Жаңалықтар

«ҚАЗАН» ФОРУМЫ: театрға да менеджмент керек

Татарстанның астанасы Қазан қаласында VII Халықаралық «Наурыз» театр-білім беру фестиваль-форумы өтті. Онда қатысушыларға актерлік шеберлік сыныптары, театрдағы менеджмент және PR-технологиялар, театр сыны және басқа да мәселелер бойынша дәрістер мен семинарлар ұйымдастырылған. Форумға К.Станиславский атындағы облыстық орыс драма театры мен академиялық музыкалық комедия театры қатысып қайтты.  Ауқымды іс-шараның педагогтары Ресей мен ТМД елдерінің театр өнері һәм менеджментінің жетекші мамандары болып, оқыту үдерісі кәсіби бағдарламалар арқылы жүргізілген. Қорытындысында, қатысушыларға қатысқанын растайтын дипломдармен марапатталды.

Фестиваль-форумға орыс драма театры ұжымынан әдеби бөлімнің меңгерушісі Алена Васина, бас суретші Елена Ким және театр басшысы Дунай Еспаев барған.

– Мен театр менеджментін және маркетингті оқытуға арнайы жазылдым. Ол біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды түсіну үшін маңызды болды. Ескі тәсілмен жұмыс істей беруге болмайды. Бәрі де өзгереді, театр да солай. Сонымен қатар, қазақстандық театрлар белгілі бір мағынада заңмен шектелген. Мысалы, біздің кәсіпкерлік қызметпен айналысуға құқығымыз жоқ. Ресейде бұл мәселелер заңда ескеріледі. Мысалы, бір актер келісімшартпен 5-6 театрда жұмыс істей алады және еркін кестемен жүріп-тұрады. Сәйкесінше, жалақысы да жоғары болады. Біздің әріптестеріміз болса, театрдағы жұмысынан бөлек, тек киноға түседі немесе сабақ бере алады. Келісімшарттық жүйе әртіске орындаған жұмысы үшін жалақы алуға мүмкіндік береді. Егер, актер басқа театрда немесе өзге жобада жұмыс істегісі келсе, ол бір жерге байланбайды және репертуарында оның қойылымдары болмаса, басқа жерде жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Келісімшарттық жұмыс түрі әртістерді ынталандырады және үнемі сұранысқа ие болу үшін кез келген уақытта сақадай сай жүреді, – дейді К.Станиславский театрының директоры Дунай Амандықұлы.

Шындығында, қазір елімізде «креативті экономика» бағдарламасы қолға алынуда. Соған сәйкес, театрлардың да басқа жолдармен ақша табуға мүмкіндігі бар. Мысалы, кәсіпкерлермен одақ құруға болады. Алайда әзірге бұл заңға қайшы екен.

Яғни, заңнамаға өзгерістер енгізу маңызды және қажет көрінеді. Бұл туралы қарағандылық театрлар салалық министрліктерге бірнеше рет хат та жазған. Сонымен қатар, театрға блогерлерді тарту мәселесі де өзекті екен. Театрға қатысы жоқ болса да, олар жаңа аудиторияны тартуға көмектесе алады. Сол үшін олармен байланыс керек-ақ.
Бұдан бөлек, спектакльдерге талдау жасау мәселесі де көтерілген, форумда. Себебі, кейде көрермен қойылымның соңына дейін отырмай шығып кетеді. Сондықтан, жақсы промоушн-кампанияның болуы маңызды екен. Театр үшін SMM-менеджер немесе маркетолог сияқты мамандар де аудай қажет.

Фестиваль-форум бағдарламасында «Театрларға жаңа билет жүйесіне қалай өту керек?» тақырыбында атты дәріс өтіп, спикерлер арасында «МТС Энтертейнмент» ұйымының өкілдері және Г.Камал атындағы ТГАТ директоры Ильфир Якупов болған.

Жиында талқыланған әдеби сын мәселесінің де өзектілігі рас. Кез келген өнерді сын өсіреді. Кәсіби театр сыншылары аз, олардың барлығы Алматыда шоғырланған және Қарағанды үшін қол жетімсіз. Бұл да алдағы күннің еншісіндегі өзекті шаруа.
Осылайша, форумға қатысушы театрлар өздері жиыннан түйген дүниелерін жұмыс барысында қолдануға кірісіп те кеткен. Барлық жетістік ізденумен, тәжірибемен келетінін ескерсек, бұл форум-фестиваль көп тың дүниеге толы болғаны анық. Олар да өз білгендерін өзге елдің театр мамандары арасында ортаға салып, бөлісіп қайтты.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button