Мереке шуағы

Бір шаңырақ астында

Қарағандыдағы орталық саябақта Қазақстан халқының бірлігі күніне орай мерекелік концерт өтті. Бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан халықтың асыға күтетін атаулы мерекесі бұл. Концертте аймақтағы барша этномәдени бірлестіктің өкілдері өздерінің өнерлерін паш етті.

Қазақстан халқының бірлігі күні – бүгінде жұрт асыға күтетін жалпыхалықтық мерекеге айналды. Ұлттарды ұйыстырып, бір шаңырақтың астына жиған Тәуелсіз Қазақстанның ең басты жетістігі – бейбітшілік пен келісім. Қазақстанда тұратын 100-ден аса ұлт өкілі Қазақстанды өз Отаны санайды.
Қарағандыда Қазақстан халқының бірлігі күнін мерекелеу орталық саябақтың жағалауында театрландырылған көрініспен ашылды. Сарыарқада тұрып жатқан этнос өкілдері айнала би билеп, көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Концерттік бағдарламада түрлі өнерпаздар өз өнерлерін паш етті. Сондай-ақ, этномәдени бірлестіктің өкілдері Абайдың да әндерін әуелетті.

Этномәдени бірлестіктің басшылары жиналғандарды құттықтап, жылы лебізін білдірді.

– Екі жылдық пандемиядан кейін біз дәстүрлі форматтағы мерекелерге оралдық. Көңіл-күй керемет. Қазақстан халқының бірлігі күні – ең жарқын, мейірімді мерекелердің бірі. Біз бір-бірімізді құшақ жая қарсы аламыз, ортақ елімізге тек бейбітшілік, бақыт пен жақсылық тілейміз. Қазақ халқында достық ұғымы ежелден қалыптасқан. Жаңа Қазақстанды құра отырып, біз ата-бабаларымыздан қалған өзара түсіністік, келісім, ынтымақтастықты сақтауымыз керек, – дейді Қарағанды облысы корейлер бірлестігінің жетекшісі Лилия Ким.

Сондай-ақ, әзірбайжан диаспорасының төрағасы Гюлаға Рызаев та мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.

– Қазақстандықтарды әзірбайжан халқының атынан мейрам күнімен құттықтаймын. 29 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясына қатысып келдік. Президентіміз тың бастамалар көтерді. Бәрі де ортақ Отан үшін. Отанымыз гүлдене берсін, аман болсын, – деді ол.

Татар-башқұрт орталығының жетекшісі Суфия Сатрединова да қарағандылықтарды мерекемен құттықтады.

– Біз бәріміз бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Қазақстанда тұратын әр түрлі ұлт өкілдерінің бірлігі бүгінгі күні өте маңызды. Армян халқының арасында елді бүлдіріп, ылаң салып жүргендер бар. Біз оларға ермеуге шақырамыз, – дейді Қарағанды облыстық армян мәдениет орталығының төрағасы Артур Новосадзе.

«Ақниет» атты ансамблінің мүшесі Риза Қаппасова да «Отанымның аман болғанын тілеймін» деп тілек білдірді.

Саябақта сол күні жиналған қауымның қарасы қалың болды. Концерттен бөлек, саябақта спорттық жарыстар өтті.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button