Бизнесті қорғаудың экожүйесі шеңберінде

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек өңірдің бизнес-қоғамдастығымен кездесті. Жүздесу облыс әкімдігі, өңірлік кәсіпкерлер палатасының ұйытқы болуымен ұйымдастырылды. Жиынға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Райымбек Баталов, облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрлан Әлімжанов, прокуратура, әкімдік, құқық қорғау және қадағалау органдары, салалық қауымдастықтардың өкілдері, кәсіпкерлер қатысты.

2022 жылғы 19 мамырда бизнес-қоғамдастықпен кездесу барысында Мемлекет басшысы бұл сала тұрғысында бірқатар тапсырмалар берген еді. Енді Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікті қорғаудың экожүйесін құру жобасын пысықтауда. Нәтижесінде алдымен отандағы кәсіпкерлер құқығын бұзу жайттарын мемлекеттік реттеу қажет. Бұл орайда қажетсіз әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған ұсыныстар әзірлеу көзделген. Өңірлік кәсіпкерлік палатасының директоры Ернар Күлпейісов модератор ретінде қатысушыларға еркін микрофон форматын ұсынып, сөзге қонақ берді.

Алғашқылардың бірі болып «Сапа Жол Строй» ЖШС директоры Жандос Шоқшин сөз алды. Бүгінде құрылыс материалдарының бағамы мезет сайын қымбаттауда. Құрылысшы көңіл күйін атша тулаған нарық бұзып тұр. Енді қайтпек керек. Кәсіпкер құрылыс кезінде күтпеген шығындардың 6%-ын сот арқылы өндіріп алу туралы мәселені алға тартты.

Бизнес – бәсеке атаулысының қайнаған қара қазаны. Оның сорпа суында «көлеңкелі» көбік қалқып-ақ тұр. Білім беру нарығында мемлекеттік және мектепке дейінгі жекеменшік ұйымдармен қатар, ресми тіркелмеген балалар орталықтары бар. Мұндай ұйымдардың қызметі қаншалық сапалы, қаншалық шынайы. Сұрақты көлденең қойған «Ғасыр ұрпақтары» ЖШС директоры Гүлнар Сейсембекова бұл тарапта бақылау күшейсе екен деген ниет білдірді.

Кәсіпкер Сергей Филатов экологиялық кодекс шеңберінде қоғамдық тыңдаулар өткізу талаптарына күмән келтірді. Пайымдауынша, әр іс бойынша тыңдалым өткізе беру – мәнсіз. Нәтижесі бәрібір – біреу. Бірінен бірі аумайтын мұндай таптауырын кездесулер көсеге көгертпейді.

Логистика, инфрақұрылым бағыттарына да бағдар қажет. Мұнда қордаланған мәселелер кезегін күтуде. Бұл тақырыпта ұтымды ұсыныстарын «Эгофом» ЖШС директоры Елена Барановская, «Карташ» ЖШС директорының орынбасары Дмитрий Сураев, пен «Еуразиан Фудс» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Зайнулла Ибрагимов ортаға тастады.

Кәсіпкерлер сұрақтары түрлі салаларды қамтыды. Бизнесті қорғау, мемлекеттік сатып алу, салық салу, газдандыру сынды салаларда майшаммен үңілерлік мәселелер әлі де жетерлік. Олардың барлығы дерлік арнайы хаттамаға енгізілді. Кеңесте мемлекеттік органдар мен компаниялар өкілдері сауалдардың кейбіріне диалог барысында түсініктеме берді. Райымбек Баталов отырыс барысында кәсіпкерлер мұң-мұқтажы әр өңірде ұқсас болғанымен, оның шешімі жүйелі бірлескен жұмысты талап ететіндігіне назар аударды.

Жеңіс Махмудұлы қарамағындағыларға әр өтінішке мұқият талдау жүргізуді тапсырды. Кей мәселелерді жеке бақылауына алды. Бизнесмендерге де үн қатты. – Мемлекет көмегіне жұмысы игілікті әрі үлгілі жандар сенім арта алады, – деп қадап айтты. Президент тапсырмасы негізінде аталған кеңес тоқсан сайынғы негізде өтіп, кезекті қордаланған сұрақтар қолға алынады. Шешімін табады деп сендірді.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ

Ortalyq.kz

Суретті түсірген Еркебұлан ХАДЫЛБЕК