Руханият

АХМЕТТІҢ ҮШ КЕРЕГІ немесе рухани диктатура

Халықтың жаңа болмысы, ұлт сапасына қатысты Президенттің осы жолғы Жолдауында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 3 керегі баса айтылды. Бірінші, «білімді болуға оқу керек». Инемен құдық қазғандай ең ауыр еңбек – осы. Мемлекет басшысы назар аударған екен, ендеше, шәкіртақы, жатақхана, қоғамдық көлік, интернет, кітап шығару, кітапхана, студенттік асхана дұрысталуы тиіс.

Екінші, «бай болуға кәсіп керек» (А. Байтұрсынұлы). Өз бетімен, өз қаржысымен кәсіпкерлікке оқып жатқан жастар көп. Олардың басым бөлігі өз күнін өзі көру керектігін түсінген. Сол бағытта жұмыс істеп-ақ жатыр. Тек түрлі тексеруші, бақылаушы органдар кәсіпкердің үстінен күн көруді ойламай, оған жағдай жасағаны жөн. Шағын және орта бизнес адамдарды жұмыспен қамтып, өнімін өндіріп, не қызметін көрсеткенінің өзі мемлекеттік бюджетке жеңілдік әкеледі. Өйткені, қоғамдағы аз қамтылғандар саны азаяды.

Үшінші, «Күшті болуға бірлік керек». Әр түрлі саяси, діни көзқарастар аясында жүрсе де саналы азаматтар Қазақстанның тұтастығы, бақуаттылығы үшін қызмет етеді. Білімді, іскер, парасатты азаматтарды партиялық, географиялық, не басқа да белгілеріне қарамастан, ортақ іске тарта білу қажет. Менің арманым – балаларымыздың бірдей балабақшаларда, бірдей мектептерде оқуы. Біз оларды балабақша мен мектептен бастап бөліп, жіктей бастаймыз. Біртұтас халықтың балалары да біртұтас ортада өсуі, тәрбиеленуі, білім алуы, бірдей ортада қызмет етуі тиіс. Шын бірлік осындайда көрінбек. Міне, Ахмет Байтұрсынов айтқан негізгі 3 керек – осы.

Герольд Бельгер соғысқа дейін және одан кейін өзі көрген қазақтардың табиғатының ерекшелігіне назар аударады. Олардың бойында, бүгін біз күндіз шам алып іздеп жүрген адалдық, ұқыптылық, тиянақтылық, мәрттік, еңбекқорлық және тағы басқа қасиеттер бар еді.

Ысырапшылдық пен даңғазалықты халықтың міні ретінде көп айтамыз. Шындығында осының себебі неде? Қарапайым халық кімнен үлгі алып, кімге қарап бой түзеуде? Бір кезде байларды тап ретінде жойғандай едік. Бірақ, әлі күнге дейін «аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін» деген мәтел күшінде. Жұрт бай деп кімді түсінеді? Оны айтпай-ақ қояйын. Ең әуелі осы бағыттағы жұмысты мемлекеттік қызметкерлер, лауазымды тұлғалар өзінен бастауы тиіс.

Адам дүниеге келеді, өмір сүреді, кетеді. Бір-бірінен ажырамас осы үштіктің әрбірінде жарыса шашылатын болдық. Діни канондар бойынша қайтыс болған адамға зәулім бейіт қажет емес. Бірақ, дәл біздің Қарағандыда осы канон сақтала бермейді.

Қазақ руханиятында тойдың сакральдық мәні бар. Ол туралы «Тойды тойға ұластыру – соғысты болғызбау, кері кетудің алдын алу, қайғының орнын қуанышпен басу. Ойлана білу, қуана білу» деп Серік Ерғали жақсы жазды. Бірақ біз тойды сол сакралды мақсат-міндет үшін емес, мейрамхана иесі мен шоубизнес өкілдерін ренжітпеу үшін жасап жүргенімізді аңғара бермейміз.

70 жылдық теңгермешілдік, материалдық тапшылық қыспағынан ерікті заманға өткенде, қоғамның бір бөлігі тұтынушылық, тоғышарлық жолына түсіп кетті. Бекзаттық далада қалды. Шынайы ұлттық рухани құндылықтарымыз тасада қалды. Рухани бос кеңістікті шетелдік жат ағымдар, түсініксіз ілімдер басты.

Бүгінгі күні бізге руханият диктатурасы жетіспейді. Ақылдыны мылжыңға теңедік. Білім мен еңбек шегініп, билік пен байлық оза шауып, атақ қуып кетті. Абыздардың сөзін құлаққа ілмейтін болдық. Жалпы абыздық институты жойылды десе болады.

«Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру. Сондай-ақ, ұлт сапасын арттыруға атсалысу» делінген Жолдауда. Бұл міндетті зиялы қауым қалай атқармақ?

Шын зиялы қауым өмірін білім мен зерттеуге арнайды. Тек еңбегін жарыққа шығара алмай қиналады. Кітап дүкендеріміз, телеарналарымыз шетелдік өнімдерді таратуда. Бұл жасырын емес.

30-40 жыл өмірін ғылымға сарп еткен адам жоқшылықта өмір сүреді де, Олимпиадада 4-5 адамның тұмсығын бұзған жас жігіт небір марапаттарға, материалдық құндылықтарға ие болады. Осының артында не тұр? Тез көріну. Тез баю. Тез көтерілу. Міне, біз жастарға осы құндылықтарды сіңірдік.

Шындығында өмір бойы зертханадан шықпаған иммунологты, вирусологты, биологты, тақта алдынан шықпаған ұстазды кім біледі? Олардың материалдық жағдайы қандай? Ал, спорт чемпионының ше? Спортшынікі де еңбек. Бірақ, таразы басы тең бе?

Бір өздері бірнеше институттың жұмысын атқарған марқұм Серікбол Қондыбай, Таласбек Әсемқұлов сынды асылдардың еңбектерін мол тиражбен тарату қажет. Сондай таланттарды дер кезінде жарыққа шығару, жағдай жасау – мемлекеттік органдардың, әрбір мемлекеттік қызметкердің нақты міндеті болуы тиіс. Ондай талантты іздемеген, таппаған, жағдай жасамаған мемқызметкер кабинетін босатуы тиіс.

Жолдаудың «Біздің елімізде «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесі берік орнығуы керек» деген жолдарын мен осылай түсінем. Жолдаудың «Ұлттың жаңа болмысы» туралы 11-ші бөлігі бір төбе, оған дейінгі он бөлігі бір төбе. Әрине, олар өзара байланысты. Алдыңғы он бөліктегі міндеттер ұлт болмысының жаңару мұратына қызмет етуі тиіс. Ұлт болмысы түлегенде ғана сол он бөліктегі мақсат-міндеттер жүзеге аспақ.

Қалың бұқараның болашаққа үміті бүгінгі күнкөрісі мен тұрмысымен, жұмысымен, әлеуметтік әділеттілікпен тығыз байланысты. Бізде осы жағы қатты ақсап тұр.

Көптеген талантты жас шетел асуда. Бұл әрине, ұлт сапасына әсер етеді. Бүгінгі жастарды болашақтағы «жұмақ қоғамның» елесімен алдай алмайсың. Неліктен біз өзімізді өзіміз ертеңгі күнмен алдаймыз. Шын өмірді, жақсы өмірді бүгін сүруге не кедергі, кім кедергі?

Қалай десек те, ҰЛТ ӨЗІНІҢ ЖАҢА БОЛМЫСЫН ӨЗІ тауып келе жатыр. Ол жоғарыдан келетін директивамен жүзеге аспайды. Бірақ, мемлекеттік құрылымдардың осыған жағдай жасауы, қалың бұқараны, әсіресе өскелең ұрпақты жетелей білгені аса маңызды.

Болат СЫЗДЫҚ,

заң ғылымдарының кандидаты.

«Bolashaq» академиясының профессоры.

Басқа материалдар

Back to top button