«АУЫЛДАН АДАМ КӨШКЕНМЕН» урбанизация кемеліне келген жоқ
Бұрынырақта таздың басындағы бес-алты шаштай селдіреп қалған ауылдағы санаулы үйдің жүдеу тірлігіне жанымыз қоса ашып, көз жасымызды да көрсетпей сығып алатынбыз. Сол кезде көңіл түкпіріндегі бір ой урбандалудың опа берер үрдіс екеніне күмәнмен де қарады. Қазір ол түбегейлі өзгерді. Өзгермесіне қоймаған – уақыт, талап, экономика, әлемнің тәжірибесі. Сондықтан бүгінгі күннің шындығы – урбандалудың анау айтқандай кісі шошитын зат емес, дүние жүзі елдері дамуының әжептәуір бір маңызды көрсеткіші екені. Бұл істе қамшы салдырмай жүрген өзгелер мұның адами капиталда бәсекелестік күшейтетінін мықтап
негізге алған. Сол арқылы өнім өндіруді өсіреміз деп өрекпіп отыр. Ал, біздегі урбандалу кеуде соғып, мән айтатындай маңызда ма? Жүйелі, әлде жүйесіз? Стихиялық сипатта емес пе?!.
Қалалықтар өсіп келеді
Ірі, өндірісті қалаларға бала-шағаны асырау үшін нәпақа іздеп келетіндер мұнда өздерін құшақ жая қарсы алмайтынын да жақсы біледі. Бірақ, тәуекелшіл. Қайткен күнде қалаға баруға құмар. Әрине, тірлік үшін. Үлкен шаһарға үлкен үміт артады. Әйткенмен, әйдік қала бауырына басып, маңдайынан сипай қояр ма? Қайдам, әзірге түйіншегін арқалап, бала-шағасын жетектеп үдере көшіп жүрген қазақ қана.
Статистикалық деректер кейінгі жылдары сыртқы миграциядан гөрі ішкі миграцияның қарқын алғанын айтады. Мәселен, 2020 жылдың 1 маусымындағы мәлімет бойынша, еліміздегі халық саны – 18 735,9 мың. Оның ішінде, 11 018,5 мың (58,8%) адам қала тұрғындары, 7 717,4 мың адам (41,2%) ауылдарды мекен етеді. 2019 жылғы 1 маусыммен салыстырғанда, халық саны 246,2
мың адамға немесе 1,3% өскен. Бұл – республикалық көрсеткіш.
Қарағанды аймағына келсек, облыстық статистика департаментінің мамандары былтырғы жылы қала тұрғындарының саны өскенін атайды. «Ауылдық елдімекенде тұратындар – 3435 адамға азайған. Көшіп келушілердің басым көпшілігі Қарағанды қаласына тұрақтаған. Ол – 2183 адам» дейді департаменттің баспасөз қызметі.
Ал, Үкіметтің «Көші-қон саясатының 2017- 2021 жылдарға арналған тұжырымдамасы» Алматы, Астана қалалары, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстары халық ағынының негізі екенін атайды. Оған қоса, ғалымдар ішкі миграцияның бүгінде стихиялық сипат иеленгенін көлденең тартады. Ұйымдаспаған миграция ішкі көші-қонда бірқатар әлеуметтік әрі рухани негіздегі проблемалардың туындауына әкеліп соғуда.
Ішкі істер министрлігі миграция комитетінің дерегінше, ішкі көші-қонға жылына миллионнан астам адам қатысады. Ішкі
миграцияның мониторингі мұндай көшіқонның 80 пайызы облыс ішінде, 18-20 пайызы облысаралық екенін мәлімдейді.
Ол ауылдардан қалаға көшумен байланысты жүріп жатыр.
Әлбетте, урбандалу – заңды үрдіс. Қазақстанның үлесі мұнда – 53,3 пайыз. Урбандалудың экономикаға тигізер әсері де мол. Егер ол, ғылым тілімен айтқанда, кемелденген урбандалу болса. Кемелденген урбанизацияда қала маңындағы елдімекендерге қалалық өмір салты дендеп енеді. Ол бара-бара агломерациядан тыс аймақтарды қамтиды.
Жалған урбандалу, үйсіз-күйсіздің көбеюі
Осы күнгі көш керуендегі ахуал еліміздің ірі қалаларында жалған урбандалудың белең алғанын айғақтайды. Яғни, ғылым тілінде
жалған урбандалу – қала халқының артуы, сонымен қатар, үйсіз-күйсіздердің көбеюі дегенді білдіреді. Үйсіз-күйсіздіктің салдары күнделікті әлеуметтік қолдаудан қағылуға апарып соғады. Ол – жайлы да жылы баспанадан, тұрғылықты жерге тіркелуден, тұрақты заңды жұмысқа орналасудан және балабақша мен мектептен шет қалу. Дүниенің түгел тетігі ақпараттық технологияға байланған осы күнімен тұрмысы төмен отбасыға ондай мүмкіндіктің бәрі қайдан келсін?! Ол болса, сонда тірлік кешкендердің құқықтық һәм әлеуметтік сауаттылықтарына кері әсер етуде.
Ішкі демографияда үйлесімсіздік орын алуы көші-қон саясатының 2017-2021 жылдарға арналған тұжырымдамасында да
көрсетілген. Онда оңтүстік өңірдегі халықтың тығыз, солтүстікке жақын аймақтарда, керісінше, халықтың сирек орналасуы айқындалған. Осы орайда, Үкімет тарапынан солтүстік облыстарға тығыздығы жоғары оңтүстік аймақтағы ағайынның қоныс аударуы туралы шаралар да қабылданды. Ол шаралар жүріп жатыр. Ұйымдастырылған, жүйеленген түрде. Айтпағымыз – ауыл тұрғындары қалаға магнитше тартылуы бұдан әрі де күшеймесе, кемімейді. Сол себепті, осы шаралар тек Павлодар, Қызылжар, Қостанай қалаларын ғана емес, орталық өңірлерді де қамтыса деген ой. Сол арқылы аймақтарда халықтың орналасуында да баланс сақталар еді.
Шетел тәжірибесінің озығы бар
Тұжырымдамадан ұққанымыз – ішкі көшіқон ағындарын өңірлік экономикалық өсу аймақтарына жіберудің мемлекетте нақты жүйесінің болмауын жоққа шығармайтындығы. Демек, ішкі көші-қонда халықты әлеуметтік қолдау үшін ынталандыру тетіктері қарастырылуы тиіс. Осыған байланысты сонда нақты міндеттер мен мақсаттар да көрсетілген. Бірақ, солардың қайсыбірі ғана іске асқан. Кейбіреулері сол қалпында дегеніне жетпей, жолдың ортасында қалған сыңайлы.
Мысалы, тұжырымдамада Қытай, АҚШ, Аустралия, Канада тәжірибелеріне назар аударылған. Тарқатып айтсақ, Қытайда ішкі көшіқон Кедейлікпен күрестің 2020 жылға дейінгі кешенді бағдарламасы арқылы ынталанды рылатыны айтылады. «Ол бағдарлама бойынша жыл сайын 2 млн. адамды қайта даярлау, өндірісте жұмыс тәжірибесі бар 6 млн. адамды жұмысқа орналастыру, сонымен қатар 2 млн. адамды қолайсыз аудандардан қоныс аударту жүзеге асырылады. Бұл ретте қоныс аударушылар үшін қолжетімді бағалар бойынша тұрғын үйді жалға беру және экономикалық қолжетімді пәтерлер құрылысын қоса алғанда, тұрғын үймен қамтамасыз ету жүйесін құру қарастырылады» дейді. АҚШ-та ішкі көші-қон салықтық ынталандыру арқылы іске асады екен. Көшіп келген адамды жұмысқа алған жұмыс берушіге салықтық жеңілдік беріледі. Аустралияда өзге
өңірге қоныс аударып жатқандарға қаржылай көмек көрсетеді. Тағысын, тағылар…
Түйін
Сондықтан, урбандалуды реттейтін заңнама негізінде құжат пен шараның қажеттігін қазіргі уақыт және еске салады. Болашақта
миллион тұрғынды арман еткен Қарағандыдағы ахуал урбандалу бойынша елдегі ілгері қаланың бірі болғанымен, әзірге алғашқы кезеңінде. Әйткенмен, миллионды межелеген кеншілер мекені үшін де бұл қашып құтылмайтын үдеріс. Сол себепті, ішкі көші-қон мен урбандалуда бұрынғы тұжырым толықтыруды, заңнама негізінде жетілдіруді қажет етеді.
«Ауылдан адам көшкенімен» урбанизация кемеліне келген жоқ.
Қызғалдақ АЙТЖАН.