Жемқорлықты құрту – басты міндет
Қарағанды облысына Cыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет төрағасының орынбасары Нұрлан ШАБДАР жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында Қарағанды, Саран, Жезқазған қалаларындағы және Ұлытау ауданындағы бірнеше нысанға барды.
Нұрлан Шабдар Қарағанды мен Саран қаласының фронт-кеңселерінде, автобус шығаратын зауытқа барды. Жергілікті атқарушы органдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру жөніндегі жұмысына баға берді.
Облыста сервистік әкімдіктердің ашылғанына біраз уақыт болды. Бүгінде олар халықпен жұмыс істеудің ажырамас құралы болып табылады. Мұнда тұрғындар кез келген мәселе бойынша кеңес ала алады және мемлекеттік қызметшілердің тиісті түрде орындалмаған жұмысына шағым қалдыруына мүмкіндік жасалған.
Нұрлан Шабдардың айтуынша, диалог алаңдарының ашықтығы мен халыққа жақындығы тұрғындардың мемлекеттік қызметшілерге деген сенімін арттырады. Фронт-кеңселердің басты мақсаты – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету болып табылады. Жұмыс барысында Қарағанды облысының ашық диалог алаңдары өздерін жағымды жағынан көрсетті.
Бұдан кейін Нұрлан Шабдар тәулік бойы бүкіл облысты қамтитын Қарағанды Бірыңғай үйлестіру орталығында болып қайтты. Senim109 қызмет нөмірі жедел желілер тізіміне енгізілген. Нұрлан Шабдар пандемия кезінде осындай орталық жұмысының маңыздылығын атап өтті.
Нұрлан Шабдардың іссапар барысында ат басын тіреген келесі нысаны YUTONG автобус шығаратын зауыты болды. Бұған дейін мұнда Бизнес пен инвестицияларды қорғау бойынша келісім жасалған болатын. Еліміздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы орынбасарының пікірінше, кәсіпорын үшін бақылаушы және мемлекеттік органдар тарапынан әкімшілік кедергілер жоқ.
Нұрлан Шабдарды сапары Жезқазған мен Ұлытауда жалғасты. Жезқазғанда жаңа «Өркен» мектебін, әкімдік ғимаратындағы Open Space және жастардың бос уақытын өткізу орталығын аралады. Сондай-ақ, Жошы хан кесенесінің қайта жөнделу барысымен және «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінің құрылысымен танысты.
Қала әкімі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия отырысында Нұрлан Шабдар маңызды заңнамалық жаңалықтар туралы хабардар етті.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүргізуде кейбір қылмыстық-құқықтық шаралармен тиісті нәтижелерге қол жеткізу мүмкін емес. Сыбайлас жемқорлық қылмыстардың алдын алу және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру жөніндегі жұмысты жақсарту қажет, – деп атап өтті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының орынбасары.
«Жарқын ақыл» білім және даму орталығында Жезқазған қаласының жас депутаттарымен пікір алмасу өтті. Әңгіме оқу орындарында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жайында өрбіді.
Сонымен қатар, ZOOM платформасында Нұрлан Шабдар жезқазғандықтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство басшысының орынбасары барған келесі орын «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорықмұражайының сапар-орталығы болды. Бұл – осы аймақтағы туризмді дамыту бойынша үлкен жобаның бірінші кезеңі. Мұнда саяхатшылар Ұлытаудың табиғи және тарихи ескерткіштері туралы ақпарат алып, туроператорлардың қызметтерін пайдалана алады.
Сонымен қатар, Нұрлан Шабдарға Open akimat және Ұлытау ауданының Халыққа қызмет көрсету орталығы таныстырылды. Мұнда тиімді жұмыс бір терезе және электрондық кезек қағидатына негізделген. Тұрғындар қандай да бір мемлекеттік қызметке құжаттарын тапсырып, жедел көмек ала алады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.