондықтан, жедел-жәрдем қызметіне жүгінген абзал. Ол қазір өзін жақсы сезінгенімен, 10 минуттан кейін жағдай күрт өзгеруі мүмкін. Негізі, бұл І санаттағы шақыртуға жатқызылады. Бірақ, бізге дейін алғашқы көмек көрсетіліп тұрғандықтан, ІІ санаттағы шақырту есебінде түсті. Мұндай санаттағы науқастарды межелі жерге жеткізгенімізде алдымыздан аурухана өкілдері күтіп алады. Біз барғанша оларға науқас жайлы барлық ақпарат түседі, – деді Азиза Дүйсенғазықызы.
Межелі жерге келгенімізде алдымыздан аурухана өкілі күтіп алып, науқасты ішке алып кетті…
Шақырту болмаған соң базаға қайттық. Түскі мезгіл. Ауқаттанатын уақыт та болды. Бірақ, өзге мамандық иелері секілді арқаны кеңге жайып, түстенетін уақыт жоқ. Бар болғаны, кезекті қоңырау түскенге дейін уақытыңыз бар. Ал, ол қоңыраудың қашан түсетіні беймәлім. Арада 15 минут өтті-өтпеді, кезекті шақырту түсті. Михайловкадан 2 жастағы қызының қызуы көтеріліп, іші ауырып тұрғанын айтып анасы хабарласыпты. Бұл – ІІІ санаттағы шақырту. 30 минуттың ішінде бару қажет. Ал, Михайловкаға дейін жол тым ұзақ…
– Қазір балалар арасында тамақ ауруы, ұшыну, күн өту сынды хабарламалар жиі түсуде. Қазір маусымдық кезең ғой. Балалар балмұздақ жеп, күн астында жүреді. Суға түсіп, үйге кеш кіреді, – деді Аяулым Көбейқызы.
Анасы диспетчер бөліміне хабарласып, баласының іші ауырып тұрғанын айтқан. Бірақ, баланы тексеру кезінде іші емес, тамағының ісіп тұрғаны анықталды. Дене қызуы – 39*С. Жедел-жәрдем келгенше анасы дәрі берген. Алайда, ыстық түспегеннен соң 103-ке хабарласуға мәжбүр болыпты.
– Анасы балаға біз келгенше «Ибуфен» берген. Соның салдарынан баланың іші ауырыпты. Қазір баланың ыстығын түсіру үшін суық суға орамал салып, денесін сүрттік. Осы әдістен кейін дене қызуы сәл де болса түсті. Бұған дейін бірнеше дәрі ішкендіктен «укол» салмадық. Әрі, белгілі бір көрсеткіш болмаса, тек дене қызуы үші «укол» салмаймыз. Себебі, адамның ағзасы оған үйреніп алып, кейін ішкен дәрілерді қабылдамай қояды. Анасына «Парацетамол» тастап кеттік. Егер ем-домнан кейін қызуы түспесе, қайта келеміз, – деді Азиза Дүйсенғазықызы.
Түс ауды. Әлі де талай шақырту түсетіні анық. Оларға тез арада бармасаңыз, әрі қарай не болары бір Құдайға ғана аян! Өмір мен өлім арасындағы арпалыста жедел жәрдем көмегінің тез жетуі, ондағы мамандардың біліктілігі – жаныңа демеу болады екен. Айтпақшы, бірнеше сағаттан соң баланың да жағдай тұрақталғаны жөнінде хабар түсті.
Жедел-жәрдем көлігі «сиренасын» қайта қосып, жаңа шақырту түскен жаққа бет алды…
Ербол ЕРБОЛАТ.