Бас тақырыпМәселе

“Балалар жылында” балаларды қалай қорғаймыз?

«Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі, олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі» деген Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Және оны тек ұрандап немесе мереке түрінде атап өту ғана емес, балаларды қорғау мақсатында ең алдымен билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында нақты іс-шаралар жасалуы керектігін қадап айтты. Себебі, дәл осы салаларда шешімін күтетін мәселелер жетіп артылады.

Елімізде балалардың құқықтарын қорғау мәселелерімен айналысатын ұйымдар көп. Үкімет жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтары және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведом­ствоаралық комиссиясы, аумақтық комиссиялар, бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты, білдей 9 министрлік пен ведомстволар, бұдан бөлек, үкіметтік емес ұйымдар бар. Десек те, балаларға қатысты мәселе бітер емес. Балабақшамен қамтылуынан бастап, лайықты білім алуы, қосымша біліммен қамтылуы, денсаулығын сақтау, тиісті мемлекеттік көмекті алуы, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі балалардың жайы алаңдатарлық. Жақында ғана балалар омбудсмені Аружан Саин денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және білім беру саласында балалардың құқығы жиі бұзылатынын айтты. Оның айтуынша, балалардың мүгедектігін азайту бойынша күткен нәтижелерге қол жеткен жоқ.

– Бұл мүмкіндігі шектеулі балалардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жол картасы аясында болуы тиіс шара еді. Кейбір аймақтар уақытылы скрининг өткізетін, сол арқылы мүгедектіктің алдын алатын құрал-жабдықтарды сатып алмады. Дәрігерлерді де оқытпады. Емдеу ісі ерте қолға алынса, мүгедек болып қалмас еді бала. Әрекетсіздік пен жүйесіз жұмыс балалардың толыққанды өмір сүру мүмкіндігінен айыруда, – деді Аружан Саин.

Омбудсмен жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қатысты кәсіби отбасы институты енгізіліп, арнайы заң қабылданатынынан үмітті. Статистикаға сүйенсек, елде 6 миллион 109 мың бала, 23 063 жетім бала бар. Олардың 18 805-і немесе 81,5%-ы отбасыларда тәрбиеленіп жатыр. Жыл санап балалар үйінің азайып келе жатқаны әрине, қуантады. Бірақ, бала асырап алушылардың ниетін де ескерген жөн. Асырап алған әр балаға берілетін қаражат аз емес. Бірден 4-5 баланы алып, 40-50 шаршы метрге қамалып отырмауын, тіпті, одан сорақы, зорлық-зомбылық құрбаны болмауын қадағалайтын органның құзыреттілігін арттыру керек. Ата-аналар да, дәрігерлер де соңғы жылдары аутизмнің белең алып келе жатқанын айтып дабыл қағуда. Ең қиыны, ондай баланы ерте жастан танып-білетін, оны емдейтін мүмкіндік елде болмай отыр. Себебі, үздіксіз емді қажет ететін балаларға көмек беретін оңалту орталықтары жоқ. Әрі кетсе, 2-3 ай жүргізетін шаралар нәтижесіз.

– Аутизм және басқа да ментальды ауытқушылығы бар балалар мен ересектерге арналған Ұлттық ресурстық орталық керек. Біздің ерекше балаларымыз жекеменшік коррекциялық орталықтардың қаражат көзіне айналды. Ондағы қымбат ем-шараны барлық отбасы бірдей көтере алмайды. Менің екі балам, ерекше күтімді қажет етеді. Әупірімдеп жүріп қол жеткізген мүгедектік жәрдемақысы біреуіне ғана жетеді. Ал, біздің балаларымызға адаптивті спорт, күнделікті педагогикалық коррекция қажет. Инватаксилер жетіспейді, себебі, мұндай балалар көп. Қоғам аутизмнің не екенін түсінбейді, қоғамдық орындарға баламен бару біз үшін қиын, – дейді Қымбат есімді ана.

Қазақстандағы аутизм қауымдастығы осындай балалар мен жасөспірімдерге арналған ресурстық орталықтың ашылуын көтеріп келе жатқанына біраз болды. Еңбектері биыл нәтижелі болады деп ойлайды. Жалпы, жыл басында құрылған «Қазақстан халқына» қорынан да үміт күтуге болатын сияқты. Қор міндеттерінің арасында халықтың әлеуметтік осал топтары және осал топ балаларына спорттық инфрақұрылымның дамуы және қолжетімділігін арттыру бойынша жәрдемдесу, сондай-ақ, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу, қайырымдылық көмек көрсету бағыттары бар. Мұнда көпбалалы отбасылардың жағдайына айрықша назар керек. Олай дейтініміз, Қазақстандағы барлық баланың 40%-ы осы отбасыларда. Ал, ЮНИСЕФ дерегі бойынша көпбалалы отбасылардың 90%-ы кедейлік қамытын киген. Билік әлеуметтік көмекті арттыру жолдарын іздестірсе, дер шағындағы көмек болар еді. Интернетте баласының еміне деп қаражат сұрайтындар, баспанасыз жүрген көпбалалы отбасылар, балалар үйлерінен шыққандарға баспана, тағысын-тағы өз шешімін қор арқылы табады дегенге сенгіміз келеді. Сау баланың өзін сал қылатын мектептегі буллинг, былтырдың өзінде 100-ден астам жеткіншектің өмірін қиған суицидтің өршуі, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген қиын өмірлік жағдайдағы балаларды қолдау, айта берсе жылдар бойы қордаланған мәселе шаш етектен. Оның барлығы жеке тақырыпқа сұранып тұр.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button