Бас тақырып

КӨЛІКТІҢ ЖЫРЫ, ЖАРЫҚТЫҢ МҰҢЫ Көпшілікті алаңдатқан қос мәселе

Қазіргі таңдағы ақтоғайлықтардың айықпас бас ауруына айналған қос проблемасы – автобус пен жарық. Екеуі де әбден айта-айта жауыр болған тақырып. Әйтсе де, ақтоғайлықтар әлі де аяқ артар қоғамдық көліктен, тұрақты берілетін жарықтан үмітті. Біз осы тақырыптарды қайыра қаузап, жазылған жайды жаңғыртып отырмыз.

ХАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІККЕ МҰҚТАЖ

Әлқисса… Қоңыр күзден бері, аптаның соңғы күндері – жұма, сенбі, жексенбілерде Қарағанды-Ақтоғай бағытында автобус жүре бастады. Жүре бастаған бетте, автобустың жол пұлы да көтерілді. Жә, мәселе жолақының көтерілгенінде де емес. Түсінеміз. Жанар-жағармай бағасы өсті. Жолаушы аз. Шығынын жабу керек. Ел оған да шүкіршілік етіп, жоқтан бары жақсы дескен. Тек, бір кінәраты, әлгі автобусы түскір адам аз болса жүрмей қалатын болып шықты. Оған да «жә» дейсің. «Қазаншының еркі бар…», автобус қожасы – жеке кәсіпкер. Екі-үш адамға бола, шаш-етектен шығынға батып, 250 шақырымға бостан-бос, кімнің алашапқын болғысы келсін?!

Бұл мәселені шешудің бір нұсқасы біздің ойымызда жүргелі қашан?! Осы Қарағанды-Ақтоғай бағытында жүретін қоғамдық көлікке арнайы қаржы бөліп, тендер жарияланса, жеке кәсіпкерлер алақанын ысқылап Ақтоғайдан да шығады. Жол пұлын 2000 теңге деп есептеп, 10 адамға қосымша субсидия төленсе, жетіп жатыр. Бұл – қазіргі нарықпен алғанда аса көп қаражат та емес. Бюджеттен жолаушылар тасымалына қосымша қаржы қаралса, көлік қожалары да тұрақты жүріп-тұрар еді. Бұрын да айттық. Тағы да қайталаймыз. Анығында, қалтасы қалың қауым қоғамдық көлікке зәру емес. Жағдайы болған соң оларға жүрісі ширақ, орындығы жайлы таксимен жүрген қолайлы. Ал, қоғамдық көліктің қызметіне – табысы мардымсыз, әлеуметтік жағдайы төмен топ тәуелді. Бұдан шығатын қорытынды – жолаушы тасымалының да қоғамдық-әлеуметтік маңызы зор.

ЕРІ АУҒАН ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫ

Ақтоғай ауылының ері ауған электр жарығының жыры – құдды Алдар көсенің «Әләуләйлім таусылса Хәләуләйлім тағы барының» кері. Ауыл тұрғындарының Whatsapp желісінде «Бәлен көшеде жарық жоқ, қашан жанады?» деп шулаған елдің қарасы қалың. Обалы нешік, ауыл әкімі «жөндеп жатыр, қазір болады» деп тұрғындарды сабырға шақырып, әр жазбаға жауап беріп жатады. Чаттағы мұндай диалогтарға ауыл тұрғындарының әбден бойы үйреніп, еті өліп кеткен. Өткен жылы қолыңыздағы басылым бетінде жарық жайлы мәселе көтеріп, етектей мақала да жаздық. Одан өзгерген түк жоқ. Сол баяғы ахуал. Сөзіміз дәлелді болуы үшін жұрттың желідегі жазбасын назарларыңызға ұсындық: «Найманбаев көшесінің тоғы ағытылатыны жөнінде неге ескертпейсіздер, осы чатқа жазып!?», «Хал болып өзіміз проблеманы көтермесек, сіздерден үміт-қайыр жоқ сияқты. «Фейсбукке» облыс әкімі парақшасына жазып, көмек сұрамасақ?», «Тоқ мәселесі не болды? Тоңазытқыш, кіржуғыш қосылмағалы қашан…», «Бәйсейітова мектебінде жарық сөніп қалды, олимпиада болып жатыр еді». «Тоқырауын көшесінде жарық қашан болады? Пештегі насосты тоқ көтермей тұр. Пешті қайнатып алып жатырмыз. Жақпасақ, суып кетеді, кішкентай балалар бар еді» деген ауыл тұрғындарының жанайқайы да жаныңа батады. Қазір ақтоғайлықтардың басым бөлігі заманға сай электр энергиясына тәуелді «тәуліктік» пеш орнатқан. Жылу желісінің бойындағы суды арнайы насос айналдырып тұрады. Жарық өшкен жағдайда насостың да жұмысы тоқтайды. Ол жағдайда жүйенің қысымы артып, пеш атылып, тұрғындарға залалын келтіруі мүмкін. Ел сол жағдайдан қауіптенеді. Біз оқырман назарына чаттағы жазбаның мыңнан бір бөлігін ғана көрсеттік. Бұл жазбаларға аудан әкімінің коммуналдық сала бойынша орынбасары Қ.Қошантаев та жауап берді.

– Құрметті ауыл тұрғындары, тұрғындарды үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету – аудан бойынша ең үлкен проблемалық мәселенің бірі болып тұр. Бұл мәселе облыс әкімі 2019 жылы ауданға келгенде шешімін таппай тұрған сұрақ есебінде көтерілген болатын. ЖРЭК мекемесі электр желілерін қабылдауды әртүрлі сылтаулармен созып келеді. Сол себепті сотқа берілді. Аудан тарапынан қолдан келген жөндеу жұмыстары жүргізіліп отыр. Бұрынғы «сельхозтехника» аумағына жаңадан салынған үйлерге орнатылған КТП, 2014 жылы әкімшілік жанындағы КТП жанып кетіп, соның орнына салынған КТП 2018 жылы істен шығып, аудан әкімшілігінің артында тұр, – деді Қ.Қошантаев.

Ақтоғай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы А.Қапашев та үнсіз қалмады.

– Бүгінгі күні Ж.Ақбай көшесіндегі 8 КТП-ның 250/10/0.4 трансформаторын ауыстыру үшін шұғыл шығындарға арналған резервтен қаржы қаралуда, жаңа трансформатор орнатылады. Нысаналы қаржы есебінен тоқ жүйесін күрделі жөндеуге қаржы қаралмайды. Және ауыл әкімдігінде, салалық бөлімінде ондай бағдарлама жоқ. Бұл мәселенің шешімі: «ЖезРЭК» АҚ «Электр энергетикасы туралы» Заңның талабына және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 51-қадамына сай, желілер мен КТП, подстанцияларды өткізу қажет. Осы мәселе 2018 жылдан бастап көтеріліп, шешімін таппай отыр. Сол себепті, ЖРЭК мекемесі өткен жылдың аяғында ауданның электр энергиясы нысандарын заңға сәйкес қабылдамағаны үшін ауданаралық сотқа берілді, соттың қарауын күтіп отырмыз. Дәл осы проблема бүгінгі күні барлық аудандарда күрделі мәселе ретінде көтеріліп, облыстық басқарма, әкімдіктің қадағалауына алынған, – деді.

Бөлім басшысының сөзінің де жаны бар. Елдің реніші де орынды. Жарықтың жыры – бір емес, бірнеше жылдан бері шешімін таппай келе жатқаны шындық. Ақтоғайлықтар «ондаған жылға ұласып, шешімін таппай келе жатқан қоғамдық көлік пен электр жарығына қатысты мәселеге облыс әкімі тікелей өзі араласпай, бұл түйткілдің түйіні, жуық арада тарқатылуы екіталай» деп есептейді. Оның себебің бұрнағы мақалада айтқанбыз. Ақтоғай тұрғындарының ендігі үміті – тек аймақ басшысында. Бәлкім бұл іске Энергетика министрінің де араласуы керек болар. Түптеп келгенде кез келген тұйықтан шығатын жол, кез келген тығырықтан шығатын амал табылады. Ол жол, ол амал – кезінде «ЖезказганЭлектрСбыт» ЖШС-нің меншігіне өтіп кеткен Ақтоғай электр торабын өзіне қайтару. Сонда «құда да тыныш, құдағи да тыныш».

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ.

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button