Қарағанды

«Ақ халатын тағдырына байлаған…»

Ол қарапайым терапевт қызметінен бастап, үлкен саланың тұтқасын ұстады. Медицина саласында қажырлы еңбегімен аты мәлім Ерсін Көкенұлы Рақышев бүгінде 75 жасқа толып отыр. Өзі басқарған бөлімді алға сүйреп, зейнетке шықса да, сол саламен бірге есімі қуаныш-қызығында қатар айтылып келеді.

Ерсін Көкенұлы 1945 жылы Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Теңдік ауылында дүниеге келген. 1971 жылы Қарағанды мемлекеттік медициналық институтының емдеу факультетін бітіріп, еңбек жолын Қарағанды қалалық №9 ауруханасында дәрігер-терапевт қызметінен бастайды. Кейін терапия бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.

1975 жылдан бастап Қарағанды қалалық №3 ауруханасының кардиоревматологиялық бөлімін басқарды. Ал, 1981 жылы осы аурухананың бас дәрігерінің орынбасары қызметіне көтерілді. 1982-1989 жылдары Қарағанды қалалық денсаулық сақтау бөлімі бастығының орынбасары. 1989 жылдың тамыз айында Қарағанды облыстық диагностикалық орталықтың бас дәрігері болып тағайындалады.

1997 жылы бұл мекеме Қарағанды облыстық көп бейінді емдеу-диагностикалық бірлестігі болып қайта құрылған кезі еді.

Ерсін Көкенұлы – Қарағанды облысындағы денсаулық сақтау саласының көпке танымал ұйымдастырушыларының бірі. Осы саладағы отыз бес жыл еңбек еткен уақытта, қатардағы дәрігерден облыстағы ірі медициналық бірлестіктің директорына дейінгі жолдан өтіп, облыстың денсаулық сақтау саласын дамытуға және нығайтуға үлкен үлес қосқан. Еңбек жолының әр кезеңінде жұмыста беделділігімен, еңбекқорлығымен және тапсырылған іске жаңашылдықпен қарайтындығымен ерекшелене білді. Оның ұйымдастырушылық қабілеті әсіресе, диагностикалық орталықты ашқан кезде айқын көрінді. Орталықтың құрылысы салынып жатқанда, ол жұмыстың басы-қасында жүріп, құрал-жабдықтарына дейін өзі алып, мамандарды өзі іріктеді.

Ерекеңнің бастамасымен 1993 жылы Қазақстан Республикасында жалғыз емдік-диагностикалық үдерісін автоматтандыратын, ақпараттық – іздеу жүйесі құрылды. Оның басшылығымен, Семей полигонына жақын орналасқан аудандарға дәрігерлік көмек көрсететін бригадалардан тұратын, жылжымалы диагностикалық кешен құрылды. Сонымен қатар, Қарқаралы қаласында диагностика орталығының филиалы ашылды. 1996 жылы «Орталық Қазақстандағы экологиялық апаттан аймақтың селолық тұрғындарының ауыруы» тақырыбында кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғады. Бүгінгі таңда үш авторлық куәліктің, бес әдістемелік нұсқаулық пен жүздеген ғылыми мақалалардың авторы. Сондай-ақ, Қазақстан және Орта Азия Диагностикалық орталықтар Ассоциациясының бірінші президенті.

Ерсін Рақышевтің денсаулық сақтау саласына сіңірген еңбегі ерен. Үкімет тарапынан тағайындалған бірнеше марапат иегері. 1986 жылы «ССРО денсаулық сақтау үздігі» белгісімен, 2002 жылы «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісімен қатар көптеген грамоталармен марапатталған. Қажырлы еңбегіне шетелдік әріптестері де жоғары баға беруде. 2001 жылы басшылық еткен бірлестігі «Жетістіктерінің халықаралық деңгейде мойындалғаны үшін, қызмет көрсету, рыногында тұрақтылығы және соңғы жылдардағы оңды серпіні үшін» Франция өнеркәсіпке көмек көрсету Ассоциациясының Алтын медалін еншілеген. Ал, 2004 жылы Швейцария өнеркәсібіне көмек көрсету кезінде «Мінсіз іскерлік беделі үшін» Ассоциациясының Алтын медалі тапсырылды. Бұл наградалар өз алдына, 2019 жылы туған жерінде «Баянауыл ауданының Құрметті азаматы» атағы беріледі.

Ізгі тілекпен: Рақышевтар әулеті.

Басқа материалдар

Back to top button