Қоржында қола да жоқ
Бейжің Олимпидасы да аяқталып қалды. Жарқын өнер көрсеткен шорт-трекшілер сыны толық мәреге жетті. Жалпы Қазақстан құрамасы бұған дейінгі Олимпиада тарихында қысқы спорт түрінен мұндай жоғары көрсеткіш көрсете алған жоқ. Биылғы Бейжің додасы қазақстандықтардың фристайлдың могул бағдарламасында және шорт-тректе өзге елдермен деңгейлес екенін дәлелдеді. Әрине, жүлде алған ешкім жоқ. Десек те, Ту ұстаушы Абзал ӘЖІҒАЛИЕВ қазақстандық қысқы спорттың дамуына серпіліс әкелгені рас.
Спортшылардың аянып қалғаны жоқ. Барлығы дерлік ақтық сынға соңғы күштерін сарп етті. Осыған орай конькимен жүгіруден Қазақстан командасының бас бапкері Дмитрий Бабенко 1000 метрде бақ сынаған Екатерина Айдова мен Надежда Морозованың көрсеткішін талдап баға берді. Оның пікірінше, командада алға жылжу байқалады.
– Жарыстың соңғы күндері 1500 метрге жүгірген Морозова техникалық және физикалық тұрғыдан жақсара бастады. Дайындық кезінде алып қалған аздаған жарақаты болған. Жарыстың басталуына санаулы күндер қалған соң асығыс болып бұл мәселені шеше алмадық. Бірақ, сайыстың соңғы күндері Морозова жарақатына қарамастан жақсы нәтиже көрсете білді, – деді бас бапкер Дмитрий Бабенко.
Надежда Морозова барша жанкүйерлерін жарыстың соңғы кезеңінде таң қалдырды. Ол биыл болмаса да бұдан кейінгі додаларда жүлдеден үміткер бола алатындығын дәлелдегендей.
Ал, Е.Айдоваға келер болсақ, бапкердің айтуынша оның жарақаты ауырлау. Сайыста кеңінен көсілуіне де сол жарақаты мүмкіндік бермеген сыңайлы. Десе де, бұл оның төртінші Олимпиадасы. Мұндай жарақатпен қысқы ойындарға қатысу оңай емес. Оның орнында басқа спортшы болғанда, спортпен баяғыда қоштасар ма еді?!
Сонымен Бейжің Олимпиадасын түйіндер болсақ 1000 метрге жүгіруден Надежда Морозова 11-ші, Екатерина Айдова 19-шы орын алды.
Сонымен қатар, шорт-тректен 1500 метр қашықтықта әйелдер арасында жарыс жолына шыққан қазақстандық Ольга Тихонова жарыс ережесін бұзғаны үшін сайыстан шығып қалды.
Айта кетелік, шорт-тректен Қазақстан командасының ең үздік нәтижесін Абзал Әжіғалиев тіркеді. Ол 500 метрге жүгіруден А финалында сынға түсіп, IV орын иеленген еді.
Ал, шаңғымен жарысудан бізідің әйелдер командасы спринттен Олимпиаданың финалына шыға алған жоқ. Бұл сында өнер көрсеткен Надежда Степашкина ақтық сыннан сыртқары қалғанын:
– Биылғы жарыс өте қиын болды. Бар күш-жігерімді салып, мүмкіндігімді көрсетуге тырыстым. Мәреге таяғанда мүлде күшім қалмады. Әрине, нәтиже көңілден шықпайды. Бұдан да жақсы нәтиже көрсетіп, топ басындағыларға соңына дейін ілесуді ойлағам. Алайда, олай болмады, – деп түсіндірді.
Командалық спринтте Қазақстан атынан Надежда Степашкина мен Ксения Шалыгина өнер көрсеткен. Олар екінші жартылай финалда оныншы орыннан аса алмай қалды.
Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.