Коронавирус

Қарағанды облысының тағы екі қаласында COVID-19 диагностикасы бойынша зертханалар ашылады

Теміртау мен Балқашта коронавирустық инфекцияны анықтау жөніндегі ПТР-зертханалары ашылады. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппарат кеңесі барысында Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев мәлім етті.

Теміртауда апта соңына дейін тәулігіне 1000 тест шығаратын зертхана жұмыс істейді. Тамыз айында зерттеулер Балқашта да жүргізіле бастайды.

Ал Жезқазған қаласында ПТР-орталығы жақында ғана ашылды. Мұнда тәулігіне 500-ге дейін тест өткізіледі.

Соның арқасында өңірде COVID-19 диагнозын жедел анықтауға мүмкіндік кеңейді.

Қарағанды облысында ПТР әдісімен барлығы 78 907 адам тексерілді.

Вирустың болжамды екінші толқынына дайындалу үшін өңір ауруханаларына қосымша жабдықтар сатып алынады. Қазірдің өзінде 45 ӨЖТ (өкпені жасанды тыныс алдыру) аппараты, 51 оттегі концентраторы сатып алынды, олардың әрқайсысы екі пациентке шақталған. Сонымен қатар үйде КВИ ауруының симптомсыз және жеңіл түрлерімен ауыратын пациенттерді бақылауға арналған 230 пульсоксиметр алынған.

Қазір госпитальдарда орташа және ауыр дәрежедегі коронавирустық инфекциясы бар 653 пациент бар. Олардың 15-і жан сақтау бөлімінде жатыр, үшеуі ӨЖТ аппаратына қосылған. Облыстың 919 тұрғыны өзін-өзі оқшаулауда, оларды үйде байқылайды.

– Симптомсыз науқастар және ауруы жеңіл түрде өтетін адамдар қазір үйде емделіп жатыр. Ол үшін емханаларда осындай пациенттерді бақылау бойынша арнайы бөлімшелер ашылды. Бұл стационарларға жүктемені азайту үшін жасалған. Дегенмен, егер симптомсыз науқастарда өзін-өзі оқшаулауға жағдай болмаса немесе қауіпті топта болса, ілеспелі аурулары болса, оларды ауруханаға жатқызады. Бұл жағдайлар үшін 737 төсек-орын қарастырылған. Коронавирустық инфекциямен ауыратын науқастарға арналған төсектердің жалпы саны – 1 268, оның ішінде 41 реанимациялық төсек-орын бар, – деп хабарлады Ержан Нұрлыбаев.

Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мәліметі бойынша, өңірде аурушаңдықтың өсу жағдайы тұрақсыз. Осыған байланысты 13 маусымнан бастап кейбір шектеу шаралары қайта енгізілді: қоғамдық көлік қозғалысы мен азық-түлік және азық-түлік емес дүкендердің жұмыс кестесі өзгерді.

– Карантиндік шараларды қатаң сақтау керек. Егер кәсіпорындар талаптарды бұзса, оларға ескерту жасап, әкімшілік айыппұл салып, сотқа беру керек. Егер жағдай өзгермесе, қызметін тоқтату керек, – деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.

Қарағанды облысында санитарлық талаптардың сақталуын 65 мобильді мониторингтік топ қадағалайды.

Басқа материалдар

Back to top button