Бәрекелді!

ҚарТУ-ға академик есімі берілді

ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұсынысы бойынша Қарағанды техникалық университетіне академик Әбілқас САҒЫНОВТЫҢ есімі берілді. Бұдан былай бұл жоғарғы оқу орны Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті деп аталатын болады.


Қазақстан Республикасы Үкіметінің 18.02.2022 жылғы қаулысымен Қарағанды Техникалық университетіне академик Әбілқас Сағыновтың есімі берілді. Осы орайда ұжымды, студенттерді, университет түлектерін және ғылыми қоғамдастықты осы маңызы зор оқиғамен құттықтаймын. Еліміздің ғылым саласына зор үлес қосқан қайраткердің есімімен аталған университет бұдан әрі де талантты мамандарды тәрбиелейтініне сенімдімін, – деп жазды облыс әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің Facebook парақшасында.

Академик Әбілқас Сағынұлы Қарағанды тау-кен институтына, кейін политехникалық институтқа 30 жылдан астам уақыт бойы (1955-1988 жылдар) басшылық етті. Ол университеттің профессорлық-оқытушылық құрамын, материалдық-техникалық базасын нығайтуға және жоғары білікті инженерлік кадрларды даярлауға зор үлес қосты. Қазақстандағы тау-кен ғылымы мен тау-кен өнеркәсібін дамытудағы академиктің еңбегі ерен.
Әбілқас Сағыновтың жетекшілігімен пайдалы қазбалар кен орындарын игеру технологиясы бойынша әлем мойындаған беделді ғылыми мектеп құрылды. Оның зерттеулерінің нәтижелері бүгінгі күнге дейін тәжірибеде кеңінен қолданылады. Әбілқас Сағыновқа ерен еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, екі мәрте Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту және «Парасат» ордендерімен марапатталған.
Қарағанды техникалық университетіне академик Әбілқас Сағыновтың есімін беру – бұл оның отандық ғылым мен білім саласындағы сіңірген еңбегінің мойындалуы болып табылады. Бүгінгі таңда Қарағанды техникалық университеті еліміздегі ең ірі техникалық университеттердің бірі болып саналады және университеттердің беделді әлемдік – QS World University Ranking рейтингісіне кіреді, – делінген Министрліктің ресми сайтында.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ. 

Басқа материалдар

Back to top button