Бас тақырып

Ауыл бюджеті: үміт пен күдік

Ауылдың жеке өз бюджеті болады дегенде, жергілікті тұрғындар қатты қуанды. «Облыс пен ауданға жалтақтамай, өз қаражатымызбен мәселемізді өзіміз шешеміз» деп. Дербес ауыл бюджетінің еңгізілгеніне 4 жыл болды. Бұл қаражат ауыл-аймақты көркейтуге жеткілікті ме? Бүгінде ауыл көші түзелді ме?

Осыған дейін өңірлерге бағытталған бюджет республикалық, облыстық, аудандық болып үшке бөлінетін. 2018 жылы адам саны 2000-нан асатын ауылдарға жеке өзінің 4-ші деңгейлі бюджеті енгізілді. Төрт жылдан бері ауылдық округтер облыс, ауданнан бөлінген қаржыдан бөлек жергілікті өз қаржыларын жинап, жұмсап келеді. Бұл қаржылардың барлығы дерлік түрлі салық көздері мен айыппұлдардан түскен. Қаражаттың жұмсалуын ауылдық округ әкімі жергілікті қоғамдастықтың келісімімен түрлі бағыттарға бөліп келеді. Яғни, қалай, қайда жұмсау қажеттігін ауылдағы ағайын әкіммен ақылдаса отырып шешеді. Осыған дейін ауыл бюджетіне қаражат коммуналдық меншіктің мүлкін жалға беруден, жеке тұлғалардың көліктеріне салынатын және мүлік салығынан түсіп отырған болатын. Биылдан бастап, тағы екі салық түрі – жер учаскелерін пайдалану үшін төлем яғни, шаруа қожалықтарынан түсетін салық пен жер учаскелерін сатудан түскен түсімдердің салығы да ауылдың бюджетін еселейді.

Өзін-өзі басқаруға негізделген жаңа бағыт – 4-ші деңгейлі бюджет тек салықтан құралған түсім. Оны бейберекет жұмсау мүмкін емес, қадағалау қатаң. Дейтұрғанмен, биылғы жылға дейін үш салық түрінен түсіп келген түсімдер мардымсыз деп айтуға әбден болады. Мәселен, көлік салығынан түсетін түсім оның двигателінің көлеміне байланысты. Ал, ондай 300-400 мың салық төлейтін автокөліктер ауылдағы ағайынның кез келгенінің құрығына іліне бермесі анық.

2000 мың тұрғыны бар Бүркітті ауылдық округінің салықтан түсетін жеке қаражаты 4 млн. теңгені құрайды.

– Төртінші деңгейлі бюджет барынша халыққа жақындатылған. Тұрғындардың сенімін арттырудың бір қадамы іспеттес. Бұл қаражатты қоғамдық кеңеспен ақылдаса отырып, ауыл тірлігіне жаратамыз. Бірнеше жыл қатарынан ауыл ішіне тазалық жұмыстарын жүргіздік. Биылғы жылы абаттандыруға көңіл бөлсек пе деп отырмыз. Ауылдық бюджетті көбейтудің бір жолы шағын және орта бизнес субъектілерінің көптеп ашылуы. Шағын ауылдың қажетіне жарап, кезек күттірмейтін кішігірім шаруаны шешуге пайдасы бар. Ал, ауыл ішін жарықтандыру, жол мәселесі секілді ауқымды жұмыстарды жүзеге асыру аудан бюджетіне қала берді ауылды дамытуға арналған түрлі бағдарламалардың қолдауына сүйенеді – дейді, ауылдық округ әкімі Бауыржан Қапашев.

Қымбатшылық жайлаған қоғамда 4 млн. теңге жыртыққа жамау болмаса да ауылдағы мәселенің бір бөлігін шешіп тұр. Қысқа жіпті күрмеуге келтіріп отырған қоғамдастық төрағасы Аманбек Балықбаев:

– Бірқатар ішкі ұсақ-түйек шаруаларымызды шешуге жарап жатыр. Қоғамдастықта 17 адам бар. Түскен қаражатты ақылдаса отырып жұмсаймыз. Ауылдың тазалығын қалпына келтіріп алдық. Әр атқарылған жұмыстың барысы мен сапасын қадағалау және ысырапсыз жұмсалмауына баса назар аударамыз, – дейді.

Жергілікті бюджетті мақұлдамас бұрын мәжіліс депутаттары «Ауыл әкімдеріне бюджетті берсек жемқорлықтың көкесін көреміз» деген күмәнді ойларын да ортаға салған болатын. Аталмыш жобаны әзірлеу барысында Ұлттық экономика министрлігі шетелдік тәжірибені мысалға алды. «Әсіресе, Польшаның әкімшілік-аумақтық бөлінісі Қазақстандағы жағдайға ұқсас. Мысалы, Польшада гминнің бюджеті өзінің жеке кірістерінің, сондай-ақ жоғары тұрған бюджеттен келетін субвенциялар мен мақсатты дотациялар есебінен құралады. Мұның барлығы да жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті болып есептеледі. Бюджет өкілді органмен, яғни гмин кеңесімен бекітіледі және атқарушы орган (вуйт) іске асырады. Атап өту керек, ауылдық гминнің халық саны (орта шамамен 7 мың адам) Қазақстанның ауылдық округтеріне (халық саны орта шамамен 2 мың адам) қарағанда 3 есе артық», – дейді. Айтып тұрғандай, еліміздегі ауылдарда халық саны аз. Сәйкесінше, дербес бюджетке түсетін түсім де аз. Халқы көп, белсенділігі жоғары ауылдардың бюджеті де қомақты. Жалпы, ауылдардың экономикалық-әлеуметтік белсенділігін зерделеп, зерттелмей жаңашылдыққа жапатармағай бас қойып, мардымсыз қаражатты қанағат тұтып отырған жағдайымыз бар.

– Бұған дейін алты салық түрінен түскен қаржы қайда жұмсалғанын қарасақ, жағдай түсінікті болады. Яғни, бюджет қаржысы әкімдік аппаратын күтіп ұстауға және өзге де жекелей жұмыстарға жұмсалған. Ауылда спорт, мәдениет салаларын дамыту туралы сөз жоқ. Жаңа заң мінсіз деп айта алмаймын. Салықтың төрт түрінен түсетін қаржыны ауылға бергенімен, мәселе түбегейлі шешілмейді, – депті бір сұхбатында Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Мағбат Спанов.

Сарапшылардың айтуынша, ауыл қазынасына салықтың төрт түрінен түсетін қаржы қосылғанымен, сома үлкен емес. Сондықтан, жаңашылдықтың ауылдағы жағдайды оңалтып жіберуі екіталай.

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button