“…Біз лагерьге барамыз”
Бала үшін қуаныш пен шаттыққа толы жаз келді. Осы кезде баласының жазғы демалысын қамдап, жаз маусымын есте қаларлықтай өткізуі үшін ата-аналар барын салады. Биыл арқаны кеңге салуға болатындай. Себебі, 2 жыл бойы пандемияға тап келген жазғы демалыстың қызығын көруге мүмкіншілік болмады. Шектеулерден баланың бәрі лагерьлерде демалудан шет қалды. Ал, биыл індеттің беті қайтты. Оқушыларға облыстағы жазғы лагерьлер есігін айқара ашады. Қазір мектеп жанындағы лагерьлер өз жұмысын бастап та кетті.
Суретті түсірген автор
Жазғы демалыс – басқа каникулмен салыстырғанда оқушының ең көп демалатын мерзімі. Сыныптан сыныпқа көшу кезіндегі тынығу секілді және жазғы демалыс – бала үшін есеюдің белгісіндей. Осы кезде оқушының уақыты да көп. Баланың уақытын тиімді ұйымдастыру үшін жазғы сауықтыру лагерьлері жұмыс істейді. Онда олар жаңа достар табады, демалады, серуендейді, мәдениет ошақтарын аралап, рухани байиды. Лагерьлер баланың күш жинап, денсаулығын нығайтуға, шығармашылық жұмыс жасау қабілетін арттыруға көп көмектеседі.
Биыл өңірдегі 188971 оқушы жазғы лагерьге барады. 389 мектеп жанындағы тамақтандырумен қамтылған лагерь ашылса, 319 тамақтандырусыз бейіндік алаң базасындағы лагерьлер жұмыс істейді. Одан бөлек, қала сыртындағы 10 лагерьде 10 мыңнан астам оқушы жазғы демалысын өткізеді деп жоспарланған. Бұл – облыстық білім басқармасының мәліметі. Сонымен қоса, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен 350 млн. теңге қаражат бөлінген екен.
– Егер ата-аналар балаларын лагерьге бергісі келсе, онда мектептің өзіне немесе жергілікті білім бөліміне жүгінуі қажет. Республикалық лагерьлерде демалуға облыс бойынша 550 оқушы тіркелді. Сондай-ақ, оқушыларға республикалық лагерьге жолдама алып беру жөнінде кәсіпкерлерге үндеу тастадық. Сол үндеуімізге кәсіпкерлер оң қабақ танытты. Оның ішінде, әлеуметтік осал топтан шыққан, көпбалалы отбасынан шыққан балалар қамтылады. Бүгінде 30 оқушы Щучинск қаласында орналасқан «Эделвейс» лагерінде демалуға жолдама алды, – дейді облыстық білім басқармасының тәрбие жөніндегі бөлім басшысы Аруна Мұқашева.
Мектеп жанындағы лагерьлер өз жұмысын бастап кетті. 1 маусымнан бастап мектеп оқушылары қамтылған лагерьлер жұмыс істеуде. Мұнда жаз бойы оқушылар лек-легімен келеді.
– Біздің мектепте «Ғажайып әлем» жазғы сауықтыру лагерінде 200-ден астам оқушы қамтылады. Мектеп жанындағы лагерьдің алғашқы легі басталды. 1 маусымнан 14 маусымға дейін жалғасады. Лагерь 3 сезон жұмыс істейді. Барлық оқушылар тамақпен қамтылды. Әлеуметтік осал топтан шыққан оқушылар үшін тамақтану тегін, – дейді Б.Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектебінің директоры Амантай Соғыспайқызы.
Сонымен бірге, мектеп жанындағы лагерьлерден бөлек, оқушылар қосымша білім беру ұйымдарында да бос уақытын тиімді пайдаланып, түрлі үйірмелерге қатыса алады. Балалардың жазғы демалысын ұтымды өткізуге 52 қосымша білім беру ұйымдары жұмыс істейді.
Жазғы демалыс кезінде оқушылар да жұмыспен қамтылады. Атап айтқанда, «Жасыл ел» жастар еңбек жасағына оқушылар да қабылданып, жұмыс істейді. Бұл – кәмелетке толмағандардың қосымша ақша тауып, еңбек етуіне зор мүмкіндік. «Жасыл елде» жұмыс істейтін балаларға айына 65 мың тг төленеді екен. Еңбекке ерте араласатын балалар үшін «Жасыл ел» секілді басқа да еңбек жасағы қажет-ақ.
Жазғы демалыста балалардың қауіпсіздігіне баса көңіл бөлу қажет. Бұл – қашанда өзекті мәселе. Облыстық білім басқармасы 1 маусымнан бастап Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, «Қауіпсіз жаз» акциясын бастады. Мұнда облыстың оқушылары, ұстаздары қатысады. Сондай-ақ, әр аудан, қалаларда осы жұмыс жалғасын табады.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.