Жаңалықтар

ҚАҢҒЫБАС ИТТЕРДІ қайтеміз?

Қаңғыбас иттер балқаштықтардың құтын қашырды. Қалада иесіз иттердің топтасып жүруі тұрғылықты халық үшін қауіп төндіріп отыр. Иттерге қатысты мәселені Facebook әлеуметтік желісіне жүктеп, тиісті шараларды қолдану керектігін айтып, тұрғындар дабыл қағуда.

Тұрғындардың айтуынша, кезбе иттер көбіне осындай азық іздеп, күл-қоқыстың арасында жүреді. Сондай-ақ, адамдар көп шоғырланатын жерге әуес келеді екен. Таңертеңгілік оларды аялдамада да көптеп кездестіруге болады. Жергілікті тұрғындар балаларының өміріне қауіптенеді. Өйткені, топ-тобымен жүрген иттер балаларға шабуыл жасауы мүмкін.

Қала тұрғыны Медет Кеуеков жақында бір топ иттің құрбаны бола жаздапты. Абырой болғанда жақын тұрған дуалдың арғы жағына секіріп түсіп, жанын аман алып қалған екен.

– Бүгінде қаңғыбас иттердің жүрген жері тұрғындар үшін өте қауіпті орындарға айналып отыр. Олар алдымен жұқпалы ауруларды тасымалдаушылар және құтыру белгілері байқалғанда адамға шабуыл жасауы мүмкін. Ит қауып алса, өлімге әкеліп соқтыруы да ғажап емес. Қаңғыбас иттер қалада әр жерді паналап, қоқыс қалдығынан тамақ жеп күн көріп жүр. Мен жақында ғана бір топ иттің құрбанына айнала жаздадым.

Менің орнымда бала болса қайтер еді? Біз балаларымызға алаңдаймыз. Адамдардың денсаулығы бәрінен қымбат. Сондықтан, қаңғыбас иттермен күресуді жауапты мекемелерден талап етемін, – дейді Медет Кеуеков.

Көше кезген үй жануарларының мәселесі бүгінде шешімін таппай тұр. Оларға арналған Балқаш қаласында арнайы пана салынғанымен, оларды тамақтандыруға қаржы қарастырылмаған. Ал, бұларды асырап алуға бірде-бір жан құлық танытар емес. Тіпті, қаңғыбас иттердің арасында асыл тұқымдылар да кездесетін көрінеді. Бұл туралы «Балқаш қалалық ветеринарлық стансасы» КМК директорының міндетін атқарушы Ардақ Аманқұлов мәлімдеді.

– Біздің мекеме иесіз ит пен мысықты жою жұмысымен де айналысады. Қазір қала бойынша бригада жұмыс жасауда. Олар көлікпен, қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Жыл басынан бері 1 281 иттің, 235 мысықтың көзі жойылды. Кеше 15 итті ауладық. Қауіпсіздіктің алдын алу шаралары жасалуда. Балқаш қаласында, бізге қарасты Саяқ, Гүлшат кенттерінде 500 итке құтыруға қарсы вакцина егілді. «Сұраныс» болмаған, емделмейтін дерті бар иттерге «ізгілікті өлтіру» (эвтаназии) қолданылады: яғни, денесіне улы препарат егіледі. Халық арасында жануарларға қатыгездік жасағаны үшін жазалау Заңы барлығын алға тартып ит пен мысықты аулауға кедергі жасайтындарда жоқ емес. Бұл уақытта иттердің санының артатын себебі – тұрғындар жаз айларында саяжайларда ит ұстайды. Саяжайдағы өнім алу уақыты аяқталған соң иттерді иелері қараусыз қалдырады. Сол иттер ашығып қалаға келеді. Сонымен қоса, қазір иттің ұйығатын кезі. Топтасып жүретіндігі, сондықтан. Қаламызда итті ұстайтын орын болғанымен, оларға беретін азыққа қаржы қарастырылмаған. Сол себепті, біз итті ұзақ мерзім ұстап, сақтай алмаймыз, – дейді Ардақ Аманқұлов.

Мамандар қауіпті иттердің толықтай ауланатындығын айтып, уәде берді. Сонда да, көпшілік бұл уәдеге күмәнмен қарайды. Олар көшеде қаптап жүрген бұралқы иттер балаларымызды қауып алып жүрмесе еді деп қорқады. Халықтың алаңдайтын жөні бар. Өйткені, адамдардың итке таланған жағдайы бірнеше рет қайталанған. «Әлде, жауапты мекемелер иттердің адамды қапқанын күтіп жүр ме?» деген кіжіністерін де жасырмады.

Айтпағымыз, қараусыз жүрген қаңғыбас иттің қауіптілігін ұмытпағанымыз абзал. Қаңғыбас иттер мәселесі қала түгілі, еліміз үшін өзекті проблемаға айналғалы қашан?! 

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button