Жаңалықтар

Кішкентай ауылдың – үлкен тойы

«Той болса басы бірігіп, көрсетер соны ірілік. Тегінде тұнған ұлылық, Сарыобалымды сүйемін!» деп ақын Мөлдір ӘЛЖАН жырлағанындай, қасиетті Қарқаралы ауданындағы Сарыобалы ауылының бекем бірлігі мен текті тірлігі Арқа жұртына мәлім. Осыдан 15 жыл бұрын 1967 жылғы азаматтардың бастамасымен қолға алынып, содан бері әр жылы 40-қа толған азаматтардың ұйымдастыруымен, ауыл халқының қолдауымен 12 маусым – «Ауыл күні» ретінде Сарыобалыда тойланып келеді. Биыл да 40-қа толған ауыл азаматтары тойды дүркіретіп өткізді.

Алпыс үйлі ауылда демеуші де, бапкер де, футболшы да баршылық екен. Нұр-Сұлтаннан келіп, тойға үлес қосып, аламанның бас бәйгесін көтерген Афтандил Ыдырысұлына, тай жарысын мойнына алған Серік Исақаевқа ауыл тұрғындарының алғысы шексіз. Қомақты қаражат беріп, тойдың өз деңгейінде өтуіне ықпал еткен Райымбеков, Түсіпов, Нығыманов, Әлжанов, Орманбетов және Ибраевтар әулетіне де ел бек риза. Ауылдың әр азаматы тамшыдай болсын теңгесін құйып, 1972, 1980, 1986, 1992 жылғы азаматтар ұйымдасып, әр бәйгенің сыйлығын тігіп, үлкен қолдау көрсетті. Атап айтсақ, 1982 жылғы төл Манас Әлиманов да осы тойдың өтуіне атсалысты.
Ауыл ақсақалы Бекеш ата батасымен басталды думан. «Шаң басар» жасап, сіркіреп өткен жауыннан кейін ашылған күн келген қонақтарға көңіл-күй сыйлады.
Тай жарысынан I орынға Қуат атбегінің «Тасқын» атты тайы, II орынға Шұбартау ауылының «Әлемқасқа» атты тайы, III орынға Қасым ауылынан Дулат ағаның тайы «Қаратал» жайғасты. Құнан бәйгеде I орынды Шұбартау ауылынан Ержан атбегінің «Резвая» атты құнаны, II орынды Сарыобалы ауылының «Нұртөбел» дейтін құнаны, III орынды Қасым ауылынан Айбектің құнаны «Ұшқын» иеленді.
Аламан бәйге өте тартысты болды. Нұрғиса шабандоздың ептілігімен I орынды қарағандылық Шыңғыс сейістің «Еркеторы» деген жүйрігі жеңіп алды. III орын сарыобалылық Нұрболат ағайдың «Бақторысына», III орын Бақты ауылынан Сәуке ағамыздың «Үміткер» атты арғымағына бұйырды.

– Дүйім жұртты жинап алып, дүбірлетіп той жасаудың жауапкершілігі де – өте жоғары. Тойдың жоғары деңгейде өтуіне өз үлесін қосып, қолдау білдірген Майра Қапанқызы мен, Нұрлан ағамыз бастаған әпке-сіңілі, бауыр-қарындастарыма, ауыл тұрғындарына көп рахмет. Той жасау бір адамның қолынан келмейді. Әрі әр тойда бір әттеген-ай болары сөзсіз. Атбегілік – өнер қазақтың көнеден келе жатқан ата кәсібі. Ат жалын тартып мініп, тізгінге ие бола алған жігіт, ертең ел тізгінін ұстайтыны ақиқат. Биыл тойға ерекшелік енгізіп, атқұмарлығымен көзге түсіп, өзінен кейінгі жеткіншектерге салт-дәстүрді насихаттап жүрген Айтбай Мансұр бауырымызды арнайы сыйақы «Үздік шабандоз» номинациясымен марапаттадық, – дейді 1982 жылғы той ұйымдастырушылар өкілі Манас Әлиманов.

Сондай-ақ, Футбол ойынында, жаяу жарыста жеңіске жеткен барша қатысушылар қаржылай сый-сияпатпен марапатталды. Елге пайдасы тиіп, ауылға деген қамқорлығы мен азаматтығы жастарға үлгі болған, қазақтың сал-серілік қалпының өзгермеуіне қосып жүрген Алмат Әлжанов, Мейрам Мұсатаев, Медет Спанов, Азамат Садуақасов облыстық мәдениет басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакеновтің Алғыс хатымен марапатталды.

Қолдау білдірген облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына ауыл халқы риза. Ауылда алдағы уақытта салынатын жаңа мектеп ішінен «Қасым» бұрышын ашуды ниет еткен ұстаздарға 40 жасқа толған азамат-азаматшалар атынан қаржылай сыйлық табысталды.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button