Бас тақырып

Ел тілегі – Ұлытау

Барша қазақ қадір тұтқан Ұлытау қастерлі өлке. Үш жүздің басын қосқан Ұлытауда бабаларымыз ұлттың келешегін ойлап, бірліктің туын желбіреткен. Хан ордасы қазақ жерінің кіндігі, ұлы тұлғалардың рухы тоғысқан аймақ. Экономикалық тұрғыда мүм кіндігі мол, рухани келешегі кемел өлкені Ел Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ облыс құру жөніндегі шешімін жұрт жұмыла қолдады. Мемлекет басшысының бұл ұсынысына халық қалаулылары облыстық мәслихат депутаттары да үн қосты.

1 сәуірде Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы Серік Өтешовтың төрағалығымен кезектен тыс XI сессиясы өтті. Сессия жұмысына Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, басқармалардың, департаменттердің, құқық қорғау органдарының басшылары қатысты. Күн тәртібіндегі басты мәселе Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлытау облысын құру туралы бастамасын қолдау.

Қазақ тарихының қазығы қағылған құтты мекеннің жеке облыс болып құрылуы кенді аймақ Жезқазғанның индустриялық әлеуетінің артуына, ел экономикасының өркендеуіне орасан зор ықпалын тигізбек. Халықтың әлеуметтік әлеуетін нығайтуға бағытталған іс -шаралардың қабылдануы жаңадан құрылғалы отырған облыстың отандық индустрияның кеңінен қанат жаюына ықпал етеді. Жаңа облыстың әлеуметтік-экономикалық мүмкіндігін екшейтін ұсыныстар әзірленіп, депутаттар қарауына ұсынылуда. Бұл жөнінде «Облыста Ұлытау облысын құру бойынша әкімшілік-аумақтық құрылыс мәселелерін шешу үшін алгоритм әзірленді. Алгоритмге сәйкес барлық қажетті жұмыстар белгіленген мерзімде аяқталады. Қарағанды облысы мен Ұлытау облысының схемалық карталарын әзірлеу жұмыстары басталды. Жүргізіліп жатқан өзгерістер бойынша ғылыми сараптама және экономикалық есептеулер жүргізу мәселесі пысықталуда»,–деп атап өтті облыстық Экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов.

Сонымен қатар, «ҚР заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының қарауына жаңа облысқа Ұлытау атауын беру туралы ұсыныс енгізу қажет. Заңнамадағы өзгерістерге сәйкес әкімшілік-аумақтық бірліктердің, елді мекендердің құрамдас бөліктерінің дәстүрлі тарихи қалыптасқан атаулары мемлекеттік тілде жазылады»,–деп атап өтті тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлнарайым Қаңтарбекова. Яғни, «Ұлытау» сөзі тарихи атау болғандықтан екі тілде де еш өзгеріссіз қалады.

Ұлы тұлғалардың рухы тоғысқан шежірелі өңір, тоны торқа түгі алтын кенді аймақ, туризмнің орталығы Ұлытауға облыс дәрежесінің берілуі оның қай жағынан болса да әлеуетінің зор екендігін көрсетеді деген пікірлерін жеткізді депутаттар қауымы.

–Ел Президенті 16 наурыздағы Жолдауында «Біз алдымызға биік мақсаттар қойып отырмыз. Өздеріңізбен бірге Жаңа Қазақстанды құруға кірістік» деп басаталатын Жолдауы ел дамуына тың серпіліс әкелген жолдау болды. Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстанды құрудың негізгі бағыттарын айтып, соған сәйкес саяси-экономикалық, әлеуметтік, рухани салалар бойынша қолға алынуы тиіс жақсы мәселелерді көтерді. Жаңа қадамдарды айқындап берді. Ел Президентінің бұл Жолдауы ақжолтай жолдау болды. Қлытау, Абай, Жетісу облыстарының ащылуы ел өміріндегі ерекше оқиға. Өздеріңізге белгілі қазақтың киелі өңірлерінің бірі саналатын Ұлытаудың дамуы – Қасым-Жомарт Кемелұлының назарында. Естеріңізде болса, Ел Президенті «Ұлытау-2019» халықаралық форумында және Жошы хан тарихи-мәдени кешенінің ашылуында сөйлеген сөздерінде осы бағытқа назар аударған. Наурыз мерекесі алдындағы Жолдауда Ұлытау облысы құрылып, оның орталығы Жезқазған қаласы дегенде бөркімізді аспанға атып, қуандық десек артық айтқандық емес. Бұл Ұлытау-Жезқазған аймағы үшін ерекше қуаныш сыйлаған және ел үшін тарихи маңызы зор оқиға болды. Осы шешімі үшін Ұлытау аймағының халқы Мемлекет басшысына айрықша алғысын айтады. Кезінде облыс орталығы болған Жезқазған өңірінде де басқа шағын қалалар сияқты түйіткілді мәселелер болғаны белгілі. Айта кету керек, Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Ерлан Қошанов, қазіргі әкімі Жеңіс Қасымбек Ұлытау-Жезқазған аймағына қолдан келген көмегін аяған жоқ. Аты аталған басшыларға да ел атынан зор алғысымды жеткіземін. Алдағы мақсат– Жаңа Қазақстанды құру. Ұлытау облысы жұртшылығы осы бағытта тер төгіп, өз үлестерін қосатынын сеніммен айта аламын,–деді, облыстық мәслихат депутаты Бауыржан Шыңғысов.

Алдағы уақытта Ұлытау облысы аймағында үлкен жобалардың жүзеге асып, ел экономикасының еселенуіне зор үлесін қосатындығы да сессия барысында айрықша атап айтылды.

Сағыныш ӘБІЛ. 

Басқа материалдар

Back to top button