Бас тақырып

Арқаның абызы еді

Жайық Бектұров!

Қазақтың қазыналы қарты, Арқаның ардагер азаматы, Қарағандының көрнекті қаламгері еді ғой қайран Жәкең. Сөйлеп кетсе аузымен құс тістейтін шешен, жаза жөнелсе қаламы су жорғадай тайпалып отыратын көсем еді ол. Білімдарлығы, зеректігі, есте сақтау қабілетінің мықтылығы адамды еріксіз қайран қалдыратын. Көргені де ұлан-асыр, білгені де телегей-теңіз болатын біздің ардақты Жәкеңнің.

Жәкең аймағымыздағы балағының биті бар жас талапкерлерге үнемі әкелік, аталық қамқорлық танытып жүретін. Сол кезде өзі Қазақстан Жазушылар одағының облыстық бөлімшесінің төрағасы болғандығынан ба, әлде табиғатынан жас талапкерлерге деген шынайы қамқор мінез бойында қалыптасып қалған ба, әйтеуір Жәкеңнің бізге деген көңілі риясыз таза болатын. Жас талапкерлерге аталық ақ батасын аямайтын.

…Әлі есімде, 1979 жылдың көктемінде Қарағанды мемлекеттік университетінің бас корпусы ғимаратының үлкен аудиторияларының бірінде поэзия кеші өтетін болды. Жақсы жырды кәусар бұлақ көретін біз сияқты филология факультетінің студенттері үшін бұдан артық қуаныш бола ма? Ол кезде университеттің ректоры қазақ халқының алып тұлғалы ардақты азаматы Евней Бөкетов еді.

Поэзия кешіне орай «Балауса» әдеби бірлестігі арнайы қабырға газетін шығарған. Оны әдеби бірлестік газетінің сол кездегі редакторы, бүгінгі танымал қаламгер Төрехан Майбас ағамыз жарқыратып, көзге көрнекі жерге іліп тастаған. Жыр кешіне сақадай саймыз.

Бір кезде университет ректоры, академик Евней Арыстанұлын қолтықтап алған жазушы Жайық Бектұров екінші қабатқа көтеріліп келе жатып, қабырға газетіне көздері түсті де, солай қарай беттеді. Ебекең мен Жәкең екеуі жас талапкерлердің аты-жөні мен балауса шығармаларын байыппен қарай бастағанда әудем жерде тұрған біздің жүрегіміз тайдай тулап қоя берген.

Енді қалай, атағы асқар таудай ректор ағай мен белгілі жазушы соншама үлкен бастарымен балғын жастардың балауса шығармаларына көз салып тұрса! Оның арасында біздің де бірер өлеңіміз бар еді. Мұндайда жас жүрегің қалай туламайды?

– Жәке, жүріңіз. Бізді студенттер күтіп қалған шығар. Аудиторияға барайық. Қазір бұл өлеңдерін сол жерде жастардың өздері де оқып береді ғой, – деп ардақты Евней Арыстанұлы маңғаз қалпымен маң-маң басып, Жәкеңді жыр кеші өтетін аудиторияға қарай алып жүрді.

Сол бір поэзия кеші өте әсерлі, қызықты өткен еді. Студент жастар жарыса өлең оқыды. Арасында Жәкең әдемі әзілдерін айтып, бәрімізді ду күлдіріп қояды. Жастардың қолқалауымен Жайық ақсақалдың өзі де көптеген қызықты әңгімелер айтып берді. Ректорымыз Евней Арыстанұлының да өлең жазатынын, орыс тіліндегі әдеби шығармалардан қазақшаға шұрайлы аудармалар жасайтынын сол кеште алғаш рет Жәкеңнен естідік.

– Бұл ағаларың Маяковскийдің өзін қазақша сөйлеткен. Ал, оны қазақшаға аударуға мүйізі қарағайдай үлкен ақындардың өздері тәуекел жасай бермейді, – деді Жәкең. Ебекең бұл сөзді әзілге айналдырып, әңгіме арнасын басқа тақырыпқа бұрып жіберді. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген осы екен ғой деп сүйсіндік біз іштей.

Талай жастардың әдебиеттегі алғашқы қадамына біздің ардақты Жайық атамыз адал көңілімен ақжолтай тілегін айтты, әдебиет айдынында сәт сапар тіледі. Олардың балауса шығармаларын талдауға өзі ұйытқы болды, көңіліне ұнаған балғын туындыларды облыстық, республикалық басылымдарға жариялауға ықпалын тигізді. Бұл аталық ақ көңілден туған нұрлы шапағаттың белгісі еді.

Жәкең, қайран Жәкең!

КСРО НКВД-сы жанындағы айырықша Кеңес Жайық Бектұров ағамыз бастаған он шақты адамды «буржуазияшыл-ұлтшыл ұйым құрды» деген жаламен жартысын атып, жартысын 10 жылға лагерьге айдап жіберген. Сол «итжеккенге» айдалғандардың қатарында Жәкең де Ивдельлагта айдауда болып, ну жынысты қалың тайганың арасында азап пен қорлықтың, аштық пен бейнеттің неше атасын басынан өткеріп қайтты.

Тағдырдың жазуымен сан түрлі тар жол тайғақ кешулерді басынан кешкен Жайық Бектұровтың Алматының ішкі түрмесінде шеккен азабы республикалық «Казахстанская правда» газетінің 1990 жылғы 2 қараша күнгі санында прокурор Андрей Жевлаков «Агентурное дело: националисты» дейтін көлемді материалында жан-жақты айтылған. Жайық ағамыз бақандай бес тәулік бойы ыстық карцерде тұншығып жатса да, мойнына тағылған жаланы мойындамапты. Прокурор А.Жевлаков бұл деректерді зерттей келіп, өзінің осы мақаласында: «Нельзя не поражаться мужеству этого человека!» деп сүйсіне баяндаған.

Кейін Жайық ағамыз бұл мехнатын өзінің «Ыстық карцерде» деп аталатын өлеңінде толық сипаттап берген. Бұл өлең «Жазушы» баспасынан жарық көрген Жәкеңнің «Өткелде» деп аталатын кітабында жарияланған.

– Жау екеніңді, ұлтшылдық-фашистік ұйымның құрамында болғаныңды мойында! – деп таяқтайды НКВД-нің жендет тергеушілері.

– Ешқандай жаулық жасаған жоқпын, ешқандай ұлтшыл ұйымның құрамында болған емеспін. Кеңес өкіметіне адал болдым. Қолымнан келген қызметті адал атқардым. Мен ешқандай да жау емеспін! – деген сөздерімнен бір де танбадым.

Тергеушілер кезек-кезек жауап алып, күндіз де, түнде де дамыл бермейді. Мен қанша таяқ жесем де осы сөздерімді қайталай бердім. Ақыры олар мені мал сияқты сирағымнан сүйретіп, ыстық карцерге лақтырды.

Бұл – тұтқын бейбақтарды жазалаудың ең ауыр түрі. Моншаның буға түсетін жері қандай болса, ыстық карцердің іші одан әрман. Құдайдың шыжыған ыстығында оның пешін өртеп жағады да отырады. Жарты сағаттың ішінде денемнің терісі сыдырылып, түсіп қалды. Тілім аузыма сыймай, бір жұтым суға зар болып, сол атаңа нәлет «Ыстық карцерінде» бақандай бес тәулік бойы өмір мен өлімнің арасында талықсып жаттым, – деп көзіне жас ала қамығып отырып, қинала еске алған еді кейін Жайық ақсақал сол бір адам айтқысыз азапты шағын.

Апыр-ай, сонда НКВД түрмесіндегі азап пен қорлық фашистік Германия концлагерьлерінен асып түспесе, кем болмаған екен ғой. Не деген жауыздық! Неткен озбырлық!

Бұл ауыр бейнеттің бәрін бүкпесіз баяндаған Жәкеңнің «Таңба» атты көлемді романын тебіренбей оқу мүмкін емес. Ол шығармасындағы Тұрлыбек дейтін кейіпкер – Жәкеңнің өзінің прототипі.

Жазушы Жайық Бектұровтың осы «Таңба» романы – сталиндік зұлмат жылдарында түрме мен лагерь қорлығын басынан кешіп қайтқан қазақ зиялыларының ауыр тауқыметі жайлы шерлі шежіре. Романда адамның төбе құйқасы шымырлайтын сталиндік лагерь шындығы мен сұмдығын қаз-қалпында баяндаған. Бұл – тілмен айтып жеткізе алмайтын мехнатты жол, азап сапар.

«Алтынның қолда барда қадыры жоқ» дейді біздің халқымыз. Қайран Жәкең арамызда жүргенде билік басындағы лауазымды мырзалар тарапынан лайықты қамқорлық көрмей өтті. Тіпті, басқа облыстарда өткен үлкен жазушылардың мерейтойларына Жәкеңді өздерімен бірге ала баруды да лайықты деп санамады сол мырзалар.

– Апыр-ай, мұндай сұмдықты кім- кім көрген? Қостанайда өткен Бейімбет Майлиннің 100 жылдық мерейтойына біздің Қарағанды облысынан шаруашылық директоры, ет комбинатының директоры деген өңкей бір «директорлар» барыпты. Ой, Алла-ай, Бейімбеттің шығармалары түгілі атының өзін дұрыстап айта алмайды ғой ол пақырлар. Ал кезінде ардақты Би-ағаның өзін көріп, сөзін тыңдаған мына біз далада қалдық, – деп күйініп отырушы еді жарықтық.

Көңілге бір демеу болатыны – Жәкең өзінің көзі тірісінде Қарағанды мемлекеттік медицина академиясының баспаханасынан шыққан «Жайық мінген қайық» атты кітапты көріп кетті. Медицина ғылымдарының докторы, әдебиет пен өнердің шынайы жанашыры, ардақты азамат Мақаш Тыныштықбайұлы Әлиакпаровтың бұл деректі кітабының басты кейіпкері – жазушы Жайық Бектұров.

Сол сияқты белгілі журналист, ардагер азамат Нұрмахан Оразбеков ағамыз Жәкең қайтыс болардан жарты жыл бұрын «Қазақстан» баспасынан оның «Таңба» атты көлемді романын тамаша кітап етіп басып шығарды. Осы кітабы қолына тиген күні қайран Жәкең баладай қуанып:

– Апыр-ай, біздің баспалар да мынандай әдемі кітап шығара алады екен-ау! – деп бір масайрап қалып еді.

Бұған дейін баспадан жарық көрген аз ғана кітаптарының көлемі кілең пышақтың қырындай ғана болушы еді. Ал, мына «Таңба» романы Жәкеңнің аты мен қалам қарымына сай болып баспадан жарық көрген алғашқы көлемді кітабы болып саналады.

Ардақты Жайық Бектұров ағамызды үнемі тебірене еске алып жүремін. Бүгінде ортамызда оның орны ойсырап тұр. Көзден кетсе де, көңілден кеткен жоқ!

Арқаның абызы, Қарағандының қобызы еді ол…

Төлеубай ЕРМЕКБАЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Басқа материалдар

Back to top button