Санада сақталған бейне

Сана түкпірінде сақталып қалған балалық шағымдағы балғын естеліктердің бірі – майдангер атам Тұрсынқұл МӘКЕЕВТІҢ асыл бейнесі мен өзінің өмір тарихынан тарататын ғибратты әңгімелері. Баурайы көкке оранған Қарқара көктемінің мамыражай шағында жыл сайын 9 мамыр күні ардақтысын Ұлы Жеңіс күні мерекесімен құттықтау үшін ағайын-туыс қара шаңырақта бас қосатын. Бәлкім, содан да болар, менің бала түйсігімде атамның тұлғасы азаматтық пен ерліктің символы болып қалыптасты.

Шынымен де, атамның қарапайым қалпы мен ұлағатты ұстанымдары, пейілінің кеңдігі мен адамгершілік қасиеті төңірегіндегі қауымға тұтасымен үлгі болатын.

Қарқаралы ауданы, Бүркітті ауылының тумасы Тұрсынқұл атам 1920 жылдың 12 желтоқсанында дүние есігін ашқан екен. 1940 жылы Кеңес әскері қатарына шақырылып, Отан алдындағы азаматтық борышын Қиыр Шығыста өтейді. Сұрапыл соғыс қарсаңында Забайкалье өңірінде болып, қанды ұрысқа Воронеж қаласының іргесінде кіреді. Алғашқы жылдары Украина майданы шебіндегі «жан алысып, жан беріскен» ауыр шайқастарға қатысады. Бейбіт күнде солдат шинелін киіп, тұтқиылдан басталған соғыс өртінің бел ортасына түскен атамның жауынгерлік жолы басқыншы фашистердің ұясы – Берлинге дейін жалғасады.

Елге есен-сау оралғаннан кейін тылда тынымсыз еңбек еткен замандасы – әжеміз Әмина Жүнісқызымен бас қосып, анасының ақ батасымен қара шаңырақтың түтінін түтетеді. Тәңірдің қалауымен дүниеге келген жеті ұлы мен төрт қызына тәлімді тәрбие береді. Заманында тағдырдың жазуымен бауырларынан ажырап қалған атам өзінен өрбіген ұрпақтары арқылы тамырын тереңдетіп, керегесін кеңейте түседі.

Совхозда ұзақ жылдар бақташы, комбайншы болып еңбек еткен майдангер 2003 жылдың көктемінде дүниеден озды. Ғұмыр бойы ұрпақ қамын ойлаған атамыздың бүгінгі күні жүзге тарта немере-шөбересі бар. Балаларының алды ақ сақалды ата болса, кішісі елуді еңсерді. Ұлағаты мол тұлғаның тәрбиесін бойына сіңіріп, қарашаңыраққа ие болып отырған ұлы Мұқаш – ауылдың имамы. Жамағатты имандылыққа бағыттауда.

Ізін басар ұрпағының ертеңі үшін қан майданда кеудесін оққа тосқан атамыздың ерлігі мен еңбегі ескерусіз қалған емес. «Германияны жеңгені үшін» медалін омырауына тақса, бейбіт кезеңдегі еңбек жетістіктері де көптеген марапаттармен аталып өтілген. Бұл – біз үшін зор мақтаныш.

Тағылымы ерен атамыздың қан майдандағы ерлігін мәңгілік жадымызда сақтаймыз.

Ұмытпай тарихтағы сұрапылды,

Жалғаймыз асқақ арман-мұратыңды.

Жететін жеті атаға түп-тамырың –

Ұрпағың ұмытпайды ұлы атыңды.

Бүгінгі бақытты шақ – Маңдай терің!

Тәуелсіз бейбіт күнде – байтақ жерің!

Жыл сайын Жеңіс күні ұлы рухқа

Тағзым етер қазағың – қайран елің!

Эльмира САЙЛАУҚЫЗЫ.