Бас тақырып

Ұлытаудан ұшқан Ұлар

Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері, ақын жерлесіміз Жүрсін ЕРМАН жетпіске келді. Бұл Ұлытау мен Алатау арасындағы ұлан асыр той. Думанның бір шеті облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен Қарағанды Кеншілер Мәдениет Сарайының төріне де «Ұлытауға бардың ба?» әдеби-сазды кеші болып төркіндеді. Осылайша Ұлытаудан ұшқан ұлт ұлары Жүрсін ағамыздың жетпіс жас мерейтойы жыр кеші мен ақындар айтысына ұласты.

ӘЗІЛІ ОСЫП АЙТАР, АСТАРСЫЗ АШЫҚ АЙТАР

Кештің көркі көрермен, ал, көрермені мен көгерген айтыс атасы Жүрсіннің жолы сара жол екеніне кәміл сенген Қарағанды жұрты бұл мерекені әдейі қалап тосқандай. Сахна шымылдығы ашылысымен экранда Жүрсін Молдашұлының өткені мен бүгінін сыр еткен деректі фильм көрсетілді. Бейне таспаның бір ерекшелігі онда Жүрсін ағаның әзіл астармен осып айтар айтқыштығы да қамтылған екен. Бірде Жүкеңе кезекті сапарының бірінде біреулер «айғыр мінгіздім» деп конверт берген екен. Содан берген конверттері жұқалау болса керек. Жүкең «Әй, айналайын, маған бергендерің есектің айғыры ма еді?» деген екен.

Тағы бірде Жүрсін Ерман мен жары Бақытжамал екеуі Астанаға келгенде досы, ақын Несіпбек Айтұлы үйіне қонаққа шақырады. Алыстан ат терлетіп келген қонақтарға арнайы қонақасы беріледі. Бір-бірін көптен көрмеген екі құрдас дастархан басында әдемі әзілдесіп отырады. Бір кезде Несіпбек жақында немересі үйленетінін айтып, Жүкеңе «Мен енді Алла бұйырса шөбере сүйіп, ата емес – баба болам, сен далада қалдың» деп қалжыңдайды. Жүкең болса «Сен баба болсаң боларсың, ал, сонда кемпірің кім болады?» деп сұрайды. Несағаң «Кемпірім кейуана болады» депті. Жүрсін қулана күліп алып, «Е, онда кейуананың күйеуі баба емес, диуана болады ғой» деген екен. Досының тапқырлығына риза болған Несағаң бастаған дастархан басындағылар ду күліпті.

Алматы қаласындағы бір думанды тойдың үстінде жетісулық әнші Нұржан Жанпейісов қазақтың халық әні «Жиырма жеті қызды» шырқайды. Тойға келген қонақтардың ортасында отырған Жүрсін Ерман үзіліс кезінде кездесіп қалған әншіге «Нұржан, жаңағы орындаған халық әні бұрында «Он алты қыз» сияқты еді ғой. Қалған он бірі қайдан келген? Оралмандар ма?» дейді.

Осы сынды бірнеше қызыққа толы оқиғасын ақын Ринат Зайытов әңгімелеп, жұртты қыран топан күлкіге қарық қылды. Бұл да бір өнердің өзіндік сипаты деп білеміз. Алаш берген абыроймен ардақталған Жүрсіннің жүз қырының бірі, міне, – осы айтқыштығы шығар…

АҚЖАРМА ТІЛЕКТЕР ЛЕГІ

Айтулы тұлғаның мерейтойына ақжарма тілектерімен алты Алаштың ардақтылары жиналды. Қазақтың маңдайына біткен бірегей бақ Асанәлідей тау тұлға сахнада ән шырқады. Атақты композитор Алтынбек Қоразбаев әнін жазып, Жүрсін Ерман сөзін жазған «Құлыным» әнін жұрт ерекше ықыласпен беріле тыңдады. «Жан балам жабырқасам, ей, Мәдиім сен, Сүйетін сағынғанда Сағиымсың» осы бір ән жолдары тыңдарман қауымның жүрегін елжіретіп, көздеріне жас үйірді. Мұнан асқан марапат, тілек бар ма? Қалың ойдың тұманына бір сүңгіп шықтық. Кеш көркі де осындай әзілмен езуге күлкі үйіріп, қазақ киносының абызының орындауындағы сиқырлы әнмен көңілді бір серпілту.

– Аса қадірлі Жүрсін Молдашұлы, құрметті қауым, ең алдымен сізді мерейтойыңызбен құттықтаймын. Аға, осынау көрсетілген фильмнен соң бірдеңе айтудың өзі артықтау болып қалды. Ұлылар мекені Ұлытауда дүниеге келіп, Алатаудың шыңына қанат қақтыңыз. Дарабоз дарыныңызбен ақындық арыныңызбен еліміздің сүйікті азаматына айналдыңыз. Бағана жоғарыда аталып өткендей айтыспен сіздің атыңыз мәңгі қатар жүрмек. Қазақтың төл өнері айтысты қайта жаңғыртқан өзіңіз. Айтыстың қара нары деген атау ол сізге берген еліңіздің бағасы. Өміріңіздің тең жартысы атамұра айтысты жетелеп шыңға шығаруға, айтыс жүйріктерін баптауға сарп еттіңіз, – деп тілек білдірді аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек.

Есімін елі қастерлей айтқан ер еңбегі жұрт назарында. Бір ғана айтыс үшін емес, ұлт болып қалыптасудың да негізгі қағидаттарын алға тартып жиылғанға бас бола білген Жүрсіндей ердің халқымен қатар дос-жаран, ағайын-туыс арасында да аталы сөздері аңызға айналған талай.

– Бүгін, міне, Сарыарқаның кіндігі Қарағанды қаласында талантты ақын қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерманның 70 жылдық мерейтойына арналған шара басталды. «Ұлытауға бардың ба?» атты шығармашылық кештің шырайы кіріп жанданып жатыр. Жүрсін осы өлкеден шыққан, Қасымнан кейінгі тұғырлы ақындардың бірі. Сонау Ұлытауда туып, қазақтың байтақ даласына үні жеткен тамаша поэзиялық туындыларды өмірге әкелген шайыр. Ал, оның екінші жағы бұқараға мәлім. Ол – айтыс. Айтыстың көшін бастап, рухын қайта жаққан шырағданы ретінде Қарағанды биыл осы Жүрсіннің жетпіс жылдығын тойлап жатыр. Бұл қазақ қоғамы һәм Алаш баласы үшін қуанарлық дүние. Себебі, біздің қауым тілін, ділін жоғалтып алмау үшін ақындарды кеңірек насихаттау керек. Жүрсіннің тойы, адалдықтың, махаббаттың, парасаттылықтың тойы деп білемін. Ақынға қаламдас, қанаттас інісі ретінде ізгі тілегімізді білдіреміз, – деді ақын Ғалым Жайлыбай.

Тілектің кезегін әнші, композитор Алтынбек Қоразбаев мерейтой иесінің сөзіне жазылған әндерімен өрбітті. Сондай-ақ, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының жастары ақынның жалындыжырларын оқып, ел рухын одан сайын аспандатты. Жүрсіндей ел еркесінің кеші осылайша «дауылдай өртке тиген өлеңімен», ақындар айтысымен жалғасын тапты.

ТҰМАР ЖЫРДЫҢ ТОМАҒАСЫН СЫПЫРДЫ

Белең алған індеттен беті қайтқан халық көңілін ақын тойы көсеусіз көсеп, ақындар айтысы шымшуырсыз шырағын қайта жаққандай болды. Ақындар айтысы Арқада болады дегенді естіп, ауа райының қолайсыздығына қарамастан облыстың ит арқасы қияндағы ауылдарынан да қалың қауым жиналды. Жұрт ұйысқан ұлы тойдың иесі қандай бақытты! Айтысты арқалы ақын Аманжол Әлтаев жүргізді. Ақындар айтыс болардан бір күн бұрын жеребе тастап, жұптарын анықтаған болатын. Алғашқы сахнаға шыққан жұп, жерлесіміз Төлеген Жаманов пен Нұр-Сұлтан қаласының азулы ақыны Еркебұлан Қайназаров. Қос ақын жетпіске аяқ басқан Жүрсін ағаларын құттықтап, айтыстың кіріспесін бастап кетті. Ұйқасы мен иірімдері қатар қабысып, жырдың жауһарын терді. Тыңдарман жұрттың айызы қанып, рахатқа бөленді. Қос ақынға қазылар алқасы тең түсті деген төрелік айтты. Әрқайсына 10 деген ұпай берілді. Келесі жұп қарағандылық Тілеген Әділов пен Батыс Қазақстан ақыны Бауыржан Шимердин сахнаға шығып, кесек-кесек жыр төкті. Ақындар Қарағанды тарихын тілге тиек етіп, көмір мен өндіріс орындарының жетістіктеріне шолу жасады. Бұл ақындарға да тең деген баға берілді.

Осыдан соң алаңға Түркістан қаласынан арнайы ат арытып келген атақты ақын Бекарыс Шойбеков пен семейлік ақын қыз Әсем Ережеқызының айтысы көрермен қауымға ерекше әсер етті. Нағыз қыз бен жігітке тән, әзілі аралас айтыс бірауыздан тыңдарман көңілінен шықты. Олар кешегі Түркия еліндегі ақындар айтысын сөз етті. Бірінің-бірі қойған сұрағына сұрапыл жауап қатқан қос ақынның айтысы өте өткір еді. Ұйқаспен сөз астарын бүркемелеп, айтарларын бұқараға жеңіл жеткізе білді. Бұл сында Бекарысқа қазылар бір 9 ұпай, қалғаны 10 ұпай көтерді. Ал, Әсем ақынға төрелік етіп отырған он қазының оны да түгел 10 ұпай берді.

Осылайша, айтыстың алғашқы кезеңі тәмамдалып, ақындар аздаған үзілістен соң жыр додасын қайта бастады. Бұл кезеңде жерлес ақынымыз Айтбай Жұмағұлов және оның қарсыласы атыраулық Шалқарбай Ізбасаров тартысқа түсіп, айтыстың көркін қыздырды. Екеуі біріне-бірі әзілі мағыналы сөздермен сын айтып, аға-іні айтысын жасады. Ақындар Қарағандыдағы Октябрь ауданының ұлт көсемі Әлихан атына берілетіндігін жырға қосып, Қасым үйінің қайта қалпына келетіндігін айтып жар салды. Екеуі 10 ұпайдан алды. Бұл айтысқа әр берген кезекті жұптың бірі сонау Ақжайықтан келген Жансая Мусина мен қарағандылық Өміржан Көпбосыновтың айтысы екеніне жұрт куә. Жансаяның айтысына тыңдарман талай тамсанған. Бұл жолы жұрт оның шабытын оятып, арқаландырып отырды. Ақындарға залдың о жер бұ жерінен «поу», «пах, шіркін» деген жұрт қолдаулары шабытына шабыт қосып, тартысын жандандыра түсті. Жансая кешегі Шет ауданының Шопа ауылында жоғалған жылқыны сөз етіп, әзілмен қарсыласына сұрақтар төпетті. Өз кезегінде Өміржан ақын да аянып қалмады. Ақындар он-оннан ұпай еншіледі. Ақындардың келесі жұбы Ақтөбе қаласынан келген Марат Ахметов пен баянауылдық Рауан Қайдаров та өз қарымдарынша ерекше айтысты. Қарағанды облысындағы қайғылы оқиғаларды атап, балконнан құлаған сәбилер зарын жырлады. Қазылардың бесеуі 9 деген ұпай беріп, қалған бесеуі 10 санын көтерді. Ал, Рауанға екі тоғыз ұпай және сегіз 10 деген ұпай берілді.

Ал, алматылық Қазірет Бердіхан мен Баянауылдан келген ақын Аспанбек Шұғатай мұнайдың қымбаттағанын, қазіргі қоғамдағы сәбилердің «соска мен сотканы» қатар ұстап интернеттің шырмауында кеткендігін баса айтты. Сонымен қатар, «кәрістің кальмарының ойнына әуес болған жеткіншектер қызыл қанға құмар болды» деп бір налытып, Геннадий Головкин мен Серік Сәпиевтей ел мақтаныштарын айтып бір қуантты. Кешегі отырыста «көк тудың астында отырып, коммунистің қылышын жалаңдатқан» Жамбыл Ахметовке де сыни пікірлер жыр жолдарымен төгіле айтылды. Қамтылмаған тақырып, айтылмаған мәселе қалмады. Ақындар қалың қауымның ойындағысын дөп басып, шегіне жеткізе жырлады. Қос ақынға екі 9 ұпай қалғаны 10 ұпайдан ұсынылып, сахна сыртына шығарып салынды. Сонымен, соңғы жұптың да айқасына кезек келді. Сахна төріне Мұхтар Ниязов пен Қалижан Білдәшев көтерілді. Бұл айтыс та тартысқа толы болды. Жыр сағынған, айтыс көрем деп алыстан ат арытып келген қауымның қайтқысы жоқ. Екі ақынның жыр додасына қазылар бағасын берді. Мұхтарға бір 9, қалғаны 10 ұпай берсе, ал, Қалижанға екі 9, сегіз 10 ұпай берілді.

Ақындардың ұпайларын салыстырып, әділ шешім шығарған қазылар соңғы айналымға 4 ақынды өткізді. Олар: Еркебұлан Қайназаров, Қалижан Білдәшев, Жансая Мусина және Төлеген Жаманов.

Финалда Еркебұлан мен Қалижан, Жансая мен Төлеген айтысты. Тартысқа толы осы бір айтыстың тура төрелігін айту оңайға түспеді білем. Дегенмен, Бас жүлде 3 млн. теңге жерлесіміз Төлеген Жамановқа бұйырды. I орынды Жансая Мусина алды. II орынды Еркебұлан Қайназаров, Қалижан Білдәшев және жерлесіміз Айтбай Жұмағұлов иеленсе, III орын иегерлері Тілеген Әділов, Өміржан Көпбосынов, Бауыржан Шимердин, Әсем Ережеқызы және Шалқарбай Ізбасаров деп танылды. Ал, арнайы Жүрсін Ерман атындағы жүлдені Бекарыс Шойбеков алды. Мұхтар Ниязовқа Қ.Аманжолов атындағы жүлде ұсынылса, Қазірет Бердіханға Шашубай атындағы жүлде табысталды. Аспанбек Шұғатай, Рауан Қайдаров, Марат Ахметов сынды ақындар да жүлдеден құр қалмады. Олардың бас-басына 300 мың теңгелік сыйлық берілді. Бұл доданың бір ерекшелігі де осында. Қатысқан адуынды ақындардың бірі де жүлдесіз емес. Халқымен мерейі тасыған ер Жүрсін ақынның мерейтойы осылай дүбірледі. Арқа жұртында ес қалмады. Айтыстың үздіктері мен мерейтой иесін қалың қауым қолпаштап әкетті. Жыр жанашыры, біртуар тұлғаның тойы болса осындай-ақ болсын!

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button