Бәрекелді!

Ғалымды дәріптеген білім ордасы

Нұра көпсалалы колледжіне Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері және кәсіптік-техникалық білім беру ісінің Құрметті қызметкері, Халықаралық ақпараттандыру, Қазақстанның Педагогикалық ғылымдар, Ресей кәсіптік білім беру Академияларының академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Болат ӘБДІКӘРІМҰЛЫНЫҢ есімі берілді.

Сурет ұйымдастырушылардан

Ардақты азаматтың игі істері мен ерен еңбегін жастарға үлгі ету мақсатында аталған білім ордасына ғалым Болат Әбдікәрімұлының есімі берілуі – тарихта қалатын маңызды оқиға. Себебі, Нұра өңірінде туып-өскен, оқып, білім алған, бар ғұмырын Қазақстанның білім мен ғылым саласына арнаған Болат Әбдікәрімұлының есімін жерлестері де үлкен мақтанышпен атайды.
Ұйымдастырылған салтанатты шараға Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов, ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау Комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев, ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Жоғарғы мектебі Ғылыми Академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Еңбек сіңірген қызметкері, «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі орталығы төрағасының орынбасары Өмірзақ Озғанбаев және ғалымның отбасы, туған-туыстары мен достары қатысты.

Салтанатты шараны құттықтау сөзімен ашқан Абзал Нүкенов осы білім ордасының қабырғасынан талай мықты, еліне адал қызмет ететін тұлғалар шығатынына мол сенімін білдірді.
Аудан әкімі Аян Шалмағанбетов еліне шынайы қызмет еткен тұлғалардың есімі ешқашан өшпейтінін, білім ордасына көрнекті ғалым, еліне еңбегі сіңген қоғам қайраткері Болат Әбдікәрімұлының есімінің берілуі – соның дәлелі екенін айтып, барша қауымды осы бір қуанышты сәтпен құттықтады.
Жан-жақтан келген мәртебелі меймандар алдымен колледжді аралап, одан кейін колледждің акт залына жиналды. Онда жиналған көпшілік ағамыздың өмірінен сыр шертетін бейнебаянды тамашалады.
Сөз сөйлеген қонақтардың барлығы ел ағасы Болат Әбдікәрімұлы жайлы тағылымы мол естеліктер айтты.
Шара барысында Оралбай Әбдікәрімұлы колледжге интерактивті тақта сыйға тартты.
Болат Әбдікәрімұлының есімі тарихта алтын әріппен жазылды. Қарағанды облыстық кәсіптік-техникалық білім беру басқармасының басшысы қызметінде жүріп, осы саланың дамуына айтарлықтай үлес қосты. ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары, 1994 жылы ҚР Жоғарғы Кеңесінің ХІІІ шақырылымының депутаты, 1995 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы Кәсіптік-техникалық білім беру комитетінің Төрағасы, 1996 жылы ҚР Сенаты Парламенті Аппаратының сектор меңгерушісі қызметтерін атқарды.
Болат Әбдікәрімұлы өзінің ғылыми мектебін қалыптастыра білді. Бірқатар лауазымды қызметтерді атқара жүріп, кәсіптік-техникалық білім саласы бойынша маңызды құжаттарды әзірлеуге де қатысты. Ғалымның жетекшілігімен кәсіптік-техникалық білім берудің тұжырымдамасы, кәсіби стандарттар, типтік бағдарламалар және Қазақстанның кәсіптік мектептерін реформалауды жүзеге асырудың кешенді жоспары жасалды.
Өз тілшімізден. 

Басқа материалдар

Back to top button