Бас тақырыпМәселе

Жастарда жұмыс жоқ па, құлық жоқ па?

Алдын ала келісіп, не біреуге тапсырып қоймаса, жастардың диплом алған бетте жұмысқа тұрып кетемін деуі – қиындау шаруа. Ақшасы жақсы, мәртебелі деген жұмыс орындарына еңбек өтілінсіз өте алмайсың. Соңында әлеуметтік аударымдар жасамайтын, ақысын күнбе-күн немесе аптасына бір төлейтін жұмыстар қалады. Еріксіз істейді. Сонда жастар өздеріне арналған «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» сияқты жобалардың бар екенін білмегені ме, әлде оларды қызықтырмайды ма?

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Білім және ғылым министрлігінің тапсырысымен 2018 жылдан бері жоғары оқу орындары түлектерінің жұмысқа орналасуы жайында зерттеу жүргізіп келеді. Зерттеу басталған жылы түлектердің 60%-ы өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмаған. «68 жоғары оқу орны түлектерінің жұмысқа орналасуы 50%-дан төмен. 92 мамандық бойынша жұмысқа орналасу көрсеткіші орта есеппен 67,4%. Түлектердің жұмысқа орналаса алмауының басты себебі жұмыс берушілердің жас мамандарды даярлау сапасына қанағаттанбауынан», – деп көрсетеді сарапшылар.

2020 жылы да осы жағдай қайталанды, зерттеушілердің пайымынша, жұмыс берушілердің түлектердің білім, білігіне көңілі толмайды. Өзі тәжірибесіз, оның үстіне, білімі таяз болса, ондай жасты жұмысқа кім алады? Мұндайда «Жастар тәжірибесі» немесе «Алғашқы жұмыс орны» ең тиімдісі сияқты. Мамандық бойынша жұмыс істеп, аз-кем тәжірибе жинақтайды. Еңбегінің ақысын да алады. Алайда, тәжірибе уақыты аяқталған соң тұрақты жұмысқа қалуы екіталай. Олай дейтініміз, аталған бағдарламалар жарты жылға ғана есептелген. Одан кейін жұмыс берушіде бос жұмыс орны болса жақсы, болмаса, қайтадан жұмыссыздар қатарына қосылады. Бірақ, биыл бағдарламаларда өзгеріс бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасына байланысты сөйлеген сөзінде аталған жобаларға қатысу мерзімі мен сол аралықта төленетін еңбекақы мөлшерін ұлғайтудың тетіктерін қарастыруды тапсырды. Сәйкесінше, «Жастар практикасы» 6 айдан 1 жылға ұзартылды, ал еңбекақысы 25 АЕК көрсеткіштен 30-ға артады. «Алғашқы жұмыс орнының» ұзақтығы 12 айдан 18 айға дейін, ақысы 20 АЕК-тен 30 АЕК мөлшеріне дейін көбейеді. Бұл әлбетте, жағымды өзгеріс. Бағдарламалар жастар үшін тартымды бола түсер. Дегенмен, таңертеңнен кешке дейін бір ай отырып, 90 мың теңге тапқанша жеңіл жолмен көбірек тапқысы келетін жас та көбейді. Облыс NEET-жастарының көле ке ие деп санайды Jas Otan жастар қанатының төрағасы Ержан Хамитов.

– Облыс жастарының 9,9%-ы NEET санатына жатады. Бұл қайта 2,1%-ға азайғаны. Ресми дерек бойынша аймақтағы 261 мың жастың 4,3%-ы жұмыссыз. Жұмыс бар негізі, бірақ, көпшілігі ұсынған жұмысты істегісі келмейді. Кейбіреуі үйде отырып табыс табамын дейді, таксист болады. Жалпы облыста экономикалық белсенді 22 100 жас бар. 116 400 адамның тұрақты жұмысы бар. 5 700 адам өзін-өзі қамтығандар санатында, – дейді Е.Хамитов.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы таратқан ресми мәліметке сүйенсек, былтыр жастар практикасына 1041 адам жіберілген екен. Оның 721-і, яғни, 70%- ы практика мерзімі аяқталғаннан кейін тұрақты жұмысқа қалған. Биыл 721 түлекті «Жастар практикасына», 238 адамды «Алғашқы жұмыс орны» жобасына жіберу жоспары тұр. Сонымен қатар, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша 34 адам жұмыспен қамтылмақ. «Жастар тәжірибесіне» жоғары оқу орнын не колледж бітірген түлектер ғана бара алса, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына жоғары, орта білімі жоқ жұмыссыз жастар қатыса алады. Кейіннен қолға алған «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына 25 жастан аспаған, оқу орнын бітіргеніне 2 жыл өтпеген жастардың қатысуына болады. Олар зейнет жасына жеткен қызметкердің орнына жұмысқа тұратын болады.

Бұлардан бөлек, «Жасыл ел», «Дипломмен – ауылға» бағдарламалары болса да, жастар арасындағы жұмыссыздық азаяр емес. Неге? Мәселе түпкі мақсаттың дұрыс еместігінде сияқты бір қарасақ.

Жыл сайын пәленбай адамды мында, түгенбайды анда жібердік дейтін статистикалық сандардың түпкілікті нәтижесі тұрақты жұмысқа орналастыру болуы керек емес пе? Бірақ, біз түлектің тұрақты жұмыспен қамтылуын емес, тек тәжірибеден өту индикаторын ғана есепке аламыз. Мемлекет бағдарламаға қаражат бөлді, мынша адам қатысып, ол игерілді. Тіпті, асырып орындалды дейміз. Сонымен жылды жабамыз. Алайда, былтыр «Жастар практикасы» бойынша жұмысқа тұрып кеткен 70%-дың қалған 30%-ы қайда? Тентіреп жұмыс іздеп әлі жүр ме? Әлбетте, «Жастар практикасы» оқу бітірген бетте тиімді, жұмыссыз жүргеннен жақсы ғой. Дегенмен, бұл ғана емес, басқа да бағдарламалар белгіленген мерзімі аяқталғаннан кейін тұрақты жұмысқа қалмаса, қиыны – сол. Уақытша жұмыс орындарын ұсынумен жұмыссыздық мәселесі ешқашан шешілмейді. Президент тапсырмасына сай бағдарламалардың тартымдылығы артты. Енді, оларды мейлінше тиімді етуге күш салса, құба-құп.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button