Облыс әкімдігіндеОблыс әкімі

Тасқынға қамданыс қарқынды

Тасқынға дайындық жұмыстары басталып кетті. Мамандардың айтуынша, соңғы жауған қарды ескеретін болсақ, судың қоры артуы мүмкін. Бүгінде су басу қаупі бар 158 елді мекен мен басқа да нысандар анықталып, бақылауға алынды. Олардың басым бөлігі Шет, Бұқар жырау, Нұра, Осакаров және Абай аудандарында. Су тасқынының алдын алу мақсатында өңірде 3000- нан астам адамды қамтитын 75 жиын өткізіліп, 46 елді мекенде 80-ге жуық рейд жүргізілді. Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК тасқынға дайындық жұмыстарымен танысу үшін жауапты өкілдермен онлайн кездесті.

– Қала мен аудандарда материалдық-техникалық құралдардың қорын арттыру жұмыстар жалғасуда. Жоспарға сәйкес, 1 наурызға дейін аяқталуы тиіс. Барлық өңірлерде қаржы резерві жасалып, 3 млрд. 620 млн. теңге бөлінді. Қар жамылғысының космомониторингісінің қызметін пайдалануға шарт жасалып, облыс өзендерінде мұз жару жұмыстарын жүргізуге конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Қазір облыс елді мекендерінен шығарылған қар көлемі – 523 мың текше метр. Ірі су қоймаларынан аз көлемде санитарлық су жіберу жүргізілуде. Сонымен қатар, жоспарға сәйкес барлық деңгейде су шаруашылық нысандарын тексеру, авто және теміржолда орнатылған су өткелдерінің құрылыстарын дайындау және тағы да басқа шараларды 15 наурызға дейін аяқтаймыз, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мұрат Қатпанов.

Құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстар үшін 9 мың адам және 2400 бірлік техникасы бар 355 құрылымды жұмылдыру жоспарлануда. Бұл – қала мен аудан әкімдерінің ақпаратына сәйкес нақтыланған мәлімет. Және су тасқыны кезінде қажеттілікке қарай шаруа қожалықтарының иелігіндегі техникалар да жұмылдырылады.

– Бүгінгі таңда облыстағы жағдай тұрақты. Облыста 20 ақпанда топырақтың қату тереңдігі 50- ден 148 см-ді құрайды. Облыс бойынша өзендердегі мұздың қалыңдығы – 10-27 см. Максималы – 40 см-ге дейін жетеді. Синоптиктердің болжамынша, алдағы аптада ауа райы бұзылады. Облыстың батыс бөлігінен жауын-шашын, қарлы жаңбыр, көктайғақ, боран күтілуде. Ауа температура сы түнде -5-13 градус, облыстың шығысында -13-23 градусқа дейін аяз көтеріледі, – деді «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қарағанды облысы бойынша филиалының басшысы Нұрлан Шахарбаев.

Бүгінгінде облыс бойынша 262 гидротехникалық құрылғы жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Оның 195-і – коммуналдық меншікте. Сонымен қатар, республикалық деңгейдегі 8 және жекеменшік 19 гидротехникалық құрылғыларын да жөндеу жұмыстары күтіп тұр.

– Нұра-Сарысу бассейніне келетін болсақ, қауіп тудыратын аймақ жоқ. Кезінде Ақтоғай ауданында 4 нысан болған-тын. Қазір бәрі қалыпқа келтірілді. Қазіргі таңда үлкен су қоймалары анықталып, бақылауға алынды, – деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Нұра-Сарысу бассейндік инспекциясы мекемесінің басшысы Мүсілім Аққожин.

Сонымен қатар, Балқаш-Алакөл бассейнінде де гидротехникалық құрылғылар бар. Оның 3-еуі жекеменшік болса, 4-еуі – иесіз. Иесі жоқ нысандарды жауапты органдарға қала әкімдігінің балансына беруге хат жолданған.

– Аудан бойынша 9 су қоймасы бар. Кейінгі 4 жылғы мәліметтерге сәйкес, нысандар шаруа қожалықтарының атына жазылған. Сот арқылы шаруа қожалықтарының иелерімен келісіп, 5-еуін коммуналдық балансқа алдық. Былтыр 3-ін шаруа иелері қаражаттарының болмауы себебінен аудан әкімдігінің қарамағына берді. Қазір соттың шешімін күтіп отырмыз. Құжаттарды рәсімдеп, коммуналдық балансқа алған соң тиісті жұмыстар жасалады. Бүгінде тиісті жасалатын дайындық жұмыстарының жоспарын әзірлеп қойдық. Қазіргі таңда, қалған 1 су объектісін шаруа иесі коммуналдық балансқа бермей отыр. Алмайық десек, шаруа иесінің салатын қаражаты жетпейді, – дейді Ақтоғай ауданының әкімі Салтанат Әбеуова. «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Сырым Хамзин:

– Су тасқыны кезеңіне дайындық барысында республик маңызы бар ұзындығы 17 250 км болатын жол бойындағы қауіпті деген 47 нысанды бақылауға алдық. 17-іне жаңадан көпір орнатып, 411 су өткелін жаңарттық. Тасқынның алдын алу мақсатында құрылыс материалдарын және басқа да бөгет бола алады деген дүниелерді жеткізіп қойдық. Сонымен қатар, 83 бульдозер, трактор, жүк тиегіш пен басқа да техника сақадай сай. Қажет болса, экскаваторлар жалға аламыз, – деді.

Аймақтағы жағдай да толық бақылауға алынған. Бұқар жырау ауданы бойынша 9 көшпелі дөңгелекті үй мен 2 моторлы қайық әзір. Аудан бойынша 37 нысан бақылауға алынған. Аудан орталығында 373 метрлі су құбырлары ауыстырылып, 50 арық қайта қазылған. Тоғызқұдық, Көкпекті ауылында да су құбырлары тазартылып, тереңдетілді. Қазіргі таңда аудан бойынша 79 су нысаны бар. Оның 4-еуі республикалық, 1-еуі облыстық маңызы бар. 47-сі аудандық болса, 9-ы жекеменшікте. Ал, Осакаров ауданындағы 11 ауыл өзен жағасында орналасқан. Су тасқыны кезінде 5 үйді су басады деген қауіп бар. Былтыр күзде тасқынға қарсы алдын алу жұмыстары қар бекімей жүргізілген. Қарағайлы, Құндызды, Сабырқожа өзендерінің қауіпті тұстары қамыс пен талдан тазартылып, бөгеттер қайта көтерілген. Аудан бойынша су тасқынына бөгет болатын 2 мың тоннаға жуық материал әзірленген. Қосымша 5 нысан анықталып, бюджет ақшасынан қажетті заттар алынған.

– Елді мекендерден қарды шығару, су өткізу құбырларын тазарту жұмыстарын күшейту, сондай-ақ, қоймалардың суды ағызу режимін реттеуге назар аудару қажет. Барлық аудан әкімдеріне, су тасқынына жауапты тұлғаларға күштер мен құралдардың жоғарғы дайындығын қамтамасыз етуді, материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етуді тапсырамын. Су тасқынының өтуі көбінесе қолайлы ауа райына да, дайындық деңгейіне де байланысты. Сондықтан, мұқият болыңыздар. Соңғы уақытта қар көп түсті. Мамандар алдағы аптада да қар жауады деп болжап отыр. Қарды шығаруға техниканы әзірлеп қойыңыздар, – деді Жеңіс Махмұдұлы.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button