Жаңалықтар

Елдос ЖҰМАҒҰЛОВ: «Халық мүддесіне сай жүйе орнаса, Президент есімі тарихқа алтын әріппен жазылмақ»

Әсіре айтқандық емес. Әйтсе де, қайталауға тура келеді тағы. Президент Жолдауы жұрттың жанына жақты. Содан да ел ертеңіне бейжай қарамайтынның аузында бүгін. Ғалымдар, қоғам белсенділері, қайраткерлер ой-пікірлерін ашық айтып-ақ жүр. Реформаларды ретімен жүзеге асыру үшін, тиімділігі үшін билік пен бұқараға ымыра-бірлік керек осы тұста. Жолдауға жіті назар салсақ, саяси жүйені жаңғыртудағы темірқазық іспеттес. Егер бұл бағдар шашаусыз іске асса, Мәшкең (Мәшһүр Жүсіп) айтқан «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман» туатындай-ақ.

ҚарУ-дің саясаттану және әлеуметтану кафедрасы меңгерушісінің міндетін атқарушы, саясаттанушы Елдос ЖҰМАҒҰЛОВ «Мемлекет үшін тиімді жүйе құру бәрімізге байланысты» дейді…

– «Халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керек», деді Мемлекет басшысы. Бұған дейін көбік сөзден көз аша алмай келген халық «Президенттің 16 наурыздағы Жолдауы – саяси реформадан бастап, әлеуметтік-экономикалық даму, дағдарысқа қарсы іс-қимылдарды қамтыған ауқымды әрі батыл Жолдау» деген пікірде. Бұқара мұндай реформалы Жолдауды неге ұзақ күтті?

Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретіндегі төртінші Жолдауы. Алдыңғы Жолдауларға қарағанда, бұл Жолдаудың жөні айрықша. Қаңтар қасіретінен кейін де, оған дейін де халық саяси реформаларды күтті. Алдындағы жылдары біз «Алдымен экономика, содан кейін саясат» деген ұранмен өмір сүрдік. Күрделі саяси реформалар кейінге қалдырылып келген болатын. Саясаттағы өзгерістер, қоғамның сұранысына, соның ішінде, азаматтық қоғамның талаптарына сай келмеді. Бұл реформалар, әйтеуір, бір өзгеріс керек болған соң қажет емес. Бұл қоғамды алдыға дамытуға, оның дамуына тежегіш болатын жағдайларды өзгертуге бағытталуы керек. Менің ойымша, қоғамдағы ең басты талаптар Ашықтық, Әділеттілік және Еркіндік. Яғни, саясаттағы ашықтық, әлеуметтік әділеттілік және экономикалық тең жағдайдың жасалуы. Халықты бейбіт митингіге шығарған да негізі осы талаптар. Жаңа Қазақстанның негізгі идеясы осы. Бұл идея қоғамның талабы. Ол орындалмаса, жағдай одан әрі ушығар еді. Біраз уақыт өз-өзімізді алдап келгеніміз өкінішті. Әрине, осы жылдардағы жетістіктерімізді жоққа шығарсақ, өзімізді де жоққа шығарғанымыз. Іс те болды, ал, сөзіміз одан да көп еді. Жолдауды нақты саяси реформалардың бастауы ретінде күткеніміз сондықтан. Ол рас.

– Қасым-Жомарт Кемелұлы Президенттің өкілеттігін шектеуге бірінші кезекте назар аударды. Суперпрезиденттік басқару циклі аяқталғаны туралы бұдан біраз бұрын да сөз бола бастаған еді. Міне, оның жойылатыны жария етілді. Жалпы, суперпрезиденттік үлгі осы жылдары өзін ақтады ма? Әлде асқынды ма?

Демократияның, яғни, халық билігінің мәні жеке адамның, белгілі бір құрылымның шексіз билігін шектеу. Оның өкілеттілігін жылмен, әртүрлі тетіктермен шектеу. Бұл жылдар бойы тәжірибемен дәлелденген аксиома.

Адам әлсіз және қауіпті тіршілік иесі. Оны шектемесе, қолына шексіз билік берсең, ойына келгенін жасайды. Бұны көптеген диктаторлардың мысалынан көруге болады. Егер азаматтық қоғам әлсіз болса, бұл, тіпті, қауіпті. Осы үшін Президент билігі 4-7 жылмен, сайлауға түсу мүмкіндігі де шектеледі. Адам билікте ұзақ отырса, пайдадан гөрі зияны көп.

Біздегі жағдайға келсек, 1995 жылғы Конституциямен анықталған суперпрезиденттік жүйе белгілі бір уақытта пайдасын тигізді. Жылдам шешімдер қабылдап, реформаларды тездетуде рөл атқарды. Бірақ, бұл жүйе ұзақ уақыт тұрып қалды. Нәтижесін көрдік. Жүйеде әр тетік өз қызметін дұрыс атқармаса, міндетті түрде зардабын тигізеді.

Біз суперпрезиденттік үлгіден екі мыңыншы жылдардың басында бас тартуымыз қажет еді. Ол жөнінде конструктивті оппозиция бірнеше мәрте айтты. Билік оған құлақ аспады.

– Енді Президент тапсырмасына сәйкес суперпрезиденттік басқарудан «мықты Парламенті бар президенттік республикаға» көшу міндеті тұр. Парламент күшті болуы үшін сапалы, өз ісінің білгірі, білікті әрі «ұйықтамайтын» депутаттарды қалай іріктеп алмақ қоғам?

Біздегі жарияланған реформалар үш билік тармағының – Парламенттің, Үкіметтің және сот жүйесінің жұмысы дұрыс атқарылуына бағытталуы керек деп ойлаймын. Жолдауда осы туралы айтылды. Айтқанға көне беретін Парламент, дәрменсіз Үкімет және қауқарсыз сот болса, саяси жүйе қалай жұмыс істейді? Онда жоғарыда айтылған қоғам талаптары мүлдем орындалмайды. Осы талаптар орындалуы үшін қажет тетік үш билік тармағының дұрыс жұмыс істеуі. Саяси партиялар әлсіз болса, мықты кадрлар қайдан шығады, қалай іріктеледі? Бәсекелестік пен еркіндік болмаған соң, ол орындарға айтқанға көнетін, айдағанға жүретін депутаттар қонжиды. Депутат деген халықтың мүддесін қорғап шыңдалған, сөзге шебер, іске тиянақты тұлға болуы керек. Мықты Парламент көргіміз келсе, мықты партиялар қажет.

– Пропорционалды-мажоритарлық үлгі сайлау жүйесіне әділдік орната ма?

Партиялық жүйе жұмыс істеу үшін белсенді азаматтық қоғам мен әділ сайлау жүйесі керек. Алдын ала анықталған сайлау нәтижесін көрген соң, қандай партия белсенділік танытады? Саясатта әділдік болмаса, қарапайым азамат саясатқа не үшін қатысады? Оның бойында үнемі күдік жүреді. Саясат оны қызықтырмайды. Платонның сөзі бар: «Саясатқа қатысқысы келмейтін ақылды адам, өзін ақымақтау адамның басқаруы арқылы жазаланды», деген. Қандай жүйе болсын, пропорционалды ма, әлде мажоритарлық па, ең бастысы, ол әділ жүйе болуы тиіс. Халыққа өз сөзін сөйлейтін өкілге құзірет берсе, болды.

Біз партиялық жүйені дамытамыз деп пропорционалдық жүйеге басымдық бердік. Жетекші партияның монополиясы бұл билік үшін ыңғайлы болды. Енді баланс орнауы тиіс. Ал, жергілікті мәслихат үшін, тіпті, мажоритарлық жүйе басым болуы керек. Әр ауылдың өкілі отырмаса, ондай мәслихат бүкіл тұрғындардың мүддесін қалай ескереді? Халық өз депутатының бейнесін өз көзімен көріп, керек талабы мен шағымын айта алатындай халге жетуі тиіс. Ол депутат халықтың талабын орындай алмаса, келесі жолы ол мәслихатта отырмауы керек. Сонымен бірге, мәслихат хаттамаға үнсіз қол қоятын жиналыс қана емес. Қауқарлы орган болуы қажет. Әйтпесе, кім келсе де, ештеңе өзгермейді. Жолдауда бұл да ашық айтылды.

– Әлбетте, Мемлекет басшысы ұсынған бағыттар саяси трансформацияны діттейді. Бұл трансформация барлық саланы өзгертуі тиіс. Саяси монополия жойылып, жемқорлықтың жолы кесіледі деген үміт оты жылтылтайды көкейде. Бұл бір жылдың мұғдарындағы іс емес екені тағы анық. Бұған қанша уақыт қажет деп ойлайсыз?

Жылдар бойы қалыптасқан жүйені бір күнде өзгерте алмайсың. Саяси жүйені үймен салыстырсақ, жаңа үй салғаннан ескіні қайта құру қиын екенін білеміз. Саяси трансформация ұзақ жүретін процесс. Трансформация деген биліктің мүлдем жаңа бейнеде жұмыс істеуге көшуі.

Реформаларды жылдам іске асыруға болады. Бағыт бар, басқа елдердің тәжірибесі бар. Барлығын қиратудың қажеті де жоқ. Пайдасы болатындай өзгертуге әбден болады. Соған кедергі келетін адамдар мен тетіктерді жолдан алынса, бітті. Бізге велосипед ойлап табу қажет емес. Барлығы бізге дейін бастан өткерген. Әрине, менталитетті ескеру міндет. Ең бастысы, реформаны іске асыра алатын саяси көшбасшылық қажет. Алған беттен қайтпайтын батыл саяси ерік-жігер керек екенін түсінеміз. Президент мырза халықтың мүддесіне жұмыс істейтін жүйе қалыптастыра алса, есімі тарихымызда алтын әріппен жазылатыны сөзсіз. Осыған сенгіміз келеді.

– Биліктің бағыты белгілі Жолдауда. Ендігі бұқараның қарекеті қандай болуы тиіс?

Барлығы бір адамның ғана қолынан келмейді. Әркім өз жұмысын дұрыс атқарса, жетеді. Министрден бастап, мұғалімге дейін, әкімнен бастап, көше тазалаушыға дейін жұмысына адалдық танытса, қоғамның алға жылжығаны. Билік халықтың пікірін ескеріп, халық биліктің қызметін қадағалай алатын жүйе құру бәрімізге байланысты.

– Сұхбатыңызға көп рақмет!

Сұхбаттасқан Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button