“ҚАСІРЕТТІ ҚАҢТАР”: екінші сабақ немесе пақырды тақыр тану туралы
«Экономика өсіп, халықтың табысында алшақтық пайда болғандықтан, тұтыну несиелері айтарлықтай артты. Оның мөлшері бизнесті несиелеу көлемінен асып кетті. Халық қазіргі уақытта көп несие алып жатыр. Осыны ескерсек, бұл қаржы нарығын құбылтып, әлеуметтік тұрақсыздық қаупін тудыруы мүмкін. Үкімет жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын әзірлеуді бастады. Бірақ, бұл тығырықтан шығатын жол емес. Ең алдымен, шектен тыс қарыздың көбеюін болдырмау қажет».
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
«Қаңтар қасіретінің» екінші сабағы – әлеуметті шырмалған несие шырмауығынан шығару. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ қаңтардың 5-інде берген жеті жедел тапсырманың жұртты ерекше елеңдеткені де осы. «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» арнайы Заң. Жаңа Үкімет жобаның ақпанда жария боларына уәде еткен. Айтқанындай, қазіргі таңда заң жобасы талқылауда жүр. Талқылау ақпанның басынан бері жалғасты. Аяқталуға да жақын. Тәртіп бойынша 25 ақпанға дейін. Содан соң он жылдан бері көтерілген мәселе алдағы жылдары баянын табады деп болжанады. Пақырды тақыр деп тану әлеуметті борыштан құтқарып, бақуатты өмірге бастайды деген үміті бар Үкіметтің. Өйткені, кредиторлық бюро Қазақстанда мұндай борышкерлердің саны 1 миллионнан асып жығылатынын айтады. Демек, 1 миллион тұрғын несиені несібе көріп, енді несімен төлерін білмей дал. Ұлттық банктің мәліметінше, отандастарымыздың банк пен микроқаржы ұйымдарынан алған несиесі былтыр 9,8 триллион теңгеден асқан. 90 күн бойы қайтарылмай жатқан несиенің көлемі 422 миллиард теңге екен. Ал, заңмен «Банкрот» тану арқылы бұқара борышкерлік бұғауынан құтылады дейді сарапшылар.
ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛ-АУҚАТЫН ЖАҚСАРТУДЫ КӨЗДЕЙДІ
Сарапшы Сапарбай Жобаев бұл заң, ең алдымен, әлеуметтің қаржылық ахуалын жақсартуды көздейтінін атайды. Несие төлей алмай жүрген жұртшылыққа септігі тиеді деген ойда.
– Бұл Заңнан біз экономикалық тиімділік іздеп отырған жоқпыз. Заңның басты мақсаты – азаматтардың төлем қабілеттігін қалпына келтіру. Әсіресе, мұқтаж адамдардың банкроттық мәселесін шешу, төлем қабілеттерін жақсарту. Себебі, түрлі келеңсіз жағдайлар орын алып жатыр. Коллекторлық ұйымдар борышкерлердің дүние-мүлкін алып қоюы секілді жайттар бар. Мұндай заң өркениет елдерде ежелден. Тіпті, 100-150 жылдан бері бар. Біз мұны кейінгі он жылда көтеріп келеміз, – дейді Сапарбай Жобаев.
Сарапшы егер қарызды өтеудің мәселесі шешілсе, банкрот танылған тұлғаның одан әрі белсенді жұмыс істеуіне берілген мүмкіндік. Банкроттықтың өзі сенімнен шыққандықты білдіреді дейді.
ҚАЛАЙ БАНКРОТ ТАНЫЛАДЫ?
Заң жобасы үш түрлі шараны ұсынады. Ол шаралардың қолданылуы несиенің мерзімі мен қарыз көлеміне байланысты. Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиевтің мәлімдеуінше, біріншіден, заң жобасы төлем қабілетін қалпына келтіруді көздейді. Бұл – тұрақты жұмысы болған жағдайда қарызды 5 жылға дейін кейінге қалдыру мүмкіндігін қарастыру. Төлем қабілетін қалпына келтіру қаржылық басқарушымен бірлесе отырып жасалады. Сотпен бекітіледі. Мұндағы қарыз мөлшері – 5 млн. теңгеден асуы және тиіс. Ол үшін екі жақтың да, борышкер мен кредитордың да келісімі керек. Жоспарда қарастырылмаған шаралар қолданылмайды. Яғни, мүлікті сату жоспарда көрсетілмесе, қолданылмайды.
Екінші шара. Тұрақты кірісі және борышты өтеу мүмкіндіктері жоқ кезде банкроттық қолдану ұсынылады. Банкроттықтың екі түрі бар: соттан тыс және сот арқылы банкрот тану. Соттан тыс банкроттықты тану үш жағдайда қолданылады. Біріншіде 5 миллион теңгеге дейін қарызы бар және ешқандай мүлкі жоқ адам рәсімдей алады. Бұдан кейін оның аты-жөні 6 ай бойы барлық несие берушілерге мәлім болады. Осы уақыт аралығында адамның қаржы жағдайы жақсарып немесе оның атында үй сияқты мүлік пайда болса, онда ол банкроттық рәсімді тоқтатуы қажет. Екінші – қарыз 12 айдан аспаса. Мұнда қарыз сомасы 300 мың АЕК артық болмауы тиіс.
Үшінші – қарызы 5 млн. теңгеге дейін және 6 ай бойы төленбегенде. Бұл соттан тыс банкроттық тану жөнінде. Сот арқылы банкроттықты тану – қарызы 5 млн. теңгеден асқан азаматтарға қолданылады. Онда борышкердің мүлкі сатылып, кредитор алдындағы қарызы жабылады. Егер жалғыз баспанасы кепіл болса, онда оны кредитор тек сот банкрот деп танығанда алуға құқылы. Жалғыз баспанасы кепілдікте болмаса, ол үйді кредиторлардың алуға хақысы жоқ. Борышкерде жауапкершіліктен жалтарған жағдайлар кездеспесе қалған қарыз сомасы есептен шығарылады. Бірақ, алимент пен адамның денсаулығына зиян келтірген қарыздар есептен шықпайды.
БАНКРОТТЫҚТЫҢ САЛДАРЫ БАР МА?
Есептен шығарумен қатар, шектеулер де қарастырылған заң жобасында. Банкрот деп танылған соң салдарды ескерген жөн дейді мамандар. Заң жобасы банкрот деп танылған тұлғаға 5 жылға дейін несие беруді және шет елге шығуға 3 жылға шектеу қоюды ұсынады. Тек емделуге, туыстарын емдетуге және ертіп жүруге немесе шетелге жерлеуге қатысуға рұқсат берілген. Өзін қайтадан банкрот деп 7 жылдан соң ғана жариялай алады. Мамандардың айтуынша, бұл заң жеке тұлғалардың борыштан құтылып, белсенді өмір сүруіне ықпал етпек.
Қызғалдақ АЙТЖАН.