Сынақ мерзімі алынып тасталмақ

Жастарды жұмысқа тарту және ынталандыру үшін еңбек заңнамасына «жас қызметкер» ұғымын енгізу, олар үшін сынақ мерзімін алып тастау, басқа өңірлерден жұмысқа келген жастар үшін тұрғын үй жалдауға көтерме жәрдемақы енгізу жөнінде шаралар қабылданатын болады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан БІРЖАНОВ Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

Мемлекет басшысының қазақстандықтардың табысын арттыру және жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында мемлекеттік және жеке дерекқорларды интеграциялау және олардан алынған ақпаратты талдау арқылы әлеуметтік қолдау мен жұмыспен қамтуға мұқтаж азаматтарды «Ерте анықтау жүйесін» енгізу жоспарлануда, – деді вице-министр.

Сонымен қатар, көпбалалы отбасылар (76,8 мың) және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар (7 мың) үшін барлық өңірлерде қолданыстағы үлгідегі әйелдерді қолдау орталықтарын құру жоспарлануда. Бұл орталықтарда жыл сайын 20 мыңға жуық әйелге кешенді қолдау көрсетілетін болады.

Жоғарыда көрсетілген шаралар нақты қажеттіліктер бойынша әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарды анықтауға, жастардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге, балалы отбасыларға көмек көрсетуге мүмкіндік бермек.

2022 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша «Жастар» санатына жататын 34,9 мың адам 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның (бұдан әрі – ұлттық жоба) қатысушылары болды. Оның 24 мыңы жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 10,7 мыңы – тұрақты жұмыс орыны.

Субсидияланатын жұмыс орындарына 13,3 мың жас жіберілді, олардың 3,6 мыңы «Жастар практикасы», «Ұрпақтар келісімшарты» және «Алғашқы жұмыс орны» жобалары шеңберінде мемлекеттен қолдау алды. 1,7 мың адам әлеуметтік жұмыс орындарына және 8 мың адам қоғамдық жұмыстарға жіберілді.

Айта кету керек, биыл жастар арасынан жаңадан бастаған кәсіпкерлерге 10 мың қайтарымсыз грант беру жоспарлануда. Тағы 10 мыңы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін көзделген (атаулы әлеуметтік көмек алушылар; көпбалалы отбасылардың мүшелері – көпбалалы отбасылар бойынша жәрдемақы алушы және (немесе) оның жұбайы (зайыбы); оңтүстік өңірлерден солтүстікке қоныс аударушылар; қандастар; мүгедектігі бар бала (балалар) тәрбиелеп отырған отбасы мүшелері; мүгедектігі бар адамдар).

«Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздеріне 11,6 мың адам оқытылды, оның 1,9 мыңы микрокредит, ал 11,5 мыңы – 200 АЕК мөлшерінде мемлекеттік гранттар алды.

Жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге 887 жас қоныс аударды.

Тұрақты жұмыс орындарына жастар арасынан 145,4 мың адам жұмысқа орналастырылды.

2021 жылғы 4-тоқсандағы деректер бойынша Қазақстанда 1 млн. 987 мың жас (15-28 жас аралығындағы) экономикалық белсенді болып табылады, оның ішінде 1 млн. 914,2 мың адам немесе 96,3%-ы жұмыспен қамтылған. Жұмыспен қамтылған жастар арасында өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 416,4 мың адамды немесе 22%, жалдамалы қызметкерлер саны – 1 млн 497,7 мың адамды немесе 78%-ды құрады,– деді Ержан Біржанов.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.